Қоғам • 13 Сәуір, 2024

Тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету жалғасады

112 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда еліміз соңғы 80 жылдағы ең үлкен су тасқынына тап болып отыр. Соның салдарынан   алпыстан аса елді мекен сыртқы қатынаспен байланысын үзген. Әсіресе,  батыс,  шығыс  және солтүстік  өңірлеріндегі жағдай қиындап барады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне қарағанда,  соңғы екі күнде су басқан аумақтардан 80 мыңға жуық адам  эвакуацияланып, 4000 мыңнан  астам тұрғын үй мен 500-ге тарта  аула аумағы су астында қалған.

Тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету жалғасады

Тілсіз жаудың салдарынан шапа шеккен халыққа алғашқылардың бірі ретінде «Қазақстан халқына» қоры  10 млрд теңге шамасында қаражат бөлді. Осыған дейін де 200 баспана салу үшін 5 млрд теңге аударған. Әртүрлі компаниялардан 970 млн теңге жиналыпты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек, 300 отбасыға арнайы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себеттері жіберілді. Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге қажетті заттарды сатып алу үшін облыстардан қосымша 23 млн теңге қаржылай көмек көрсетіліп жатыр.

«Самұрық-Қазына» АҚ қарасты корпоративтік орталық, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Кегок», «QazaqGaz», «Қазақтелеком», «Эйр Астана» және «Самұрық-Энерго» компаниялары бірлесе 15 млрд теңге  шамасында  материалдық  көмек көрсеткен.

Бүгіндері «QazaqGaz» АҚ  мамандары төтенше жағдай кезінде халықты табиғи газбен үздіксіз әрі қауіпсіз қамтамасыз етіп отыр. Аталған компания  «Самұрық-қазына»  қорының портфельдік компаниясы ретінде судан зардап шеккендерге 1 млрд теңге қаражат бөлген. Қазір өңірлерде апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға мыңға тарта қызметкер мен 200-ден аса техника жұмылдырылып отыр. Қашағандағы газ өндеу зауыттарының құрылысына тартылған 100  техника  тасқын сумен күрес жұмысына да жұмылдырылған. Су басқан аймақтарда еріктілер жасақтары құрылып, компанияның кейбір жұмысшылары өз еріктерімен азық-түлік сатып алуға бастама көтеріп, ыстық тамақ таратып жатыр.

Таяуда Сауда және интеграция министрлігі республикалық маңызы бар 20-дан астам сауда желісі қатысуымен кездесу өткізді. Онда Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы күрделі жағдайға байланысты СИМ басшысы ірі ритейл-компанияларын азық-түлік қорының қолжетімділігіне күнделікті мониторинг жүргізуге шақырды.

«Төрт аймаққа көбірек көңіл бөлу қажет. Осы өңірлерде бірінші кезекте ең қажетті негізгі тауарларды жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуіміз керек. Қойма қорларын жедел ауыстыру үшін жергілікті атқарушы органдармен және біздің аумақтық бөлімшелермен іс-қимыл алгоритмі бар. Азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы бізге тез арада хабарлауыңызды сұраймыз», деді Арман Шаққалиев.

Ол сондай-ақ Үкімет су тасқынынан зардап шеккен сауда нысандарына келтірілген зиянды өтеу механизмі  пысықталып жатқандығын атап өтті.