Пікір • 03 Сәуір, 2024

Елдіктің темірқазығы

123 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Келелі мәселелер талқыға түсіп, кесек-кесек ойлар айтылатын келісті жиын – ұлт ұйытқысы болған Ұлттық құрылтай Қазақстанның жаңа келбетінің айшықты нысанына айналды. Ойлы ортаның елдің ертеңіне қатысты ұтымды пікірлерімен бедерлене түсті.

Елдіктің темірқазығы

Ұлттық сана қуаты

Биылғы Құрылтайдың жаңа форматта тойлана бастаған Ұлыстың ұлы күніне орайластырылып өткізілуі де тегін емес. Дәстүріміз жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп жатқан шақта тарихи мәнге ие көне шаһар Сарайшықтың маңында өткен басқосудың санаға түсірген сәулесі мол.

Тарихи сана негізінде қалыпта­са­тын ұлттық сана адастырмас темір­қазығымыз іспетті. Ал ұлт­тық сана – ұлт ретінде сақтап қала­­тын ең ұлы қуат. Ұрпаққа кешегі тарихтан сабақ болып, тұлғалар тағылымымен өріліп жетіп отырады. Соның арқасында ел бірлігін сақтап, іргесін бүтіндеп келді. Бүгінгідей құн­дылықтар алмасып жатқан күрделі кезеңде мемлекетіміздің тұтастығын сақтауда ұлттық бірегейлігімізді нығай­тып, тарихи-мәдени құнды­лық­тарымызды жаңғырту аса маңызды.

Мемлекет басшысы Атырау­дағы Құрыл­тайдың үшінші жиы­нында ұлттық құндылықтарға басым­дық беріп, еліміздің рухани-идеологиялық бағдарын айқын­дап берді. Рухы биік ұлттың ғана жаһандану дәуірінде өзін өзгелерге мойындата алатындығы анық. Осы орайда Президент Қазақстанның болашақ бейнесінің баянды болуы үштаған ұғымға бай­ланысты екендігін атап өтті. Оның негізгі түсі­нік­те­рі – Әділет­ті Қазақстан, Адал азамат және Озық ойлы ұлт.

Әділетті Қазақстан ұғымын әркім өзінің әділеттілік туралы парасат-пайым биігінен қарап, кей тұста сынап жүрсе де, ортақ мағынасы – құқықтық заңнама мен тәртіпке негізделген мемлекет аксиомасы. Яғни мемлекеттік заңнаманың түп негізінде адам құқықтары және әлеуметтік мәртебесіне қарамай заң алдында бәрінің тең болуы деген қағида тұрады. Оның негізінде заңды құрметтейтін, тәртіп сақтайтын қоғам құрылады. Демек адам құқығы, заңның салтанат құруы және қоғамдық тәртіп – кез келген халықтың өркениеттілігінің маңызды және жарқын нышаны, қоғамның егемен әрі автономды мәдени институты.

Дамушы елдердің бағдары саналатын өркениетті мемле­кет­тердегі әлеуметтік құн­дылық­тарға қарасақ, олардың шың ба­сында – тұлға еркіндігі мен демократия, материалдық бақуаттылық, қо­ғам­дық тәртіп пен тұрақтылық еке­нін бай­қаймыз. Мемлекеттің бола­шақ бағдары демократия мен адам құқығын қорғау, ел азамат­тары­ның әл-ауқатын жақсарту және әділетті қоғам құруға бет алы­сын одан әрі дамытуға бағыт­тал­ғаны Құрыл­тайдағы негізгі мессенд­жердің бірі ретінде қабылданды.

 

Адал азамат – философиялық таным

Президент айтқан екінші таған – Адал азамат. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген гуманистік идеяға негізделген төл мәдениетімізде адал азаматтың сипаты таңсық емес екені аян. Абайдың «кемел адам, толық адам» философиялық танымы – осының айғағы. Адал ас ішіп, табысқа кенелу, бес асық пен бес қашық қасиеттерді білу, үйінің ғана емес, ұлтының да ұпайын түгендейтін тұлғаны дәріптеуге Президент аса мән беріп отыр.

вап

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Сонымен қатар Адал азамат түсінігі аясында Қ.Тоқаев атап өткен қоғамдағы кеселді, көлеңкелі тұстар туралы да қарастырған жөн. Себебі тұлға өзінің рухани ғана емес, дене-бітіміне, денсаулығына және менталды саулығына да аманат ретінде қарап, адалдық сақтауы керек. Интернетті және әлеуметтік желілердегі популистік және хайп мақсатын көздейтін арзан контентті талғамсыз пайдалану, діни неофит көзқарас, дәстүр мен төл мәдениетке деген нигилизм, қыз алып қашу, насыбай ату сынды тозған салт-сана мен атавизм, нашақорлық пен ойынқұмарлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, өркениетке қарсы вандализм, ысырапшылдық – адамның адал табиғатынан алыстатып, құрдымға апарар қамыттың бір парасы ғана. Аталған кесапаттардан жастарды арашалау үшін мемлекеттік деңгейде заңдарға өзгеріс енгізіп, оқу орындарында тәрбиелік жұмыстарға жіті мән беру туралы айтылған ұсыныстар Құрылтайдан кейін Парламенттегі отырыстарда бірден қолға алына бастады.

 

Озық ойлы ұлт болудың алғышарты

Президент айтқан тағы бір филосо­фиялық категория – озық ойлы ұлт ұғымы ежелде төрткүл дүниенің білімпаздары ілім іздеп келетін ақыл-ой мен ғылым ордасы болған Орталық Азия жерінде, оның ішінде қазақ даласында ілкіден қалыптасқаны хақ. Әбу-Насыр әл-Фараби «Ізгі қала тұрғындары» трактатында «Қайырымды қала керемет, сау денеге ұқсайды, ұлы істер кішігірім жақсы әрекеттерден, ал керемет қайырымды орта жеке тұлғалардан бастау алады» деген ой айтады. Озық ойлы ұлт болу үшін әр азаматы сайдың тасындай мықты, бірлігі бекем, экономикасы мығым болуы шарт.

Осы орайда Президент елдің дамуы үшін ұлттық буржуазияға зор міндет жүктелетініне назар аударды. «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» дейді бабаларымыз. Қолында барымен бөлісіп, елінің ертеңіне алаңдаған ұлттық буржуазия қалыптасқанда ғана мемлекеттің мерейі үстем болмақ. Кешегі Алаш заманында да ел болу ісіне енші бөліп, белсене араласқан тұлғаларды білеміз. Бұл дәстүр бүгін де бар. Жарқын болашақ алдындағы жауапкершілікті жанымен сезінген әрбір адам – ең басты байлығымыз. Дамыған елдердің барлығы да іскер азаматтарына арқа сүйеп, халықтың әлеуетін арттырып келеді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу екендігіне ерекше тоқталды. Кітап – сарқылмас қазына. Кітап оқитын ұрпақ қана елінің ертеңін ойлайды. Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп көрегендікпен айтқан. Болашағын ойлаған ел ұрпақ тәрбиесіне, біліміне жіті мән береді. Осы ретте кітап оқуға қызығушылықты арттыру үшін кітап оқу мүмкіндігін тұтынушыға жақындату тұрғысынан қарастырған дұрыс. Яғни қазіргі сол ірі қалаларда тұрғызылып жатқан тұрғын-үй кешендерінде кішігірім кітапханалар мен ағарту желісін ашу өзекті. Бұл адамдардың заманауи тұрмыс-тіршілігіне оң келетін дүние болар еді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз бай, білімді, әрі күшті болуы­мыз керек. Бай болу үшін – кәсіп, білімді болу үшін оқу керек. Ал күшті болу үшін бірлік керек» деген сөзі бар. Осы орайда, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде айтылған елдігіміздің төрт құбыласы туралы ойға ауыссақ.

 

Төрт құбылаң тең болсын!

Қазақ даналығында «төрт құбылаң тең болсын» деген тәмсіл бар. Құбыла әлемнің төрт жағы – батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік. Дәл осы метафораны қазақ мемлекетінің төрт құбыласы деген пайымда қолдансақ, Президенттің Құрылтайда айтқан келесідей дүниелерді бағамдай аламыз.

Бірінші құбыла – тәуелсіздік. Ата-баба­лардың сан ғасырлық арманы болған Егемендік – елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік және идео­ло­гиялық тәуелсіздігі. Қай бағытта дами­тыныңды, кіммен серіктес-дос бола­тыныңды, тұрмыс-тірішілігіңдегі таңдауды ешкімнің нұсқауынсыз, еркін таңдай алатын тарихи мүмкіндік. Құдай бұйыртқан, қан мен тер арқылы келген тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауымыз керек екені ақиқат. Оның негізгі ұстыны – тыныштық пен бірлік-ынтымақ. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы «Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз», деп шегелеп айтты.

Екінші құбыла – тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесін өркениетті эволюциялық жолмен дамыту, оның қолданыс аясын бизнес, технология мен ғылым салаларында кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басым бағыты екендігі айтылды. Тілдің тірі ағза екендігіне баса мән беріліп, ешкімді мәжбүрлемей, оған деген қажеттілікті арттыру арқылы қазақ тілінің діңгегін берік ете түсуге мән беріліп отыр. Қазіргі уақытта еліміздегі қазақ тілінде білім алу­шылардың санының артуы, қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттің дамуы, білім деңгейінің жақсаруы, IT және жасанды интеллект салаларында қазақ тілі ауқы­мы­ның кеңеюі тіл мәселесінің кешен­ді түрде дамуының кепілі бола алады.

Үшінші құбыла – тарих пен мәдениет. Әлемге әйгілі классик Шыңғыс Айт­ма­товтың «Боранды бекет» романын­дағы мәңгүрт образындағыдай, өткенін білмеген адамның болашағы жоқ, оның иесі кез келген басқа мәдениет бола алады. Сол сияқты халықтар, ұлттар өз тарихын ұмытса немесе бұлыңғыр білсе, болашағы да неғайбіл. Сондықтан, өткенге өкше тірей отырып қана қазіргі сәт пен болашаққа жоспар құруға болады.

Құрылтайда ел Президенті Жошы ұлысының Еуразия кеңістігіндегі тарихи, саяси, экономикалық үдерістердің өзгеруіне тікелей әсер еткен тарихи феномен екендігіне және оның қазақ ұлтының мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алатынына тоқталды.

Жошы ұлысы – ұлы далада негізін қалаған іргелі мемлекет. Дүниені тұл­па­рының тұяғымен дүбірлеткен көш­пелілер дәуірін тану арқылы тарихи санамызды жетілдіріп, асқақ рухымызды оятамыз. Сол арқылы біз Қазақ хандығының мемлекеттік тарихын тереңдетеміз.

Ұлық ұлыстың жауынгерлік құры­лымы, ел басқарудағы ерекшеліктері еріксіз бізді тәнті етеді. Уақыт керуені алыстаған сайын табиғатпен үндесе ғұмыр кешіп, жаратылыстың тылсым сырына бойлаған олардың сан ғасырлық құпиясы ашыла түскендей. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде еліміз енді тізгінді қолға алып, Жошының бір кезде хандық құрып, бүгінде мәңгілік мекеніне айналған қазақ топырағына әлем назарын аудартуға тиіс. Мемлекет басшысы бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, алдағы уақытта тарихи фильм түсірілетінін айтты. Өткенін білген халықтың болашағы жарқын болмақ. Жастардың тарихқа деген жаңаша көзқарасын қалыптастыру ең құнды дүние.

 

Рухани кемелдену прогреске бастайды

Төртінші құбыла – дін мен діл. Ғасырлар қатпарынан, тарих тезгісінен, дәстүр мен сана сүзгісінен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дәстүрлі ата-баба діні – исламның сунниттік бағыттағы ханафи мазхабы. Кеңес одағы кезеңінде тепкіге түсуі аз болғандай, тәуелсіздік алғаннан кейін де 90-жылдардағы идеологиялық вакуумның кесірінен пайда болған деструктивті ағымдардың шабуылына да жем болған дәстүрлі дініміз қазіргі қолайлы тарихи кезеңде бой көтеріп, өзінің қазақ халқымен бірге өміршеңдігін көрсетеді деген сенімдеміз. Оған толық негіздер жасалып жатыр. Экстремистік-радикалды көзқарастағы діни топтардың өздерінің неофиттік танымдарын теліп, салт-дәстүрге қайшы «қара жамылу», жас кезінде сақал қоюды міндет санау, материалдық дүние білімін игермеу, медицинаға қарсы шығу сынды өрескел қылық көрсетуіне ханафи мазхабындағы дәстүрлі дініміз тиімді тосқауыл болатыны анық.

Бұл мәселе турасында Президент: «Біз Батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мә­дениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды наси­хаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де!», деп кесіп айтты. Осы орайда Мемлекет басшысы айрықша атап өткен­дей, Ясауи ілімі – дешті-қыпшақ жерінің мәдени кодтарын, географиясы мен рухани өмірін баса назарға ала отырып, ислам дінінің синтезделген форматын ұсынған феноменалды зияткерлік өнім.

Ясауи тариқатының ерекшелігі дүниеге ортағасырлық діни догмамен емес, ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау қағидаттарын негізгі постулат ретінде қолдануында жатыр. Оған сәйкес, діннің сыртқы формасы емес, рухани кемелдену және қоғамның дамуы сынды прогрессивті құндылықтары аса маңызды.

Зияткерлік көзқарастар жүйесінде кез келген қоғамның мәдени-рухани кемелденуі технологиялық прогреске бастайтыны туралы пайым бар. Оның жарқын мысалы – Еуропадағы қайта өрлеу дәуірі. Сол сияқты Қазақстанның жаңаша дамуы еліміздегі діни-рухани факторға да байланысты. Өркениет көшінде тозған ел емес, озған ел болу үшін мәдени-тарихи негізі бар, Қазақ даласында ғана емес, түгел Орталық Азияның дамуына ықпал еткен Ясауи жолын терең зерттеп, сопылық ілімнің заманауи өмірге икемділігін сараптап, арнайы жобалар әзірлеу ел дамуының кепілі болмақ. Алайда бұл Қазақстанның зайырлы мемлекет қағидатына қайшы келмеуі керек. Еліміздегі діни толеранттықты сақтай отырып, қоғамның дамыған, прогрессивті және прагматикалық тұрғыдағы ел болуын күшейте түсу – мемлекеттік саясаттың басым бағдары.

Ұлттық құрылтайда айтылған қоғам­дық құндылықтар, болашақтың бедері, аға буынға артылған жауапкершілік пен жарқын жастарға деген сенім сынды жал­пы­ұлттық даму мен мемлекеттік мүдденің мүлтіксіз орындалуы – аса ма­ңызды факторлар. Бұл мәмілелер саяси және көзқарастар плюрализмін сақтай отырып, компромистік «ортақ» ұстаным қалыптастыра алу мәдениетін дамыта түсумен тығыз байланысты.

Ынтымақ қайда болса, ырыс пен даму сонда. Сондықтан да, ағасы мен інісі дауласқан, бегі мен қарашасы жауласқан емес, әні мен сәні келіскен бейбіт ел ретінде мығым болсақ, түп атамыз Күл­те­гін аңсаған тұп-тұтас, технологиясы дамыған, кәсібі өрлеген, жас­тары талантты, бай-бақуатты әлемнің озық елдерінің қатарынан көрінеріміз анық. Жиында Мемлекет басшысы да бұл сөзді сана­мызда қайта жаңғыртып, бірігіп Әділетті Қазақстанды құруға шақырды. Қазақстан елдіктің темір­қазығынан айнымай баянды да байсалды мемлекет ретінде дами береді деп сенеміз.

 

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ,

«Отандастар қоры» КеАҚ президенті