
– Өркен мырза, сұхбатымызды балалық шағыңыздан, өсіп-өнген өлкеңізден бастасақ.
– Еліміздің батыс өңірінде – Орал қаласында 1993 жылы дүниеге келдім. Ол кезде ата-анам әлі студент, шамамен екеуі де 19-да еді. Жас отбасы болғандықтан, әрі тұңғыш немере деп қазақы жөн-жоралғымен мені ата-әжемнің тәрбиесіне берген. Осылайша, балалық шағым Тасқала ауданындағы Крушный канал ауылында өтті. 90-жылдардың соңына қарай бұл мекеннен ел қоныс аударып, бірте-бірте ауыл деген атынан айырылған. Сөйтіп, жарқыраған елді мекеннен жалғыз үй қалғанбыз.
Атам – Базарбай Геметдинов өз заманының үздік шопаны. Атам қазақы танымдағы жақсы қасиеттерді бойыма сіңірді. Үш жасымнан атқа отырғызды. Жыл маусымының ауысуымен көштің жоралғыларын, суды қайдан тауып ішетінін, жеті атасын білуді, халық батырларының ерлік хикаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін ұғындырды.
Сабақты жақсы оқыдым. Дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатын «Алтын белгіге» тәмамдадым. «Жыл оқушысы», «Үздік географ» атанып, республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» байқауының жүлдегері болдым. Арман қуып Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың экономика факультетіне түстім, оны да үздік аяқтап, мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Ізінше үйлендім. Алғашқы екі жыл ауылда тұрдым, кейін өзім қызмет ететін жеке компанияның Атырау облысындағы филиалына директор болып тағайындалдым. Қайда жүрсем де, қаймағы бұзылмаған қазақы ортаны, бейғам ауылдың тыныс-тіршілігін сағынатынмын. Көкейді тескен сол ой мақсатқа қанат бітірді. Содан атакәсіпті жалғастырамын деп қырға көшіп келдім.
– Қазір жастардың дені мегаполистерге қоныс аударып, жақсы қызметтің басын ұстауды көздейді. Оған жетемін дегенше, ат тізгіндеп, мал баққаннан гөрі темір тұлпарды қыздырып, кілтін айналдырып, түнімен жолаушы баққанды жөн көреді. Сіздің арман-мақсатыңыз ерек екен.
– 10 жасымда ата-әжемнің денсаулығы сыр беріп, олар қалаға, ал қырға ата-анам көшіп келді. Азын-аулақ қой, сиыр, көк атты баптады. Әкем де, анам да жоғары білімді педагог, биолог-географтар. Білесіз ғой, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің күнкөрісі мәз болмады. Содан екеуі бір шешімге келіп, ауыл шаруашылығына бет бұрды. Ескі үйдің жанына жаңа үй тұрғызып, мал басын көбейтті. Кәсіптің оңайы жоқ. Біраз қиындық көрді. Майшаммен күнелтіп, бір-екі айда көк атпен ауданға барып, ас-ауқатын қамдап, керек-жарағын түгендеп отырды. Тұрмыс тауқыметі қажытса да, екеуінің бойындағы күш-жігері, төзімділігі қиындыққа қарсы тұрды. Осылайша, 25 жыл ғұмырын арнап, малды көбейтіп, үлкен бір қожалыққа айналдырды. Сол аралықта мен де қолғабыс еттім.
Ауыл – сан ұрпақтың киелі мекені, алтын ұясы, ырыстың бастауы. Ежелден ұлтымыздың ұйытқысы саналады. Демек, ауыл мен қазақ ажырамас егіз ұғым. Осыны жанымен түсінген ата-әжем де, әкем мен анам да ауылдан алыстамады. Өкінішке қарай, қазір шопан таяғын ұстап қалар малшы да некен-саяқ. Қазіргі жастар мал бағып, қырда тұрғысы келмейді. Тіпті мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған түрлі бағдарлама қолға алынса да, жағдай оңалмай тұр. Жұмыссыз жастар жыл сайын көбейіп келеді. Жаһан сағат тілімен жарыса ілгерілеп жатқан уақытта бұл мәселе тереңдей түсетіні анық. Замандастарымды жазғырмаймын. Әркімнің өз таңдауы бар. Алайда әлеуметтік желідегі «жылтыраған» өмір сенің жарқын болашағыңа кепілдік бермейтінін түсінсе деймін. Бойда жастықтың жалыны барда, буырқанған қызу күшпен екі қолға ептеп ермек керек. Кәсіп бастап, іс қылса, оның пайдасы көл-көсір. Атам мұра еткен шаруашылықты жалғауыма осы ойым себеп болды.
Қазір ауылдан 70 шақырым қашықтықтағы Жаңаауыл қыстақ-жайлауында әйеліммен мал баптап отырмыз. Әлі электр желісі тартылмаған. Жарықты күн батареясы арқылы қолданамыз. Күн шақырайып тұрмаса, оның қуаты күнделікті тұрмыстық техниканы, тіпті теледидарды көтермейді. Бірақ мендегі мақсаттың қанаты әлі биікте.
– Қандай мал түрлерін баптап отырсыздар? Қолдау шараларының шапағатын көрдіңіздер ме?
– Мемлекеттен қандай да бір субсидия, техника алған емеспіз. Өйткені ата-әжемнің, кейін әкем мен анамның еңбегінен құралған кәсіпке келдім. Негізінен ірі қара мал ұстаймыз, қой да бар. Бір түсінгенім, жылқы малын бағу оңай емес. Біздегі климат басқа өңірлермен салыстарғанда жайлы болғанымен, жаздыгүні өрісте қаптайтын маса, сона тыныштық бермейді. Содан мал шекара асып кете ме деп алаңдап, соңынан ілесеміз де жүреміз. Кейде оған екі-үш күн кетеді. Сондықтан көп бөлігін сатуға тура келді. Қазір 2-3 үйір ғана алып қалдық. Оның өзінде GPS орнаттық. Өнім адал болу үшін де қамданыс керек. Мәселен, қой жүні өңделмес бұрын жік-жікке бөлінуге тиіс. Ал ол үшін өрістегі қойлар өз тұқымдарына қарай бөлек-бөлек жайылуы керек. Яғни асыл тұқымды мал өзге тұқымдастармен араласып, сіңісіп кетпеуі қажет. Әйтпесе, жүннің сапасы да өзгеріске ұшырайды. Бүгінде қойды қалай өсірмек түгіл, оны бағатын адамның өзін таппай отырмыз. Бір ғана көмекшіміз бар, ол кісі де кейде кетіп қалады. Бар жағдайын жасасақ та, ақшасына қолқабыс етер азаматтарды табу қиын. Басы-қасында өзің отырмасаң, олар да дұрыс қарамайды.
– Әлеуметтік желіден әйеліңіздің бейнежазбаларын көрдім. Әсіресе Tik Tok-та нағыз ауылдың тыныс-тіршілігін бүкпесіз баяндап, көрсетіп жүр. Жарияланған әр жазба өте көп қаралым жинапты. Республиканың түкпір-түкпірінен оқырманы бар екен.
– Иә, әлеуметтік желіде оны көпшілік «малшы қыз», «ауылдағы журналист» деп таниды. Туған жері – Қостанай облысының Торғай ауданы. Бірақ Батыс Қазақстан облысының ең шалғайдағы Жәнібек ауданы Қамысты деген ауылында өсіп-өнді. Ол да мектепті «Алтын белгіге» аяқтап, елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультетінде оқыған. Тележурналист болып, жаңалықтарды жүргізді. Біраз хабарларды тізгіндеді. Өзі пысық. Кез келген шаруаны үйіріп алып кетеді. Алғаш қырға барып тұрайық, атакәсіпті жалғастырайық дегенімде, бірден келісімін берді. Үйінде қазақы тәрбие көріп өскен қыз ғой. Отбасылық өмірдің қызығы да, шыжығы да болады. Бірақ осы уақытқа дейін бірауыз сөзіме қарсы келген емес. Мен де оның пікірін ескеріп, ортақ шешім шығарамын. Басында оған қиын болғанын білемін. Әжем мен анамның бойында бар қайсарлық, төзімділік одан да табылды. Қарапайым малдан қорқатын. Кейін еті үйренді. Қазір менімен ілесе малды суатқа айдап апарып суарады, суарып болған соң, қайта айдап әкеледі. Сиыр саууға да әбден машықтанды. Сүт тартып, қаймақ-май, ірімшік, құрт, айран, көже дейсіз бе, бәрін бір өзі жасайды. Атқа мініп, мотоцикл, трактор айдауды игеріп алды. Мал ауырып қалса, интернеттен себеп-салдарын іздеп, пышаққа іліктірмей мүмкіндігінше өзіміз ем-домын жасаймыз. Қазір Шәрипа жуас мал болса, дәрісін өзі еге береді. Биыл жазда анам екеуі 5 күнде 200 қойды қырқып, жүн жуудың қыр-сырын үйреніп, кейін өзі әжептәуір көрпеше жасап алды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»