
Меңдіқара ауданында адасып кеткен малшы жанына ерген итінің арқасында аман қалып отыр. Қаңтардың 14-інде мал іздеп шыққан табыншы ұшты-күйлі жоғалып кеткен. 15 қаңтарда волонтерлердің бірі жоғалған малшының атын бос жүрген жерінен тауып алады. Астындағы атынан ауып түсіп қалған малшы күндіз жаяу жүріп жол іздеп, түнде сай жерді ықтап, итін құшақтап жылынып жан сақтаған. Қарлы боранның астында даланы жаяу кезген малшы үшінші күні өзін іздеп жүрген құтқарушылар көлігінің жарығын да көрген. Алайда көзіме елестеген шығар деп ойлап, ол жаққа ұмтыла қоймаған. Таңертең сол көліктің ізіне түседі. Абырой болғанда, К-700 тракторының ізі бос тұрған аңшылар үйіне әкелген. Татар дәмі таусылмаған малшы сол жерде боранның басылуын күтіп, күн тыншыған соң, итіне еріп аман-есен ауылға оралды.
Боранды күні жылқы іздеп шыққан Арқалық қаласының маңындағы Фурманов ауылының тұрғыны да үш күннен кейін табылды. Бес баланың әкесі Талғат Кенжинді учаскелік полицей Восточное ауылынан 5 шақырым жерден тауып алған. Қазір ауыр жағдайда Арқалық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Беті мен қол-аяғын ІІ-ІІІ дәрежеде үсік шалған.
Талғат та 14 қаңтарда жылқы іздеп шыққан. 15 қаңтарда малшының мінген аты мен бір үйір жылқы табылды. Бірақ өзі жоқ. Малшыны ТЖД қызметкерлері, жергілікті шаруа қожалықтарының жұмысшылары мен волонтерлер 3 күн іздеді. Төртінші күні іздеу шараларына тікұшақ қосылды.
Құтқарушылар 14 қаңтарда боранда адасып кеткен Арқалық қаласына қарасты Мирный ауылының тұрғынын да құлап жатқан жерінен тауып алып, ажал аранынан арашалап қалды. Беті-қолын үсік шалған әйел қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Облыстық ТЖД-ның мәліметінше, осы үш күннің ішінде 56 жолаушы, 6 бала құтқарылып, қар құрсауында қалған 72 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған.
ҚОСТАНАЙ