Қоғам • 17 Сәуір, 2024

Балаларыңыздың болашағын «AQYLмен» бастаңыз...

153 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биылдан бастап «Отбасы Банкі» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (БҰЖЖ) қатысушысы болды, яғни жыл басынан бастап «Отбасы Банкі» «AQYL» білім беру жинақтау салымдарын аша алады. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін банк 10 мыңнан сәл көп депозит ашты. Елімізде 300 мыңға жуық балаға банктерде депозиттер ашылған.

Балаларыңыздың болашағын «AQYLмен» бастаңыз...

«Отбасы банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова өткен жылдың қараша айында 299 579 депозит ашылғанын, тіпті 1 жасқа толмаған балаларға да 12 721 депозит ашылғанын айтқан.  Ал 5 жасқа дейінгі балаларда 50 140 депозит бар. Мысалы, банктің Шымкенттегі филалында 1 жасқа толмаған балаларға – 679, Алматыда – 642 депозит ашылған.

«Бізде видеобанкинг сынды құрал бар. Үйден шықпай-ақ оның көмегімен депозит аша аласыз. Осындай жас салымшы ата-аналар Қазақстанның цифрландырудағы жетістіктерін қолданып, 7 232 депозит ашты. Қазіргі уақытта депозит ашуда видеобанкинг арқылы цифрлық форматқа ден қойып жатыр», деді Ләззат Ибрагимова.

Баласы мемлекеттік грантқа оқуға түсе алмай қалған жағдайда, көптеген ата-ана оны ЖОО-да немесе колледжде оқыту үшін қаражат таппай қиналып жатады. Көп жағдайда біреуден қарыз сұрап, болмаса банктен пайызы жоғары несие ресімдеуге мәжбүр болады. Екінші деңгейлі банктер балалардың қамсыздандыру мақсатында арнайы депозитті айналымға шығара бастады. 

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз бір отбасының 8 баласына Отбасы банктен  «AQYL» депозитін ашқан Тараз қаласының тұрғыны - Айкен Есімова. Бұл көрсеткіш, әзірге, ел көлемінде алғаш тіркеліп отыр.  

А.Есімова бізбен әңгімесінде 4 бала өзінің, қалғаны бауырларының балалары екенін айтты.  Бұл шешім отбасылық кеңесте талқыланып, шешілген мәселе.  Себебі бала  мен ақша теориясы – қоғамда игерілмеген кеңістік. Жеке банк шотында қаржы жиналып жатқанын біліп өскен баланың оны тиімді басқару туралы пайымы да өзімен бірге өзгереді, жетіледі.

«Жақында 6 жастағы баласының атына 10 млн теңге жиған ата-ананың тәжірибесі туралы қызықты ақпарат оқыдым. Мен біздің банкке келіп депозит жинап жүрген бір отбасыны білемін.  Меніңше, бұл жақсы үрдіс әрі үлгі болуы тиіс. Бала мектепті немесе ЖОО-ны бітірген кезде оның атында жеке пәтер болады», дейді А. Есімова.

АҚШ-тағы автокөліктерді жалға беретін «Rent-A-Car» компаниясының негізін қалаған Тейлор Байрон Трот АҚШ тарихында ауқатты отбасылардың балаларының бухгалтериясын үйлестіруді ғылыми негіздеп берді. Кейін ол мұны кәсіпке айналдырып, бірнеше штаттардан еншілес компанияларын ашып, балалардың қалта шығыны туралы кітап жазған.

Трот ата-аналардың басты кемшілігі ретінде балаларымен табысы туралы ашық әңгімелеспейтінін атады. Оның пайымдауынша, «Балаға ақша санауды өмірдің өзі үйретеді» деген пікір дұрыс емес. Біреуге сеніп, біреуге арқа сүйеп қалған адам ешқашан дамымайды. Сондықтан, бала жастан қаржылық сауатын қалыптастыруымыз керек.  Екі арадағы байланыстың ерте басталғаны екі жаққа да тиімді екен.

«Жолдасыммен ақылдасып, отбасылық бюджеттен артылған азын-аулақ қаржыны төрт балаға бөліп, депозит ашуға шешім қабылдадық. Оның айтуынша, «баланы табысыңызға тәуелді еткіңіз келмесе, ақшаны қалай жұмсауды кішкентайынан үйретіңіз», дегенді бала жастан естіп өстік. Себебі баланың ақ­шаға қызығушылығы ғана емес, сатып алуға болатын, болмайтын заттарға көзқарасы да осы жастан жетіледі екен. «Отбасы Банктің» шарттары көңілімізден шықты. Банк менеджері Ақбота Бүркітбаевамен ақылдасқаннан кейін көңілде күмән қалмады. Уақыт өте келе, қаржыны көбірек саламыз деп үміттенемін. Бұл қаржының күні ертең балаларымыздың бір қажеттілігін өтейтініне сенемін. Ең бастысы балалар өздерінің атына депозит ашылғанын біледі», дейді Айкен Есімова.

А.Есімова бізбен әңгімесінде біздің елде министрдің баласының холдингті басқаратыны, әкімнің баласының Президент аппаратында отыратыны қалыпты құбылысқа айналғанын айтты. Ақша санау немесе оны үнемдеу, ақшаны ақшаға жұмыс істетуді отбасында білмей, көрмей өскен баланың қаржыны үйлестіріп отыруы қиын. Біздің елде де баланың қаржылық сауаттылығы, ақша ұстай білуі туралы мәселе терең зерттелуі керек. Оған жаңа көзқарас керек.

«Балаларым әлі кішкентай демеймін. Банктік шоттағы қаржысының пайыздық мөлшері, басқаша айтқанда ақшасының қанша ақша тауып отырғанын айтып беремін. Баланың қаржылық сауаттылыққа жетелейтін әңгіме осындай нақты әрекеттерден басталуы тиіс. Бұрын ақшамның үстіндегі табысты өзіме бер дейтін балам соңғы кездері «жиналып тұра берсін» дегенді айтатын болды»,  дейді А. Есімова.   

Банк қызметкері Ақбота Бүркітбаеваның айтуынша, қазір балаларының атына депозит ашу банк сегментінде енді қалыптасып келе жатқан үрдіс. «Кәмелеттік жасқа жеткенше жиған қаржы инфляцияға жұтылып кетеді» деген күдік сейілген. Салымшылар депозиттің пайызы жылдық инфляция деңгейінен жоғары тұратынын жақсы біледі.

Сондай-ақ ол бізбен әңгімесінде «AQYL» білім беру жинақтау депозиті кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашылуы мүмкін екенін айтып берді. Егер депозит кемінде үш жыл мерзімге ашылған болса, онда депозит мөлшерлемесі жылдық 12% құрайды (GESV 13.1% дейін). Егер депозит 5 жылдан кем емес мерзімге ашылған болса, онда депозит мөлшерлемесі 9.5% құрайды (GESV 10.1% дейін). Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылады. Салым мерзімі аяқталғаннан кейін ол автоматты түрде жаңартылады. Егер бала грант алса, онда «AQYL» депозитіндегі жинақ ақша кейіннен алынып, кез келген мақсатқа, соның ішінде тұрғын үй сатып алуға жұмсалуы мүмкін.

Сондай-ақ балалардың білім алуы үшін мемлекет жыл сайынғы сыйлықақы тағайындау арқылы үнемдеуге көмектеседі. Салымшылардың барлық санаттары үшін ол 5%-ды құрайды. Ал жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедек балаларға, көп балалы және жан басына шаққандағы орташа табысы азық-түлік себетінен төмен отбасылардан шыққан балалар үшін ашылған депозиттер бойынша 7 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйлықақы алынады. Мемлекеттік сыйлықақы 1 жыл ең аз жинақтау мерзімімен есептеледі, яғни мемлекет сыйлықақысы есептелуі үшін салымның депозиттегі мерзімі бір жыл болуы керек.

Депозит ашу кезінде міндетті бастапқы жарна мөлшері 3 АЕК немесе 11 076 теңгені құрайды (2024 ж.). Болашақта ай сайынғы салымды толықтыру сомасын салымшы дербес анықтайды.   

Анықтама үшін: «AQYL» депозитінің мақсаты – балаларыңызға да, өзіңізге де оқуға қаражат жинау. Оның көмегімен отандық немесе шетелдік білім беру ұйымдарында оқу ақысын төлеуге болады.

«AQYL» депозитін Baspana market порталында (otbasybank.kz), банк бөлімшелерінде, кеңесшілердің көмегімен немесе банктің hcsbk.kz сайтына кіріп, бейнеқоңырау арқылы ашуға болады. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) – Қазақстан Республикасының кез келген азаматы үшін өзінің немесе баласының атына білім беру жинақтау салымын ашып, оны болашақта Қазақстанда және шетелде кәсіптік техникалық және жоғары білім алу үшін оқудың ақысын төлеуге қолайлы мүмкіндік.

AQYL  білім беру депозитін ашу үшін екі-ақ құжат қажет: 

  1. Ата-аналарының бірінің жеке куәлігі.
  2. Баланың туу туралы куәлігі және ЖСН.  

Сондай-ақ «AQYL» депозиті 2024 жылдың 6 ақпанынан бастап Otbasy Bank-тің жаңа мобильді қосымшасында қолжетімді болады. Ол үшін App store/Play market дүкенінен «Otbasy bank lite» мобильді қосымшасын жүктеп алу қажет.

Салымшының бір белсенді білім беру депозитінен артық болмауы мүмкін. «AQYL» білім беру жинақтау салымы мемлекет пен үшінші тұлғалар тарапынан өсімпұлдардан қорғалған, сонымен қатар ол Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен сақтандырылған. Грант алғаннан кейін жинақ салымы жабылып, барлық жинақ сомасы, оның ішінде мемлекет сыйлықақысы алынуы мүмкін. Сондай-ақ Ұлттық қордан алынған жинақ ақшамен «Отбасы банкіндегі» «AQYL» депозитін толтыруға болады. Биыл 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары бұл төлемдерді басқара алады. Аталған AQYL білім беру депозитіне банктен пайыздар (банкке байланысты) және 5% немесе 7% мемлекеттен жыл сайын сыйлықақы есептеледі. 

Мемлекет сыйлықақысы жыл сайын банктің сыйақыларымен бірге есептегендегі салымдағы жалпы сомаға, бірақ бір жылда 100 АЕК-тен аспайтын мөлшерде аударылады:

  • 7% басымдылықты санаттағылар үшін: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көп балалы отбасынан шыққан және аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балалар; 
  • 5% басқа санаттағы ҚР азаматтары үшін.  

Минималды бастапқы жарна - 3 АЕК.

Жинақтау мерзімі - 3 жылдан 20 жылға дейін.

Мұны «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасы аясында enpf-otbasy.kz платформасында жасауға болады.

 

АЛМАТЫ