Жәдігер • 15 Сәуір, 2024

XIX ғасыр жебесінің жұрнағы

56 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасиетті Қарқаралы қала­сындағы тарихи-өлкетану мұ­ра­жайының қоры XIX ғасыр­ға тиесілі жебе ұштары жәдіге­рімен толықты.

XIX ғасыр жебесінің жұрнағы

Темір мен мыстан жасалған жебе ұштарын мұражай қорына жергілікті тұрғын, орманшы Серік Туғамбаев тапсырыпты.

Жебе ұштары Қарқаралы аумағын­дағы ескі қорған орнынан табылған.

– Жебе ұштарының ұзындығы 5-10 сантиметрге дейін жетеді. Көне жә­дігер жақсы сақталған. Екі және үш­бұрышты пішін­дегілері мұздықтар мен най­заларға ұқсаса, кішкентай жебе ұштары мыстан жасалған ысқырық оқтарға ұқсайды. Серік Туғамбаев көне жәдігерлерді қалмақтар қорғанынан тауып алған. Олар жартасқа соғылған, – дейді мұражай қорының сақтаушысы Айтбану Қадырова.

Мұнымен қоса, бұл мұражай күй Тәңірі Тәттімбет Қазанғапұлының немересі Шайхы Мұсатайұлының дом­бы­расы, дауылпаз ақын Қасым Аман­жоловтың жеке заттары, мемлекет қайраткері Жақып Ақбаевтың самау­рыны мен көрпесі секілді сирек кез­десетін жәдігерлерге бай.

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы