Ауыл • 05 Сәуір, 2024

Интернетсіз ауылға интернат қажет

213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төсқайың аулындағы бір қабатты мектеп жанындағы интернатқа кірген бетте Абайдың «интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген өлең жол­дары тілге оралған. 1948 жылы бөренеден салынған аурухананың көне тоз ғима­ратында бүгінде 14 бала тұрып, білім алып жатыр.

Интернетсіз ауылға интернат қажет

Суреттерді түсірген – автор

Ұзынша көтерілген жадау үй. Жадау үйдің есігін сықырлата ашып, табал­ды­ры­ғынан атта­ған бойда өткен ғасырдың 80-90 жылдарына аяқ басқандай күйде болады екенсің. Әктелген ұзыннан-ұзақ дәліз. Тақтайы сықырлаған ескі еден, ескі есік. Терезелері де тозған. Тым бол­ма­ғанда, жиһаздары жаңа шығар деп, бөл­мелерге бас сұққанбыз. Еңсені басады. Шкафтары қаусап тұр... Асханалары көр­шілес салынған үйде. Асхананың асай-мүсейлері де әбден ескірген. Қыл аяғы интернаттың дәретханасы да далада. Қыстың қақаған аязында басқасын айт­пағанда, 1-сыныптың оқушысы дала­ның дәретханасына барып жүр дегенге сенгің келмейді. Айтқандай, бұл интер­натта Шанағаты, Балықтыбұлақ, Бұғы­мүйіз, Ұранхай ауылдарының балалары тұ­рады. Ұзын саны – 14 оқушы. Оларды та­­сы­­малдайтын арнайы автобус та жоқ. Интер­нет туралы интернат оқушылары мен қыз­меткерлері жақ ашып отырған жоқ. Себебі мұнда интернетті қойып, қа­ра­­пайым телефон байланысы – проб­ле­ма.

ап

Тау басындағы Төсқайың аулында соғыстан кейінгі жылдары аурухана болған ғимаратта оқушылардың тұратынын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біле ме екен? Оны қойып, облыстық білім басқармасы басшысының табаны тиді ме? Мәселенің мән-жайын білсе, бүгінгі күнге дейін жаңа ғимарат салып бермесе де, есік-терезелерін жаңа­лап, дәретханасын ғимарат ішіне салып берер еді ғой. Айтқандай, қыруар қаржы жұмсап, интернат ғимаратына жапсарлас дәретхана салынған. Алайда қолдануға жарамайды.

«Интернат ескі. Ескі болғанымен, қыстың күні жылы. Балалардың тамақтары тоқ. Мәселе сол, тозған ғимаратта тұрып жатыр. Күрделі жөндеуге ұсынған едік, биыл жаңа ғимарат салынады дегенді естідік. Дәретхана қосымша салынған. Бірақ оның сырты қапталмаған. Жылу дәлізде тұрғандықтан дәретхана суы қатып қалған. Қазір уақытша жауып қой­дық», дейді мектеп жанындағы интернат­тың шаруашылық меңгерушісі Раджан Құдайбергенов.

Әлбетте, жаңа ғимарат ауадай қажет. Төсқайың орта мектебінің директоры Жарас Юсуповтың айтуынша, жаңа интернат ғимараты келесі жылы салынуы мүмкін. Ал облыстық білім басқармасы өкілдері не дейді?

пр

Жолдаған жауаптарына көз салсақ, «Шығыс Қазақстан облысы білім бас­қар­масы Күршім ауданы бойынша білім бөлімінің «Төсқайын орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде мектеп жанындағы интернат бар. Бұл интернат 1948 жылы салынған, сыйымдылығы 30 балаға арналған, жалпы ауданы 500 м2» деп жалпы ақпарат беріпті. Сондай-ақ бүгінде интернатта 14 бала тұратынын мәлімдеген. Мектеп жанындағы интернат жыл сайын ағымдағы жөндеу (әктеу, сылау, бояу) жұмыстарынан өтіп тұрады екен. 2020 жылы 7 млн теңге қа­ражат бөлініп, ағымдағы жөндеу, сани­тар­­лық тораптары орнатылғанын хабарлапты. Ол дегеніміз, дәретхана. Демек істемей тұрған дәретхана үшін 7 млн теңге жұмсалған. Дұрысы, жұмсалмаған, желге ұшқан.

«Төсқайың орта мектебі» КММ бар­лығы 70 бала білім және тәрбие алып жатыр: оның 15-і шағын орталықта, 6-ауы мектепалды даярлық сыныбында, 49-ы 1-11 сынып оқушылары. Мектеп жанындағы интернатта 14 бала тұрады, бұл балалар Балықтыбұлақ, Бұғымүйіз, Шанағаты, Урунхайка ауылдарының бала­лары. Биыл қардың қалың болуына байланысты интернатта тұратын балалар 2 аптада 1 рет үйлеріне мектеп автобусымен тасымалданды» делінген. Шындығында, арнайы барған сапарымызда мектеп автобусын көргеніміз жоқ. Керісінше, ата-аналар мектепке автобус қажет десті.

«2024-2025 оқу жылындағы болжамды контингент 69 оқушыны құрайды. Оның 12-сі шағын орталықта, 4-еуі мектеп­алды даярлық сыныбында, 53-і 1-11 сынып оқушылары. 1-11 сынып оқитын 16 бала интернатта тұрады деп жоспарланып отыр. Оның екеуі Балықтыбұлақ аулынан, жетеуі Бұғымүйізден, бесеуі Шанағатыдан, екеуі Ұранхай аулынан».

Айта кетейік, Төсқайың ауылдық окру­гіне қарасты елді мекенде жалпы орта бі­лім беретін 3 мектеп бар: Шанағаты бас­та­уыш мектебі (5 бала), Ұранхай негізгі орта мектебі (69 бала: 0-11 сыныпта – 44, ша­ғын орталықта – 25) және Төсқайың орта мектебі. Осы округке қарасты 5 елді ме­кен орналасқан, Балықтыбұлақ пен Бұ­ғы­мүйіз ауылдарында мектеп жоқ, ал Шана­ғаты аулында тек бастауыш мектеп бар. Бұл ауылдардың арақашықтығы 10-25 ша­қырым аралығында. Оның үстіне таулы аймақ болғандықтан, жол қиындығы да жоқ­ емес. Жалпы, Төсқайың ауылдық ок­ру­гінде 0-18 жас аралығындағы балалар саны – 194.

Төсқайыңда жаңа интернат ғимараты салына ма деген басты сауалға жауап­ берген Шығыс Қазақстан облысы білім бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбек «Білім беру нысандарын салудың кезең-кезеңімен жоспарға сәйкес Төсқайың аулына 25 орын­­дық интернатты үшжақты меморандум (офф­тейк-келісімшарт) жасасу арқылы салу жоспарланған» дейді. Ал құрылысы нақты қашан басталатыны туралы ақпарат берген жоқ. Сондықтан мәселені оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та назарына алғаны дұрыс шығар.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Марқакөл ауданы,

Төсқайың ауылы