Руханият • 21 Ақпан, 2023

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті»

777 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаратушы жер бетіне жіберген әр пенденің көңіл түкпіріне адам болудың қасиеттерін шегелеп береді деседі. Ақын Абай айтпақшы, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» – осы үш қасиет жұмыр басты тіршілік иесінің өмір бойы ұмтылатын миссиясы болуға тиіс. Қаламсап – өмірді қалай бағыттасаң, ғұмырдың түтіні солай түзіледі емес пе. Жер бетінде адам болып туу жеткіліксіз.

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті»

Облыстық С.Торайғыров атындағы кітапханада Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, mazhab.kz порталының редакторы Амантай Тойшыбайұлының «Адам бол» кітабының тұ­сауы кесілді. Тәрбиелік-психо­логиялық кітап ғибратты әң­гімелер мен өмірдің өзінен алынған мағыналы мысалдардан тұрады. Қысқа да нұсқа әңгімелері түсіне білген жанға ой салатыны хақ. Мұнда әлем жауһарларының халқымыздың ұлттық менталитетіне бейімдеп аударылған нұсқалары, ұлы­лардың сөз маржандары теріліп жазылған. 

– Есейе келе су астындағы ұлу құсап тыныш қана өмір сүресің бе, әлде қыран бүркіттей қияда қалықтайсың ба, адам өмі­рінің алдында екі таңдау тұрады. Әрине, адам болып қа­лып­тасуда мейірімділік, махаббат, сүйіспеншілік, кешірім, сабырлылық, төзімділік, табан­дылық, саналылық, пара­сат­тылық қасиеттерін сіңіру әбден маңызды. Егер бұл қабілеттер пендеге жас­тайынан дарымаса, елім, жерім деген азамат қайдан шықпақ? Ата-бабаларымыз ат жалын тартуға жарап қалған ұландарды осыған тәрбиелеген. «Адам болу» деген не? Ол – өз бойындағы барлық мінез-құлқың мен іс-әрекетіңді же­ке жауапкершілігіне алу деген сөз. Сабырсыздық пен жал­қау­лығыңды, төзімсіздігіңді өзге­ден көруге болмайтынын құлақ­қа сіңіріп өссең ғанибет. Бұл кітабым, педагогтер мен пси­хо­логтерге, ұл-қыз асырап отыр­ған ата-аналарға, мектептің жоға­ры сынып оқушылары мен сту­денттеріне неғұрлым пайдалы болар деген үміттемін, – дейді автор.

Амантай Тойшыбайұлы Мон­ғолияның Баян-Өлгей аймағында туып-өсіп, тәуелсіздіктен кейін­гі ұлы көштің алдыңғы легін­де атамекеніне шалқыған қуа­нышпен жеткен азаматтың бірі. Ана тілімен қатар, ағылшын, неміс, қытай, орыс, монғол тілде­рін жетік меңгерген. Шетел тілін­дегі небір ғибратты дүние­лерді өзіміздің ұлттық салт-дәс­түрге орайластыра аударып, әлеуметтік желідегі парақ­ша­ларына қисынды мысалдар, қысқа әңгімелерді тұрақты жариялап тұратын жазушы-блогер ретінде де танымал. Осы уақытқа дейін тоғыз кітап шыға­рып, рухани-адамгершілік тәрбиеден бөлек, тарихи зерттеулерге де қалам оздырды. Бұл кітаптардың барлығы бірін-бірі толықтырып отыратыны бай­қа­лады. Ең алғашқы кітабы отан­шылдық, атажұрт, тіл тақы­ры­бын­да 1999 жылы жарық көрген қаламгер бүгінде жазған еңбек­терінің нәтижесінде филология ғылымдарының кандидаты атанды.

Шара барысында «Ақсақал­дар тағылымы» ұйымы­ның төр­а­ға­сы Ермек Жұматов пен ақын, республикаға танымал батагөй ақсақал Балтабай Сыздықов кітаптың тұсауын кесті.

 

ПАВЛОДАР