Аймақтар • 20 Сәуір, 2024

Жайық жағасындағы жанкештілік

2038 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауына бөгет салу әлі жалғасып жатыр. Жергілікті тұрғындар, Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, төтенше жағдайлар және полиция құрылымдарының қызметкерлері, әр саланың өкілдері жанкештілікпен еңбек етіп жүр.

Жайық жағасындағы жанкештілік

Суретті түсірген – Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Облыстық жедел штаб­тың мәліметіне сүйен­сек, Жайық өзенінің тасқын суы Индер мен Махамбет ауданындағы ауылдарға, Атырау қаласы мен оған іргелес орналасқан елді мекендерге қауіп төндіреді. Сол себептен жағалауға бөгет салуға, оны бекітуге әлі назар аударылып отыр. Су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын жеделдету үшін Түркістан облысынан – 123, Жамбыл өңірінен – 55, ал көршілес Маңғыстаудан 17 арнайы техника жеткізілген.

Мәселен, Индер ауданында жалпы ұзындығы 17 850 метр қор­ғаныс бөгеті бар. Бөгеттің құ­жа­ты заңдастырылып, теңгерім­ге алынған. Биыл көктемгі су тасқынының алдын алу үшін қосымша 10 070 метр бөгет жасал­ды. Осылайша, бұл аудандағы бө­гет­тің ұзындығы 27 920 метрге жет­ті. Оның ішінде 24 320 метрі биіктетілді.

«Қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекені кіреді. Бөгеттің 10 500 метрі осы аумақта орналасқан. Қазір Жарсуат ауылында 4,9 шақырым бөгетті салу толығымен аяқталып, қосымша 2 шақырымға ұзартылды. Ал Құ­рылыс ауылында 5,6 шақырым бөгет бар. Оның 3 шақырымын ны­ғайту жұмысы толығымен аяқ­талды», дейді аудандық төтен­ше жағдайлар бөлімінің бастығы Әділ Қонқаев.

Оның мәліметіне сүйенсек, Индербор кентінде, Елтай, Есбол, Көктоғай, Бөдене, Өрлік және Ынтымақ ауылдарындағы бөгеттің осал тұсы биіктетіліп жатыр. Бұл жұмысқа мекемелердің 520 қызметкері, әскери бөлімдердің 300 сарбазы, 93 арнайы техника тартылған.

Кеше Индербор кентінде тұратын аналар Жайық өзенінің жаға­сында бөгет салып жүрген сар­ба­здарға ыстық бауырсақ пен бәліш, сусын әкелді. «Бізді қорғайтын еліміз, Отан қорғау­шыларымыз бар. Қиын сәт туын­дағанда әскерилердің көмекке кел­ге­ніне ризамыз. Күні-түні дамыл таппай, бөгет салуға қатысқан барша азаматқа басымызды иіп, ал­ғы­сымызды білдіреміз», дейді кент тұрғыны Сәуле Темірғалиева.

Атырау облыстық жедел шта­бының мәліметіне сүйенсек, бөгет салуға Қарулы Күштер, Ұлт­тық ұлан, Шекара қызметі, төтен­ше жағдайлар және полиция құрылымдарынан 2 962 сарбаз атсылысып жүр. Солардың қатарында Жамбыл облысында орналасқан Гвардейск гарни­зо­нын­дағы 82796 әскери бөлімінің әскерлері де бар.

«Біз бұл өңірге бір апта бұрын келген едік. Басты мақсатымыз – Жайық өзенінен төнуі мүмкін су тасқыны қаупінің алдын алу. Біздің әскерилер дамылсыз жұмыс істеп, бө­гет салуды жеделдетіп жатыр», дейді әскери бөлімнің кіші сержанты Елдар Жәнібеков.

Әскерилердің бір тобы Махамбет ауданында бөгет салып жүр. Бұл аудандағы 21 елді мекенде 30 мыңнан аса адам тұрады. Жайық өзенінің жағалауына 17 ауыл жақын орналасқан. Сол елді мекендерді тасқын судан қорғау мақсатында 80 шақырым бөгет салу жоспарланған. Оның 20 шақырымы жаңадан салынып жатыр. Осы кезге жағалауға құм толтырылған 800 мың қап төселген.

«Шымкент қаласындағы 35748 әскери бөлімінен 300 әске­ри қызметші келген едік. Өзі­міз­дің 17 техникамыз бар. Елді мекендерді су тасқынынан мықты бөгет қана қорғайды. Сол себептен бөгетті тез әрі сапалы салуға атсалысып жатырмыз», дейді шым­кенттік әскери қызметші Мирас Жанәбілов.

Жайық өзенінен су басу қаупі төнетін елді мекендердің қатарында Алмалы ауылдық округі де бар. Аталған округ бұрын Махамбет ауданына қараған еді. Кейінгі жылдары Атырау қаласының әкімшілік бөлінісіне ауыстырылды. Округ әкімі Гүлшат Аухадиеваның айтуынша, округ аумағында екі ауыл, 8 саяжай бар. Алмалы ауылында – 8,6 шақырымдық, ал Береке ауы­лында 10,4 шақырымдық бөгет салу қолға алынған.

Қазір бұл ауылдарда спорт, мәдениет, төтенше жағ­дай­лар сала­сының өкілдері, «КТК», «Ба­тыс­строй» «Бірлік», «Ден­холм Жолдас», «Тау кен» секілді 20-ға жуық кәсіпорынның қыз­мет­керлері мен әскерилер дамылсыз еңбек етіп жүр. Бәрінің жүзі тотыққан. Бірақ ерге тән мінез­бен шаршағанын сездірмейді.

«Бөгет тұрғызу аяқталғаннан кейін, оны биіктету жалғаса береді. Қазір Алмалыда бөгеттің дені салынып, 200 метрдей бөлігі қалды. Ал Берекеде әлі 5,6 шақырымын салу қажет. Бұл жұмыс ауыл тұрғындарының, спорт, мәдениет, төтенше жағдайлар саласы мамандары мен әскерилердің күшімен атқарылып жатыр. Топырақ тасу жұмыстарына Түркістан, Жамбыл облыстарынан жеткізілген кө­ліктер тартылды», дейді Гүлшат Аухадиева.

Бір ерекшелігі, бұл округте Жайық өзеніне 350 метр бонн қолданылған. Төтенше жағдай­лар саласы мамандарының түсін­ді­руінше, бонн – су айдынына төгіл­ген мұнай өнімдерін жинауға қолданылатын құрылғы. Бұл су ағысының ағынын баяулатуға ықпал етеді. Тағы бір айтатын жайт, құм толтырылған қапшықтардың төзімділігін арттыру үшін көлік тегершіктері қолданылып жатыр.

Алмалы ауылында су тас­қынына бірнеше рет куә болған­дар бар. Соның бірі Дүйсенбай Салиханов су тасқыны қаупін үш рет көрген.

«Су тасқыны – табиғи құбылыс. Жайық өзеніне бір жылы су мол келеді. Кей жылы су тым аз болып, өзеніміз құрғап қала жаздады. Осы ауылда туып-өскендіктен, мұның бәрін көріп келемін. Алғаш рет су тасқынына 1970 жылы куә болдым. Сол кезде 6 жаста едім. Кейін 1993 жылы Жайық өзені арнасынан асып, ауылымыз су ортасында қалды. Мұндай қауіп 2005 жылы да кездесті. Біз соның бәрінен аман өттік. Биыл еліміздің бар өңірі көмекке жұмылғаннан кейін су тасқынынан аман өтетінімізге сенемін», дейді Д.Салиханов.

 

Атырау облысы