Күрес • 05 Сәуір, 2024

Азияны мойындата аламыз ба?

33 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күрес түрлерінен Қырғызстанның астанасы Бішкекте өтетін Олимпия ойындарының лицензиялық турнирі қарсаңында, яғни 11-16 сәуір аралығында Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Аталған жарысқа еліміз командасы толық құрамда қатысады. Олардың дені – екінші және үшінші нөмірлі балуандар.

Азияны мойындата аламыз ба?

Грек-рим күресі ел құрамасының қоржынында әзірге жалғыз жолдама бар. Оның иегері – Нұрсұлтан Тұрсынов. 87 кг салмақта күресетін 33 жастағы Семей өңірінің тумасы Париж Олимпиадасы қарсаңында осы жарыста күш сынасуды құп көрген екен. Негізі Нұрсұлтан бұған дейін Азия чемпионаттарында төрт рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2014 жылы ол бас жүлдені олжаласа, 2015 пен 2023 жылдары күмісті иеленді. Ал 2022 жылы қолаға қол созды. Бішкектегі бәсекені Тұр­сынов пен оның бапкерлері ғаламдық до­даға дайындық ретінде қарастырып отыр.

Былтыр Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында еліміздің «клас­сиктері» арасынан жалғыз Ибрагим Ма­гомадов (77 кг) қана алтын тұғырға көте­рілген еді. Ол кезде отандасымыз 72 кг салмақта өнер көрсетті. Биыл 33 жастағы Қарағанды облысының өкілі олимпиадалық салмаққа ауысты. Бірақ Астанадағы ел біріншілігінде Магомадов үшінші орыннан аса алмады. Соның салдарынан ол лицензиялық турнирге қатысу мүмкіндігінен айырылды. Десек те былтырғы нәтижені қайталап, қатарынан екінші жыл Азия чемпионы атанса, тағы бір алтын Ибрагимнің тақиясына тар келмейтін анық.

Жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс және қола жүлдегері Юсуп Мациев (97 кг), Евгений Поливадов (82 кг) пен Азия чемпионатының қола жүлдегері Мансұр Шадукаевқа (130 кг) да зор сенім артылып отыр. Осы саңлақтармен қатар Бішкектің бозкілемінде Нұрзат Қабдырақымов (55 кг), Ғалым Қабдунасаров (60 кг), Ержет Жарылқасов (63 кг), Алматбек Аманбек (67 кг), Николай Хапко (72 кг) өнер көр­сетеді.

Еркін күрестен де әзірге Олимпиаданың жалғыз жолдамасын қанағат тұтып отырмыз. Сол жолдаманың иегері Азамат Дәулетбеков те Алатаудың арғы бетінде айқасуға тәуекел етті. 86 кг салмақта күш сынасып жүрген 30 жастағы атақты балуан кейінгі екі әлем чемпионатында қола медальды қанжығасына байлады. Сары құрлықтың басты додасында екі мәрте теңдессіз деп танылды. Бұл жолы Азаматтың үшінші мәрте алтын тұғырға көтерілуіне тамаша мүмкіндік бар.

Еліміздің еркін күрес тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұ­ханға бұл жолы Олимпия ойындарының лицензиялық турнирінде бақ сынау бақыты бұйырмады. Өйткені 97 кг сал­маққа ауысқаннан кейін ол ел бірін­шілігінің ақтық сайысында Әлішер Ерға­лиге есе жіберді. Алайда Ризабек әлі де жолдамадан күдерін үзген жоқ. Су жаңа әлем чемпионы да Францияның аста­насында атой салуды армандайды. Бұл ретте бәрі де Әлішерге байланысты. Бішкекте Ерғалидың жолы болса, онда жоғарыдағы әңгіме сап тиылады. Ал сақа спортшы сәтсіз өнер көрсетсе, 9-12 мамыр ара­лығында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін соңғы лицензиялық тур­нирге Айтмұханның қатысуы әбден мүм­кін.

36 жастағы Әділет Даулымбаевқа бұл – соңғы олимпиадалық цикл. Кезінде ол тәуір күресті. Азия ойындары мен құрлық чемпионаты, басқа да халықаралық турнир­лерде сан мәрте жүлдегерлер қата­рынан көрінді. Бірақ еңбекқор жігіттің Олимпиадаға жолы түспеді. Биыл да Париждегі додадан шет қалды. Сондай-ақ Әділет Азия чемпионатында алтын алған емес. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін сақа спортшы Бішкекке аттанып барады. Қырғызстанда Даулымбаев 92 кг салмақта белдеседі. Ал өзге салмақ дәрежелерінде Мейрамбек Қартбай (57 кг), Асыл Айтақын (61 кг), Мұхтар Санжар (65 кг), Мейіржан Әшіров (65 кг), Сырбаз Талғат (74 кг), Азамат Өміржанов (79 кг), Абылай Совет (125 кг) бақ сынайды.

Әйелдер күресінен өтетін жарыста Ирина Жәнібекова (50 кг), Аяжан Мар­қашева (53 кг), Зүлфия Яхьярова (55 кг), Лаура Алмағамбетова (57 кг), Дина Каюмова (59 кг), Тыныс Дубек (62 кг), Ирина Казюлина (65 кг), Мәдина Бақбергенова (68 кг), Анастасия Панасович (72 кг), Елмира Сыздықова (76 кг) сайысқа түседі.