Қазақстан • 03 Сәуір, 2024

Оңтүстік Қазақстанда құрғақшылық белең алды

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның солтүстік пен батыс аймақтарын су басып жатса, оңтүстігінде құрғақшылық байқалады. Түркістан облысындағы Келес ауданының диқаншылары егінсіз қалудан қорқып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz  КТК арнасына сілтеме жасап.

 

Оңтүстік Қазақстанда құрғақшылық белең алды

Фото:aimak.com.kz

Келес өңірінің диқаншылары жуық арада егілген қырыққабаттың қазірдің өзінде қурап қалғанына алаңдаулы. Ал жақын арада суарылмаса, егіннің щықпай қалуынан қорқып отыр.

«Қазір біздің егістіктерде суаратын ештеңе жоқ. Қараңдар, бәрі құрғап жатыр. Қырыққабат пен қызылша қара болып кетті. Суару мәселесі бойынша су басқармасына хабарластық, бірақ олар көмектесе алмады. Ендігі үміт жаңбырдың жаууы, ол егінді сақтап қалуы мүмкін», дейді диқаншы Нұрсейіт Рыспаев.

Шенеуніктер халықты үміт үзбеуге шақырды. Ауданға суармалы судың бір бөлігі канал арқылы Өзбекстаннан келетіні анықталды. Дегенмен ол жарамсыз, сондықтан біраз уақытқа су сөндірілді.

«СТК каналында апаттық жағдай туындады. Біз суару басқармасын шақырдық, қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олар екі-үш күнде аяқталады. Қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Жақын арада су келеді», деді Келес ауданының әкімі Сүлеймен Жылқыбаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны аймағында бес облыс қалғанын, әкімдіктер 20 жергілікті төтенше жағдай жариялағанын хабарлаған болатын. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жағдай күрделі.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті