Үкімет • 07 Сәуір, 2024

Ұзынкөл қоймасының су деңгейі төмендеп келеді

65 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Вице-премьер Нұрлан Байбазаров Батыс Қазақстан облысындағы су басқан және су басу қаупі бар аумақтарға, сондай-ақ Орал қаласы маңындағы саяжайларға барды. Вице-премьер өңірдегі негізгі су арнасы – Жайық өзенінде су тасқынының алдын алу жұмыстарының барысымен танысты. Су деңгейінің көтерілуіне байланысты өзен жағасы құм салынған қаптармен нығайтылып, ауыр техникалар жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұзынкөл қоймасының су деңгейі төмендеп келеді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Еске салайық, Ресейдің Батыс Қазақстан облысына жақын орналасқан Саратов және Орынбор облыстары су қоймаларынан үлкен су келіп жатыр. Атап айтқанда, Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 300 текше метр су келіп жатыр. Сондай-ақ Орынбордағы Ирикла су қоймасынан секундына 2 мың текше метрге жуық су жіберіліп жатыр. Бұл су жақын арада Жайық өзені арқылы өтіп, әрі қарай Каспий теңізіне құйылады. Осыған байланысты Жайық өзеніндегі су деңгейі қалаға қауіп төндіретін деңгейге жетуі мүмкін.  

Сонымен қатар Теректі ауданындағы Ұзынкөл су қоймасы тексерілді. Мұндағы жағдай қалыпты, су деңгейі төмендеп келеді.

Үкімет«Мамандар жағдайды үнемі бақылауда ұстауы керек. Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

БҚО-дағы 5 ауданда және Орал қаласында су тасқыны салдарынан тұрғын үйлер мен саяжайларды су басты. Облыс бойынша 7 мыңға жуық адам құтқарылды.

Эвакуациялық пункттерде барлық қажетті жағдай қамтамасыз етілген, су тасқынынан зардап шеккендерге мыңдаған ерікті көмек көрсетіп жүр. Халыққа азық-түлік пен дәрі-дәрмек, киім-кешек тасымалы, сондай-ақ кезекшілік ұйымдастырылған. Оқушылар онлайн-форматта оқуын жалғастырып жатыр.