
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жетісу облысы құрылып, Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілгенде, жаңа өңірде барлық жұмысты басынан бастауға тура келді. Бүгінде облыста 3,5 мыңнан аса мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Басшылық лауазымдарға негізінен білікті де білімді жастар тағайындалды. Кәсіпкерлік басқармасын «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген түлек басқарса, облыстық туризм басқармасына Президенттің кадрлық резервінен келген азамат тағайындалған. Облыста барлығы 514 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 14 – ірі, 16 – орта кәсіпорын. Өнеркәсіп өндірісінде өсім 1,3 пайызға (281,3 млрд теңге), ауыл шаруашылығында – 2,4 пайызға (509,7 млрд теңге), саудада – 30,4 пайызға (362,5 млрд теңге), құрылыста 4,3 пайызға (136,4 млрд теңге) байқалды. 295,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – өткен жылғы деңгейден 8,8 пайызға жоғары және республика көлемінде 3-көрсеткіш.
Өңірдің басты байлығы – қант қызылшасы. Бүгінде облыста қос кәсіпорын тәтті түбірді қабылдауға қауқарлы. Былтыр күрделі жөндеуден өткен «Ақсу» зауыты қамыстан қант өндірмек ниетте. Сондай-ақ швейцариялық «Louis Dreyfus Company Suisse SA» компаниясымен 3 мың тонна көлемінде қант құрағы шикізатын жеткізуге шарт жасасып қойды. Ал былтыр «Көксу» қант зауыты 70 мың тонна қант өндірді. 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға, жалпы түсімін 525 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Ел Президентінің тапсырмасынан кейін өңірде 1 млн гектардан астам жердің қараусыз, бос жатқаны анықталған. Құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы биліктің қатысуымен 100 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде өзінің бағдарын сызып үлгерген аграрлық өңір өндіріске бет бұрды. Инвестицияның басым бөлігі қайта өңдеу саласына бағытталып келеді. Туризм саласының да әлеуеті зор. 2025 жылға дейін тартылатын инвестициялар көлемі 79,1 млрд теңгеге, ал туристер легі 2,4 млн адамға жетеді деп күтілуде.
Тарихи атауымен елді елең еткізген Жетісу облысының өз алдына енші алып шығуын жұрт әрқалай қабылдағаны рас. Алғашында Алматыға қарай ағылған халық, көп ұзамай Жетісуға қайта оралды. Тұрғындардың дені Алматы облысы бөлінгеннен кейін жаңа өңірдің болашағына күмәнмен қарағандай болды. Қазір, бұл күдік сейілді. Бірте-бірте бой үйретіп келеді, бәрі де баяғы тіршілігімен айналысуда. Мұндағы 8 аудан мен 2 қаланың тұрғындары өздерін «жетісулықпын» деп еркін айта алады.
«Жетісу – қай жағынан келсең де әкімшілік бөлініске бағынбас географиялық-рухани кеңістік. Батыста – Қордайдан асып, Шуға барып тіреледі, ылдиы Балқаштан қайтады. Шығысы – Жоңғар қақпасы, өргі басын іздесең Қарадала, Қарасаз, Қарқараны көктей өтіп Текестен асасың, Бердібек жазатын «қызылшекарадан» қайтасың. Жетісудың бір пұшпағы бертіндегі әкімшілік бөліністе Жамбыл облысының аумағында қалды. Жер солай қарай кеткен соң ел де кетеді екен. Жетісулық әнші, күйші, қаламгерлерді түгендегенде Кенен атамыздан үнемі кешірім сұраймыз. Ауылы қоңсылас, өздері бел құрдас Есдәулет Кәндекұлы екеуі кезінде «Қордайдың қос ақыны» деген атпен танылған еді. Бүгінде Есдәулетті бері тартамыз да Кененді ары ысырамыз», дейді жазушы Есболат Айдабосын.
Айтпақшы, осы тарихи өзгеріс толқынында облыстық «Жетісу» газеті өз атауына байланысты Жетісу жұртшылығының бас басылымы ретінде қала беретін болды. Бұл ретте «Огни Алатау» газетінің редакциясын Жетісу өңірінде қайта құру қажеттігі туындады. Осылайша, облыстық «Вестник Жетісу» газеті құрылды. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды қамтитын басылым аптасына 3 рет жарық көреді. Бүгінде мұнда жүздеген БАҚ өкілі қызмет атқарып келеді. Олардың қатарында 10 аудандық басылым, 5 республикалық телеарна өкілдігі, облыстық радио мен телеарна бар. Әрқайсысы өңірдің ақпараттық алаңына өзіндік үлесін қосып келеді.
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдап, өңірдің өркендеуіне қатысты есебін тыңдады. Қабылдауда облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту шараларына баса назар аударылды. Атап айтқанда, игерілмей жатқан жерлерді қайтарып, ауыл шаруашылығы айналымына қосу, ирригация жүйелерін қалпына келтіру және инновациялық агротехнологияларды қолдану арқылы егін өнімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысына тұрғын үй құрылысы, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, жол инфрақұрылымының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жай-күйі, оның ішінде өңірдің газбен қамтамасыз етілуі жөнінде мәлімет берді. Бүгінде Жетісу облысындағы 22 елді мекенге газ құбыры тартылып, 288 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 20 елді мекен газға қосылады. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін облыста 23 мектеп салу жоспарланып отыр. Соның ішінде 10 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілмек. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 59 медицина нысанын салу, сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 57 блокты-модульді бөлімше пайдалануға берілмек. Ал «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының даму барысына ерекше көңіл бөлінеді, оның аумағында индустриялық парктің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Жетісу облысы