
Фестивальдің көркемдік жетекшісі, белгілі дирижер Абзал Мұхитдиннің айтуынша, мәдени іс-шараға әлемге танымал жас таланттар қатысады.
– Мәселен, жапониялық дирижер Вена консерваториясын тәмамдап, Музикферайн концерт залында филармониялық оркестрге дирижерлік етсе, Эстониядан келетін маэстро «Травиатаға» дирижер болды. Осыдан-ақ олардың кәсіби шеберлігі жоғары маман екенін білесіз. Біз фестиваль репертуарын увертюра стилі тұрғысында және танымал симфониялар мен концерттер қағидаты бойынша таңдадық. Ал аспаптық концерттерді біздің театрдың үздік музыканттары орындайды, – деді ол.
XVIII ғасырда Аустрия астанасында классикалық музыка шарықтау кезеңін бастан кешті. Әсіресе Вена мектебінен шыққан ұлы композиторлар – Гайднның бекзат әсемдігі, Моцарттың таңғаларлық әуені, Бетховеннің қуатты қолтаңбасы тыңдармандарын ерекше әсерге бөледі. Бүгінде Вена классицизмінің таңдаулы музыкалары ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Айта кетейік, бас қала төрінде салтанат құратын Вена классикасының фестивалі К.Байсейітова атындағы Камералық залда 13 қаңтарда басталады. Бұл кеште театрдың симфониялық оркестрі моңғолиялық дирижер Мунхбаяр Эрдэнэбаатардың жетекшілігімен өнер көрсетеді. Солист – «Астана Операның» бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов. 19 қаңтарда театр оркестрінің музыканттары эстониялық маэстро Ханно Мёлдеркивидің жетекшілігімен сахнаға шығады. Мұнда Дамиля Махпирова гобойда жеке орындайды. Сондай-ақ 25 қаңтарда «Астана Операның» Үлкен залында театрдың симфониялық оркестрі мен хоры дирижер Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен В.А.Моцарттың шұрайлы шығармалары – №40 симфония мен Реквиемді ұсынады. Жеке партияларды орындайтындар: сопрано – Жәмила Жарқымбаева, альт – Салтанат Мұратбекова, тенор – Рамзат Балакишиев, бас – Шыңғыс Расылхан. Бас хормейстер Ержан Дәуітов. 31 қаңтарда Израильден келген дирижер Арик Гольдштейн, солист – пианист Долорес Үмбетәлиева оркестр әртістерімен мазмұнды бағдарлама тарту етеді. Ал 7 ақпандағы фестивальдің қорытынды концертінде маэстро Коки Гонгуй Янг (Жапония-Қытай) қонақ болады. Ол сол күнгі кеште елордалық театрдың симфониялық оркестріне жетекшілік жасайды.