Қоғам • 17 Сәуір, 2024

Елдегі су тасқыны іште жатқан біраз кемшіліктерімізді ашып жатыр - Еділ Жаңбыршин

222 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда, Атыраудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болды. Ал Атыраудан Алматыға дейінгі билет бағасы 675 мың теңгеге дейін көтерілген. Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кеткен. Жол қатынасы бағасының күрт қымбаттауы және әуе, темір жол көліктерінің аздығы тасқын су басқан облыстардан басқа өңірлерге кетуге қиындық туғызып отыр. Осындай өзекті мәселелерді қозғаған Еділ Жаңбыршин Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Елдегі су тасқыны іште жатқан біраз кемшіліктерімізді ашып жатыр - Еділ Жаңбыршин

Фото: kaz.orda.kz

Депутаттың айтуынша, мәселеге ел Президенті араласып, әуе және темір жол билеттері бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде қатаң ескертті. Осыған орай «Қазақстан темір жолы» компаниясы өздеріне қарасты «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарының билеттері қымбаттамайтынын хабарлады. Qazaq Air әуе компаниясы еліміздің бірқатар өңірлеріндегі су тасқынына байланысты тұрақсыз жағдайды ескере отырып, әуе билеттерінің жоғарғы құнын бір бағытқа 40 000 теңгеге дейін арзандатты. Компания бұл уақытша тарифпен елдегі су тасқынынан зардап шеккен барлық өңірлердің бағыттарында 24 сәуірге дейін әрекет ететінін мәлімдеді.

«Ал еліміздегі ең ірі әуе компаниясы – Air Astana тобы 9-18 сәуір аралығында Атыраудан Алматы, Астана, Ақтау және Шымкент қалаларына 33 қосымша рейс ұйымдастырылғанын мәлімдеумен ғана шектелді. Әуе қатынасы бойынша ішкі рейстер бағасының тым қымбаттауы бұған дейін де бірнеше рет көтерілді. Бірақ түбегейлі өзгерісті көріп отырған жоқпыз. Соңғы жағдайларға байланысты бағаның одан әрі шарықтауы, шектен шығушылық деп білеміз. Ұшатын күн жақындағанда билет бағасын әдейі өсіру – нағыз қиянат. Күні кеше Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаевтың Көлік министріне әлеуметтік желі арқылы жолдаған талабы мүлдем жауапсыз қалды. Неге жауап жоқ? Әлде министрдің әуе компанияларына билігі жүрмей ме? Елдегі көлік саласы тек қауіпсіз және сапалы болып қана қоймай, көпшілікке қолжетімді болуы керек. Осыны көлік компанияларынан талап ету қажет», деді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, зат бағасы да қырық құбылып тұр. Халық тасқынға қарсы жұдырықтай жұмылып жатқанда кейбір алып-сатарлар қара басының қамын күйіттеп жүр. Құны 50 теңге тұратын қапшықтың бағасын 200-300 теңгеге дейін өсіріп, асыра пайда тауып жатқандар аз емес. Осындай күрделі кезеңде баға тұрақтылығын, әсіресе, тасқынға қарсы қолданылатын жабдықтардың және құрылыс материалдарының бағасын ұстау - мемлекеттің басты міндеті.

Депутаттық сауалында Еділ Жаңбыршин тағы бір аса маңызды мәселені көтерді. Оның сөзінше, топанның салдары өңірлерде күрделі санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық апаттарға алып келуі мүмкін. Мұны сарапшылар да, тұрғындар да айтып, дабыл қағып отыр. Су тасқыны зираттарды, қатты-тұрмыстық қалдықтарды, мал өлекселері көмілген орындарды, даладағы дәретханаларды, жанар-жағармай станцияларын да шайып өтті. Тіпті, зиратта жерленген адам сүйегі де сыртқа шығып кеткен жағдайлар анықталды.

Депутаттың пікірінше, Үкімет келесі мәселелерді шұғыл түрде шешу қажет:

  1. Еліміздегі әуе, темір жол, автомобиль көліктері тасымалдаушыларының бағалары тұрақты бақылауға алынып, оның негізсіз көтерілуіне жол берілмесін. Әсіресе, топан судан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қатынасына ерекше назар аудару маңызды.
  2. Әуе қатынастары тарифтерінің өспеуін тек 24 сәуірге дейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесі қарастырылсын.
  3. Тасқын болған өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағармай, құрал-сайман, құрылыс материалдарының және тағы басқа тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыруды қолға алу қажет.
  4. Қазірден бастап Үкімет тиісті министрліктер мен ведомстволармен бірігіп, жұқпалы ауруларға қарсы жедел кешенді шаралар қабылдасын.

Мәжілісмен депутаттық сауалын: «Бұл апат көзге көрінбей, іште жасырын жатқан біраз кемшіліктерімізді ашып жатыр. Ағын су мемлекеттегі «ескі ауруларымызды» тазалауға да себепші болады деген үмітіміз бар. Осы төтенше жағдай бәрімізге сабақ болуы тиіс. Халқымыздың «бір қиындықтың артында екі жақсылық бар» деген дана сөзі бар. Жақсылық та, береке де әрекетпен келеді. Сондықтан халық пен билік бірге қимылдап, топан су зардабын тез арада жоюға күш салу қажет», деп түйіндеді