Таным • 09 Сәуір, 2024

Түс

34 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өмір деген тұңғиықтың түбінде жүрген әр жан лабиринт секілді тарам-тарам тылсым түріне куә болады. Бақсақ, адам өмірінің көп бөлігі ой арқылы, ой жайлауында өтеді.

Түс

Қала берді түсті қосыңыз. Кейбір ғалымдар сегіз сағаттық ұйқының тоқсан минуты түспен өтеді десе, бәзбір деректерде соншалық ұзақ көрінген түс­тер бар болғаны екі-үш се­кундтың ішінде ғана жүзеге асады делінеді. Психоаналитик Зигмунд Фрейдтің оғаш орамдары ғылымда өзіндік негіз қалыптастырды. «Түс жору» еңбегінде түстің өң мен түс арасындағы бейсаналық екенін, әрі түстердің ұлттық ерек­шелігі болатынын баян етеді. Әріге бармай-ақ түс тағы­лы­мының түбірін түркіден суырт­пақтасақ, қайда барса да өз көрін қазып жата­тын Қорқыттың түсі, Абы­лай­дың түсі, Бабырдың Са­марқан қаласын алар ал­дындағы түсі әлі күнге аңызға арқау болып келеді. Абылай хан өзі көр­ген арыстанның ішінен қаш­қан түлкінің қарнын орып жібергенде құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке өріп шығады. Мұны Көмекей әулиенің қалай жорығаны, оның негізсіз қалмағаны түс ұғымының ақиқаттан алшақ жатпайтынынан хабар береді.

Шынында, денедегі рух өлім сәтінде адамнан мүлдем ажыраса, түс кезінде белгілі бір жерлерде саяхаттап жүреді деседі. Кейде оятқышты са­ғат сегізге қойып, оятқыш шы­рылдамай қалса да сол сегізде оянатынымыз бар. Ис­ламда түсті үшке бөліп қа­растырады. Біріншісі – рахмани түс, екіншісі – шайтани, үшіншісі – қияли түс. Рахмани түс – сүйіншілеу, ескерту мағынасында болып келсе, шайтани түс әлдебір қи­ын­дықтан қашып жүру, ты­ғы­рыққа тіреліп жан қина­латын тұстары, ал қияли түс өңдегі ойлардан құралған, не шөлдеген жанның су көруі іспетті құбылыстар. Әлемде түс арқылы туған ғылыми ең­бектер, өлеңдер, прозалық туындылар жиі ұшырасады. Дат ғалымы Вор түсінде күннің үстінде жатқанын, күннің айналасында дөңгелектер айналып жүргенін көреді. Ғалым көп ұзамай-ақ түс негізінде атом құрылысы жөніндегі ғалам­шарлық мо­делін құрас­тырады. Бірнеше жылдан соң қордалы еңбегі үшін Нобель сыйлығын иеленіп, жаһандық танымалдылыққа ие болады. XX ғасырдың ортасында аме­рикалық ғалым Джеймс Уотсон түсінде кобра тектес жы­ланға кез болады. Түсі ар­қылы шабыттанған ол ДНҚ-ның құрылымы мен формасын ойлап табады. Міне, түс тылсымы! Кезекті ғылыми жұмысынан соң қалжырап ұйқыға кеткен Менделеев таң-тамаша түске тап келеді. Кенет өзі неше жыл зерттеп бас қатырған химиялық элементтер кестесі көзіне ап-айқын елестейді. Ғалым тұра сала қалам іздеп, асыға жазуға кірісіп, тек бір элементке ғана түзету енгізеді де қалғанын түсіндегідей етіп қалдырады.

Қазақ өмірді түске теңейді. Егер бұл түсті әлдебір шығар­маға ұқсату қажет болса, «Мың бір түн» ертегісіне теңер едік.