Айбын • 03 Сәуір, 2024

Адал азамат, сенімді қарулас немесе генерал Дәулет Салханов туралы үзік сыр

147 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлттық құрылтайдың үшінші басқосуында Президент ел болашағына қатысты көп мәселе көтерді. Ойымда ерекше қалғаны – «Адал азамат» ұғымы. «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам». Сананы тұрмыс билеген заманда бүгінгі буынның кей өкілдері үшін айналасынан осы ұғымға лайықты адамды көру қиын. Десе де, ғұмырын Отан қорғауға арнап, өткен мен бүгінді байланыстырып келе жатқан «алтын көпір» адал азаматтардың бар екенін және олардың әскери салада көп кездесетінін айтқым келеді. Солардың бірі – әскери қайраткер, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, генерал Дәулет САЛХАНОВ.

Адал азамат, сенімді қарулас немесе генерал Дәулет Салханов туралы үзік сыр

Ол Семей өңірінде көп­ба­лалы отбасында ер жетті. Оған адал еңбек адамдары үлгі болды. Оның ата-анасы мен ағайын-туысы елім деп еңбек етті. Әкесі Қамар ақсақал балаларын тек адал жолмен күн көруге үйретті, білімді болуға тәрбиеледі. Сұрапыл соғыс­ты көр­се де ұлдарының әскери болуын қа­лайтын. 1966 жылы ұлы Дәулет болашағын әскери саламен байланыстыратынын естігенде іштей қуанды. Жас өрен мектепті аяқтай салып, алдына нақты мақсат қойып, болашақта ел қорғайтын офицер болуды таңдады. Ақылы айбатына, қадірі қайратына сай жас жай емес, Ресейдің Саратов қаласындағы Ф.Э.Дзержинский атындағы КСРО ІІМ Әскери училищесінде оқуға бел буады.

Күрескер курсант жат елде елінің абыройын төкпей, үздік­тердің қатарын толықтырды. Саптық дайындық, қару-жарақ түрлері, спорт соңғы төрт жылда оның айнымас серігіне айналды. Алғашқы «лейтенант» әскери шенін алған курсант Дәулет Қамарұлы Алматы облысындағы Қаракемер кентіндегі 6654 әске­ри­ бөліміне взвод командирі мін­детіне кіріседі.

Әскери өмір белгілі. Отан қайда бар десе, қолбасшылық қай жерде қажетсің десе ,«құп болады!» деп чемоданыңды жинайсың да «алға!» деп жүре бересің. Әскери бөлімде табанды еңбек етіп, рота командирі, әскери құрама штабының офицері, полк штбабының бастығы ла­уа­зым­дарынан өтеді. 1976 жылы өзін оң қырынан көрсеткен ол кәсіби біліктілігін арттыру үшін Мәскеу қаласындағы М.В.Фрунзе атындағы әскери Академиясына оқуға жібереді. Академияда білімін жетілдірген офицер әскери бөлімге орала салысымен өз білімін жүзеге асырады. Штаб бастығы ретінде жеке құрамның жауынгерлік даярлығын арттыруға үлес қосады. Араға біраз уақыт салып сол кездегі Ақмола қаласындағы 6636 әскери бөліміне командир болып тағайындалады.

Бауыржан Момышұлының «Командир – жеңістің әкесі» деген сөзі бар. Басқа офицерлік қызмет бір төбе де, командир болу бір төбе. Өйткені жеке құрамның әр жауынгеріне жауаптысың, оларға барлық жағынан үлгі болуға тиіссің. 80-жылдардың соңы. Қылмыс көбейіп, темір торға қамалғандар саны артқан кез. Сотталған және қамауға алынған адамдарды айдап апару және еңбекпен түзеу мекемелерін күзету Дәулет Қамарұлы басқаратын әскери бөлімге тапсырылған. Қылмыс әлемі қателікті кешір­мей­ді. Командир өзі де батыр және жеке құрамды батылдыққа үндеуге тиіс. Өйткені артыңда жауын­герге сенген ел тұрады. Ол әкелік қамқорлық, қатал талап­шыл­дығы және Отанға деген рия­сыз сүйіспеншілігімен дараланды. Өзіне жүктелген міндетті адал орындай білді. Сол арқылы бас­шылық тарапынан зор сенімге ие болып, Ішкі әскерлер әскери округі штаб басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Командирлік тәжірибе оны биік жетістіктерге жетуге шыңдады.

Қызмет етіп жүргенде кеңес одағы күйреді. Еліміз тәуелсіздік алды. Араға 26 күн салып күш құрылымдардың ішінде ең бірінші болып, 1992 жылдың 10 қаңтарында Ішкі әскерлер құрылды. Себебі ішкі тұрақтылық бірінші кезекте тұрды. Отаны бөлек офицерлер кезек күттірмей өз елдеріне қайтып жатты. Жауынгерді бастап шығар офицерлер тапшылығы туындады. Барлық жүк ұлттық кадр, қара көз офицерлердің иығына артылды. Жаңа құрылған ұлттық әскерге еліміздің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік, аза­мат­­тардың бостандығы мен құ­қы­ғын қорғау, мемлекеттің әлеу­меттік-саяси тұрақтылығын қам­та­масыз ету, арнайы жүктерді және мемлекеттік маңызы бар нысандарды қорғау міндеттері жүктелді. Қазақстан халқының бейбіт өмірі, қалыпты тіршілігінің бұзылмауына үлкен рөл атқаратын ІІМ Ішкі әскерлердің штабы әс­кердің миы іспетті болды. Мұнда уақыт­пен санасу болмайды. Күні-түні еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан шұғыл жедел хабарлар, шұғыл шешімді талап ететін. Республикамыздың әр қаласында орналасқан әскери бөлімдерге тез әрі қысқа да нұсқа тапсырмалар берілуі керек. Дәулет Қамарұлы осы қызметтің қара қазанында қайнады. Бір қарағанда, кәсіби білікті сардарға өз қызметін орындауға оңай көрінер. Шынтуайтына келгенде, 90-жылдардың басында жағдай күрделі еді. Офицерлер тапшылығынан бөлек, сардар мен сарбаздардың күнделікті әскери қызмет барысы, жатын орны, киім-кешегі, қару-жарағы мен тамағы, оған қоса «штаттан тыс жағдайларды» реттеу штабқа келіп тірелетін. Оның үстіне нарықтық экономика тудырып отырған ауыртпашылық әскерді айналып өтпеген кез. Әскери азамат тек соғыс шебері емес, кәнігі дипломат, әккі ұйымдастырушы, іскер болуға тиіс. Басқа біреу болса, қолын бір сілтеп әскерден «қашып» кетер ме еді. Дәулет Қамарұлы Отанға деген шексіз адалдығымен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті түсініп, тағдыр­дың ауыртпалығын қара нардай қымсынбай көтере білді. Өлара уақытта кейіпкеріміз заман сынынан сүрінбей өтті. Қиын­дық­тарды жеңіп қана қоймай, қол астындағыларға да жеңімпаздық рухты дарыта алды. Сол себепті оған алдымен дивизияға коман­дир­лікті, кейін құқықтық тәртіп әске­рінің Бас штаб басшысы лауа­зы­мын сеніп тапсырды. Сенім де­мек­­ші, сара жолдан өткен сардарға ел мен Мемлекет басшы­лығы да зор сенім артты.

90-жылдардың басында Дәулет Қамарұлы ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы лауазымына тағайындалды. Оған бүкіл әскердің штабын сеніп тапсырды. Барлық қызмет штаб арқылы тарап, өрбіп жатты. Ол үшін «күндіз күлкі, түнде ұйқы» көрмей, талай етіктің табанын тоздырды. Кең-байтақ Отанның бір күні оңтүстігінде болсаң, ертеңінде солтүстігінде боласың. Бұйрықтың аты – бұйрық. Сенім биігінен көрінген сардарға «генерал-майор» жоғары әскери атағын табыс етілді. Бұл сенімнің соңы емес, 1998 жылы генерал-майор Д.Салханов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл орден қоғамдық тәртіпті бұлжытпай сақ­тағаны, халық мүддесін бұл­жыт­­пай қорғағаны, әскери және қыз­меттік міндеттерді орындауда көр­сеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін беріледі.

Ол қиын-қыстау жылдары Ішкі әскерде басшылық қызмет­тер­ді қабылдап, келесі буын коман­дирлеріне барлық жағынан кәсіби даяр әскерді тапсырып кетті. Қызмет барысында өзін білімді де білікті басшы, әкедей қамқор командир ретінде танытты. Онымен қызметтес болған, қол астында қызмет еткен сардарлар мен сарбаздар Дәулет Қамарұлын тек жылы сезіммен еске алады. Он бес жылдай Бас штабты басқарған генерал Д.Салханов адалдығының арқасында халық алғысын жинады. Бұл жоғарыда айтылған «Адал азамат» ұғымына дәлме-дәл келеді. 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанымен әскерден қол үзген жоқ. Жастарды тәрбиелейтін патриоттық іс-шараларға белсене қатысады. БАҚ-та ойын еркін жеткізіп, жастарды ел қорғаушы болуға шақырады. Зайыбы Шолпан Сәбитқызы екеуі өнегелі отбасы ретінде қырық жылдан аса бірге жүр. Шуақты шаңырақта Талғат пен Рүстем атты екі ұл ер жетті. Немерелері Тайыржан мен Дания ата-апасын балдай тәтті тілдерімен қуантуда.

Дәулет Қамарұлымен 1992 жылы таныстық. Мен Қарулы Күштерге кадр даярлайтын жоғары әскери оқу орнының басшысымын, ол Ішкі әскерлердің Бас штаб бастығы болатын. Біздің басымызды керемет азамат Исмаил Абизов ағамыз қосты. Үшеуміз әлі күнге дейін достығымыздың туын түсірген емеспіз. Түрлі әскери-қоғам­дық іс-шарада жолдары­мыз жиі тоғысады. Ресми іс-шара­лардағы оның сөз саптауы, өзін-өзі ұстауы бөлек бір әңгіме. Тумасынан адал азаматтар барлық жерде, барлық жағдайда шынайы болуға тырысады. Олар жақын­да­рына, дос-жарандарына, отба­сына және Отанына адал. Ондай қасиетті қолдан жасай алмай­сың. Қарабайырлықсыз қара­пайым­­дылық, қыңырсыз табан­дылық, аңғалсыз ашықтық, есепсіз мәрт­тік, жалғансыз кіші­пе­йілдік – осы қасиеттердің темір­қа­зығы ішкі адалдыққа байланып тұр.

Ұлттық ұланда елжандылық дәс­­түр мен патриотизм мекте­бі­нің ірге­­сін қалағандардың бірі генерал Дәу­­лет Салханов ме­рейлі жасқа келіп отыр. Әлі де ат­тан түспеген генерал ардагерлер ұйы­­мы арасында түрлі спорттық жа­­рыстарды ұйымдастыруға ат­­са­лысып жүр. «Динамо» спорт қа­уым­дастығында волейбол, тен­нис, бильярдпен айналысып, жас­­тар ара­сында саламатты өмір сал­тын насихаттаудан да жалыққан емес.

 

Абай ТАСБОЛАТОВ,

генерал-лейтенант