Аймақтар • 08 Сәуір, 2024

Жылыойдағы төтенше жағдай

81 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырау облысының аумағында бес өзен бар. Оның үшеуі бастауын Ақтөбе облысынан, екеуі Ресейден алады. Су тасқынына байланысты жағдай өте күрделі күйінде қалып отыр.

Жылыойдағы төтенше жағдай

Фото: aikyn.kz

30 мыңға жуық адам эвакуацияланды

Жылыой ауданында 86 939 тұрғын тұрады. Олардың арасында зейнет жасындағы 7 400, мүгедектер санатындағы 2 465, кәмелетке толмаған 37 069 бала, сәби күтіп жүрген 1 004 жүкті әйел бар. Тұрғындардың 60 мың­нан астамы Құлсары қала­сын­да тіркелген.

Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, 4 сәуірде тасқын судың қаупіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Ал 5 сәуірде Жем өзеніндегі су көте­ріліп, соның салдарынан Құл­сары қаласының ортасымен ағатын Құрсай өзегі арнасынан асты. Тасқын су алдымен моно­қа­ладағы «Жадырасын» шағын ауданына, 2 және 3-ауылға кірді.

Бір күнде Құлсары қаласын­да­ғы 500-ден аса нысанды тасқын су басты. Оның ішінде тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, әкімдік ғимараты мен сауда ор­та­лығы бар. Орталық стадион да тасқын судың ортасында қалды. Кеше су басқан ны­сандар 2 800-ден асты. 6 бизнес нысанының ауласына су кірген.

Облыстық жедел штабтың мәліметінше, тасқын су қаупіне байланысты 31 наурыздан бері аудан орталығынан тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. 7 сәуірде сағат 08.00-ге дейін Құлсары қаласындағы «Атырау», «Достық», «Мирас», «Жадырасын», «Мерей», «Шұғыла», Мешіт маңы ауылынан қауіпсіз жерге эвакуа­ция­лан­ған­дар саны 29 545 адамға жетті. Оның ішінде 7 396 бала бар. Эвакуациялық пункттерге 8 011 адам орналастырылды. Олардың 4 578-і – балалар.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, Жылыой ауда­ны­ның тұрғындарын үш бағыт­қа – Маңғыстау облысына, Атырау қаласы мен «Теңіз» кен ор­нын­дағы вахталық кентіне көшіру жүріп жатыр. Мәселен, вах­та­лық қалашықта 10 мың орын дайын­дал­ған. Қазір оған 6 577 тұрғын эвакуацияланды.

Жылыой аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Асұлан Абдрахмановтың ай­туын­ша, 70 науқас көршілес өңір­­ге жеткізілген. Науқастарды Маң­ғыс­таудағы Бейнеу аудандық ауруханасына тасымалдау үшін 14 жедел жәрдем көлігі, 2 автобус бөлінген.

«Жағдайы ауыр науқастарды тасымалдауға реаниматолог, анес­тезиолог дәрігерлері мен то­лық жабдықталған ИВЛ ап­пара­тын қоса жібердік. Жатып бара­тын науқастар жедел жәр­­­­дем көлігімен, өзгелері ав­то­буспен қатынады», деді А.Абдрахманов.

Сонымен қатар Құлсары қа­ла­сында екі адамның мүр­де­сі табылды. Атырау облыс­тық төтенше жағдайлар депар­та­ментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім еткендей, екі ер адам 6 сәуірде трактормен аударылып кеткен. «Жылыой ауданының Құлсары қаласында 1974 жылғы ер адам досымен бірге рұқсат ету құжатынсыз су басқан тұрғын үйді тексеру үшін трактормен бармақ болған. Алайда трактор жолдан шығып кетіп, аударылып қалды. Олардың мүрдесі 7 сәуір күні сағат 11:00 шамасында табылды», деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. Іздеу жұмыстарына жеке құрамнан 3 адам және 1 жүзу құралы жұмылдырылды.

 

Жайықтан қауіп төне ме?

Атырау облысы әкімінің орын­басары Ж.Бисембиевтің айтуын­ша, Жылыой ауданын­да тас­қын сумен күресуге да­йын­дық екі апта жүргізілген. Бірақ тасқын су бой бермеді. Енді Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы ор­наласқан Жайық өзенінен қауіп төну мүм­кін бе? Бұл сауал атырау­лық­тарды алаңдатып отыр.

«Су басу қаупі Ресейдегі Орынбор, көршілес Орал қала­ла­­рындағы тасқыннан кем бол­майды деген болжам бар. Әл­бет­те дайындық жүріп жатыр. Өңірдегі құрылыс индустриясы, мұнай саласындағы 26 компания Жайық өзенінің жағалауын бекітуге кірісті. Қажетті қап, кү­рек және инертті заттар мате­риал­­дардың резерві дайындалды», дейді Ж.Бисембиев.

Оның дерегіне сүйенсек, Индер ауданында Жайық өзе­ні­нің жағалауындағы қауіпті аумақ­тарға 10 км бөгет со­ғылып, 37 мың 950 қап пайдаланылды. Ал Махамбет ауда­нындағы елді ме­кендерді судан қорғау бөге­ті­нің жалпы ұзын­дығы – 80 км.

«Жайық жағасындағы 17 елді мекендегі 9 қорғаныс бөгеті осал. Олар Талдыкөл, Бейбарыс, Алға, Махамбет, Сарытоғай, Ескі Сарайшық, Еңбекшіл, Есбол және Ортақшыл ауылдары тұсында орналасқан. Ал Аты­рау қаласында жағалаудағы 12 аумақ­ты бекітуге 172 техника тар­тылды. Биіктігі 2 метр, жалпы ұзындығы 7 км бөгет салынды», деді Ж.Бисембиев.

Әкім орынбасарының ай­туын­ша, Атырау қаласында Жа­йық жағалауындағы жұ­мыс­тарды атқаруға 5 мыңнан аса адам кіріскен. Бұл іске 4 мыңға жуық еріктілер тобы үлес қосып жүр. Алайда бұл әлі де жет­кі­­лік­сіз болып отыр. Себебі Орын­бор облысындағы Ирикла су қоймасынан жіберілген су мөл­­шері күн сайын өсіп отыр. Мұн­дай су көлемі осы кезге дейін бол­маған. Сондықтан Жайық жағалауындағы бөгетті биіктетіп, бекіту қажет. «Көп түкірсе – көл» дегендей, әр адам бір қап құмды жағаға әкелсе, үлкен бекет болары сөзсіз.

 

Атырау облысы