Медицина • 03 Сәуір, 2024

Дәрігер неге жеткіліксіз?

74 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Медицина саласын дамытуға билік тарапынан үлкен қолдау көр­сетіліп жатқаны рас. Жыл өткен сайын дәрігерлердің жала­қысы да еселеніп артып келеді. Оны жамбылдық дәрі­гер­лер де айқын сезініп отыр. Өңірде 16 мыңға жуық меди­цина қыз­меткері бар болса, оның 3 500-ге жуығы дәрігерлер екен. Өткен жылдың соңындағы дерек осылай дейді. Бір қарағанда дәрі­герлер де, орта буын мамандары да жеткілікті сияқты көрі­неді.

Дәрігер неге жеткіліксіз?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Еліміздің қай қиырында бол­сын, дәрігер тап­шылығы сезі­летіні жылдар бойы айтылып жүр. Дәрігерге қолы жетпей, әбі­герге түскендердің де мұңы аз емес. Кадр тапшылығы мәселесі Жам­был облысын да айналып өткен емес. Алдыңғы жылдары дәрі­гер тапшылығы жүзден асып кет­се, кейінгі уақытта едәуір азай­ған көрінеді. Әйтсе де дерек­ке жүгінсек, өңірде 80 дәрігер же­тіс­­пейді екен. Енді осы бір өткір мә­се­­лені шешудің маңызы зор еке­ніне ешкімнің таласы жоқ шығар.

Біршама уақыт бұрын өткен бас­пасөз мәслихатында Ден­сау­лық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова дәрігер тап­шылығы әлі де сезілетінін, бұл мәселені реттеу бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

– Бүгінде облыста дәрігерлер тап­шылығы 2022 жылғы 106-дан есепті кезеңмен салыстырғанда 80 бірлікке (32 қала, 48 ауыл) төмендеді. Жергілікті атқа­ру­шы органның грантымен С.Асфен­дия­ров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина маман­дығы бойынша 42 студент оқиты­нын айта кеткен жөн болар. Осы университетте жергілікті бюджет есебінен оқу бітіргеннен кейін Жамбыл облысының мем­лекеттік медициналық ұйым­дарында 5 жыл жұмыс істеу мін­деттемесімен 2022 жылы 16 дәрі­гер жұмысқа келді. 2023 жылы 19 дәрігер жұ­мысқа орналасты, – дейді бас­қар­ма басшысы.

Кейінгі дерекке жүгінсек, кадр тапшылығын жою бойынша бірқатар жұмыс атқарылған екен. 13 жас маман тұрғын үй­мен қамтамасыз етілсе, 149 дәрі­герге 800 мың теңге сомасында кө­терме жәрдемақы беріліпті. Сондай-ақ бірнеше дәрігерге 1 500 айлық есептік көрсеткішке дейін бюджеттік несие берілсе, 38 маманға 100 айлық есептік көр­­сеткіш көлемінде жәрдемақы бері­ліпті. Бұған қоса 91 маман рези­дентурада оқиды екен. Бір қара­ғанда қолдау көрсетіліп-ақ жатыр.

Айта берсек, кадр тапшы­лы­ғын жою мақсатында қолға алынған жұмыс аз емес. Әйтсе де, дәрігерлердің аздығы әлі де байқалып тұр. 2022 жылғы көр­сеткішпен салыстырсақ, дәрі­гер тапшылығы 26 адамға аза­йыпты. Бір жыл ішінде кадр де­фи­ц­иті 26 адамға азайғаны көңіл көн­шіте ме? Дәл осылай кете бер­сек, қалған 80 маманды табуға тағы бірнеше жыл қажет болмай ма? Осы сауал ойландырмай қой­май­ды.

Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаеваның айтуынша, дәрігер тапшылығын жою бойынша биыл да нақты жұмыстар қолға алынып жатыр.

– Осы жылы республикалық бюджеттен 80 орынға, жергілікті бюджеттен 77 орынға грантқа өтінім берілді. Тиісті бюджет есе­бінен резидентураны бітірген ­30 дәрігер – 2024 жылы, 16 дәрігер – 2025 жылы, 10 дәрігер 2026 жылы жұмысқа келеді деген жос­пар бар, – дейді ол.

Дерекке сенсек, өңір медицинасы жалпы практикалық дәрігер, анестезиолог-реанимотолог, акушер-гинеколог, офтальмотолог секілді мамандарға әлі де болса, зәру көрінеді.

Қалай десек те, кадр тапшы­лығы мәселесі медицина саласында әлі де өзектілігін жоймай тұр. Басы ауырып, балтыры сыз­даса, дәрігерге жүгінетін жер­гі­лікті халық та ара-тұра маман тапшылығының кері әсерін сезі­нетіні рас. Қысқасы, бұл проб­лема аз күнде толыққанды шешімін таба қоюы екіталай секілді. Ең бастысы, атқарылып жатқан жұмыс нәтижелі болса дейміз.

 

Жамбыл облысы