Халық • 15 Сәуір, 2024

Жұрттың талап-тілегі жерде қалмайды

31 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттарының еліміздің су басқан өңірлеріне сапары жалғасып жа­тыр. Еділ Жаңбыршин, Абзал Құспан, Ринат Заитов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев Атырау қаласында, Махамбет ауданы мен Құл­са­ры қаласында болды.

Жұрттың талап-тілегі жерде қалмайды

Сапар барысында мәжілісмендер Аты­рау облысында су тасқынын алдын алуға атса­лысып, су басқан елді мекендердің тұр­ғын­­дарымен кездесіп, зардап шеккен аудандар мен ауылдарды аралады.

Жайық өзенінен сақтанып, бөгет салып жатқан Алмалы ауылының тұрғындарымен кездесуде Нартай Сәрсенғалиев басты мақсат елді мекендерді тасқын судан аман алып қалу екеніне ерекше назар аударды.

– Жайық өзені күніне 20 сантиметрге көтеріліп жатыр. Қазір мұнда Алмалыны аралға айналдырып, бөгетпен қоршап жатыр. Судың қатты соққаны сонша, тұтас тас қабырғаларды опырып тастаған. Махамбет ауданына да ат басын тіредік. Жайық алдымен осында соғады. Махамбет ауданында жалпы 21 елді мекен бар. Соның ішіндегі 17 ауыл Жайықтың тура жанында тұр, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Атыраудың біраз бөлігін сақтап қалуға мүм­кін­дік бар екенін айтып, Ресейден үлкен нөпі­р­мен су келе жатқанына алаңдаушылық біл­дірді.

– Батыс Қазақстан облысына да қиын болайын деп тұр. Ешкімге оңай емес. Қазір Атырауды айналдыра қоршайтын 21 шақырым дамба салынып жатыр. Уақыт аз. Оған қоса Жайық өзені Атыраудың ішімен ағып өтеді. Кәсіпкерлер де қолұшын созып, техникасына дейін беріп жатыр. Әскерилер жұмылдырылды. Өз қалтасынан ақша шы­ғар­ған әріптес депутаттарға, күн-түн демей көмек қолын созып жатқан Атырау, Алмалы, Исатай, Махамбет және тағы бас­қа ауыл тұрғындарына алғы­сы­мыз шек­сіз. «Amanat» партиясының да ұйым­дас­тыруы­мен азық-түлік, қап, қосым­ша жұмыс күші, тех­ника келіп жатыр, – деді Мақсат Толық­бай.

Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесуде Еділ Жаңбыршин жалған ақпа­рат­қа ермей, бұл қиын жағдайдан бірігіп шығу керектігіне баса мән берді. Соны­мен қатар депутаттар су басқан бірне­ше шағын ауданды аралап, жұрттың талап-тіле­гін Атырау облысының әкіміне жеткізді.

– Арнайы комиссия жергілікті белсен­ді­лерді кіргізіп, сапалы жұмыс атқаруы керек. Комиссия тұрғын үйлерді су кеткеннен кейін емес, қазіргі жағдайын ескеріп баға­лауға тиіс, – деді Еділ Жаңбыршин.

Айта кету керек, табиғи апат салдарынан Құлсарыда 2 400 үй су астында қалған, оның 200-ден астамы құлаған. Бүгінгі күні қалада судың деңгейі 60 см-ге дейін төмендеген. Қазір қалада су басқан үйлерді құрғату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмысқа арнайы 58 техника және 50 адам жұмылдырылған. Бүгінгі күнге дейін 7 800 текше метр су шығарылған.

Сондай-ақ депутат Екатерина Смыш­ляева Қостанай облысы Қарасу ауданының тұр­ғындарын эвакуациялауға қатысты. Мұнда 39 елді мекеннің 8-ін су басқан. Ал Қарамырза ауылында 33 аула мен 53 тұрғын үй зақымданған. Жергілікті тұрғындармен кездесуде мәжілісмен су тасқынынан зардап шеккендер тұрғындарға қандай өтемақы төленетінін түсіндірді. Ол үшін арнайы комиссия шығынды толық есептейді. Тұрғын үйлері бүлінген азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.

Бүгінде Қостанай облысында су тас­қы­ны басылып келеді. Өңірде Қарасу және Қостанай аудандарының алты елді меке­нінде, сондай-ақ облыс орталығында 150-ден аса жеке тұрғын үй әлі де су басу аума­ғын­да қалып отыр.

Депутат Вера Ким Павлодар облы­сын­дағы жұмысын жалғастыруда. Ол Атамекен және Кенжекөл ауылындағы бөгеттердің, бекіністер мен жағалаулардың техникалық жағдайымен танысты.

Мұнда су тасқынының бірінші кезеңі апатсыз өтті. Ертіс өзенінің бойында орналасқан Жоғары Ертіс су қоймаларынан Шығыс Қазақстан облысына судың екінші толқыны келуі мүмкін. Тасқынның алдын алу үшін жағалауларды нығайтуға топырақ әкелініп жатыр. Атамекенге 2 мың тонна, Кенжекөлге 6,5 мың тонна құм жеткізілді.

Сарапшылармен және ведомстволық құрылымдардың өкілдерімен әңгімелесу барысында Вера Ким ескерту жүйелерін тексеру, эвакуациялау орындарын анық­тау­ және жағдайды үнемі бақылауда ұстау қажеттігіне назар аударды. Қазір құт­қа­ру­шы­лар елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік етіп, мамандар бекіністерді тексеріп жатыр.