Аймақтар • 06 Сәуір, 2024

Жайық өзенінен Атырауға қауіп төне ме?

1897 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысындағы Құлсары қаласын Жем өзенінің арнасынан асқан тасқын су басты. Жайық өзенінен Атырау қаласына қауіп төнуі мүмкін бе?

Жайық өзенінен Атырауға қауіп төне ме?
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Жылыой ауданында су тасқынына қарсы дайындық екі апта жүргізілген. Кейінгі бірнеше күннен бері су тасқынымен күрес жүріп жатыр.
 
«Бірақ тасқын су Құлсары қаласын басып кетті. Зардап шеккен бауырларымызға барлық көмек көрсетіліп жатыр. Шығын көлемі өтеледі. Дегенмен, Атырау қаласы да бұл «тағдырды» қайталауы мүмкін. Су басу қаупі Ресейдегі Орынбор, көршілес Орал қалаларындағы тасқыннан кем болмайды деген болжам бар. Әлбетте дайындық жүріп жатыр. Бес күннен бері өңірдің құрылыс, мұнай салаларындағы 26 компания Жайық өзенінің жағалауын бекітуге, қорғаныс бөгетін салуға жұмылдырылды. Қажетті қап, күрек және инертті материалдардың резерві дайындалды», деді Жасұлан Бисембиев.
 
Әкім орынбасарының пікірінше, Жайық өзеніне су Ресейдің Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан жіберіліп жатыр. Су Батыс Қазақстан өңірі арқылы Атырау облысындағы Индер, Махамбет аудандарының аумағымен ағып келеді.
 
«Қазір Индер ауданында өзен жағалауын бекіту жұмыстарына 54 арнайы техника, 408 қызметкер жұмылдырылған. Ауданда Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтарға жалпы ұзындығы 10 километр бөгет соғылды. Бұл жұмыстарға 37 950 дана қап пайдаланылды. Ал Махамбет ауданындағы елді мекендерді тасқын судан қорғайтын бөгеттің жалпы ұзындығы – 80 километр. Жайық өзені бойындағы 17 елді мекенде 9 қорғаныс бөгеті осал. Олар Талдыкөл, Бейбарыс, Алға, Махамбет, Сарытоғай, Ескі Сарайшық, Еңбекшіл, Есбол және Ортақшыл ауылдары тұсында орналасқан», деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.
 
Махамбет ауданында су тасқынынан қорғау үшін 56 мың қапқа топырақ қапталып, өзен жағалауы бекітілді. Бұл жұмыстарға барлығы 95 техника, 142 қызметкер, 1300 ерікті жұмылдырылды.
 
«Ал Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауындағы 12 аумақты бекіту жұмыстарына 172 техника тартылды. Қазір жағалауда биіктігі 2 метр, ұзындығы 7 километр бөгет салынды. Бөгетке 100 мың қап пайдаланылды. Бұл жұмыс жалғасып жатыр», дейді әкім орынбасары.
 
Атырау қаласында Жайық жағалауындағы жұмыстарды 5 мыңнан астам адам атқарып жатыр. Оның ішінде әкімдіктің, Қорғаныс министрілігінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар, Полиция департаменттерінің өкілдері жұмылдырылған. Бұл іске 4 мыңға жуық еріктілер тобы үлес қосуда.
 
Әкім орынбасарының пікірінше, бұл әлі де жеткіліксіз болып отыр.
 
«Себебі, 5 сәуірде Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан рекордты мөлшерде су жіберілді. Мұндай су осы кезге дейін болмаған. Сондықтан бірлігімізді танытып, Атырау қаласын тасқын су апатынан аман алып қалуға жұмылуымыз керек. Бізге әр атыраулықтың көмегі керек. Бәріміз Жайық жағалауындағы бөгетті биіктетіп, бекітуіміз қажет. «Көп түкірсе – көл» дегендей, әр азамат бір қап құмды жағаға әкелсе, үлкен бекет болары сөзсіз», деді Жасұлан Бисембиев.