Басылым • 23 Сәуір, 2024

Мерекеде туған ой

24 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін – оқырмандардың мерекесі. 23 сәуір – Халықаралық кітап күні. Осы орайда елімізде түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Мәселен, күні кеше ғана елорда төрінде Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. Бес күн бойы астаналық оқырманға түрлі жиын ұйымдастырып, сан­даған кітап ұсынған дүбірлі жәрмеңкеден ешкім құрқол қайтқан жоқ. Көр­меге қойылған кітаптардың жанры да, сапасы да әртүрлі: түрлі ойға жетелейді.

Мерекеде туған ой

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жалпы, әлемдік статистика бойынша киноиндустрия мен кітап саудасын салыстырсақ, кітап шығару әлдеқайда көбірек пайда әкеледі. Бұл тұжырымды естіп, білгенімізбен еліміздегі баспа саласы мен кітап нарығының жағдайы ондай дәрежеге әлі жете қойған жоқ. Мәселен, қазіргі таңда 300-ге жуық баспа мен 800-ге тарта баспахана жұмыс істейді. Сонда да қоғамда кітап өндірісінің имиджі төмен. Оған себеп, кітап басып шығаруда нақты жүйе мен маркетингтің жоқтығы. Содан болар, кітап сатудан түсетін табыстың тек 25 пайызы ғана отандық өнімге тиесілі.

Еліміздегі баспалардан шығатын кітап өнімдерінің 80 пайызын оқулықтар құрайды. Ал нарықтағы өзге кітаптардың 80 пайызы – ресейлік баспалардан шығатын кітаптар. Бұрын отандық кітаптар аз таралыммен шығатындықтан, сатылымда көп кездеспейтін. Яғни ком­мерциялық бағытта кітап нарығы дамымай отырғанын көрсетеді. Қазір бұл ахуал сәл де болсын оңалған сияқты, отан­дық кітаптардың сатылым деңгейі де белгілі бір дәрежеде өсіп келеді.

Ал жаңа шығып жатқан қазақша кітаптардың көп бөлігі мемлекеттік мекемелерге үлестіріледі. Соңғы уақытта ғана қазақ авторларының жинақтары бірнеше кітап дүкендерінде сатылып, қазақ кітап дүкенінің контенті қалыптаса бастағандай. Мәселен, қазіргі таңда «Атамұра», «Жа­зушы», «Фолиант», «Мазмұндама» бас­паларының кітап дүкендерінен бөлек Qazyna, Qasym kіtaphanasy сериясы, akel.kz, Ziyat, сондай-ақ әр өңірдегі кітап дү­кендері жұмыс істеп тұр.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде кітап саудасымен айналысатын 137 кәсіпорын тіркелген екен. Соның бірі – бүгінгі кітап нарығында «Меломан» дүкенінің үлесі зор екенін де айта кетейік. Бұл дүкенде кітап тез әрі көп өтетіндіктен беделді саналып отыр. Моно­полия болған соң, тауарларының бағасы да жоғары. Осыдан, шамамен 4-5 жыл бұрын «Меломанда» қазақ кітаптарына арналған бұрыш ашылды. Сол кездері қазақ әдебиетінің классикалық туындылары сатылымға қойылған еді. Алайда бұл көрсеткіш отандық кітап дүкенінің қазақ авторларына кенде екенін байқатады. Ал кейінгі авторлардың «Меломанға» деген базынасы бөлек. Яғни оған кітап өткізу үшін қаламгердің ЖК немесе ЖШС болуға тиіс. Бұдан бөлек кітабының дизайны мен сапасына ерекше көңіл бөледі. Ал келісімшарты бойын­ша кітаптың бағалануына байланысты

50-70 пайызға дейін үстемеақы қосылады. Осы себептен де республикадағы ірі моно­полиялық кітап дүкені, негізінен шетелдік кітаптарды сататын орынға айналған.

Баспа өндірісіндегі жасалып жатқан азды-көпті іс-әрекет жүйелі жұмысқа ұласқан уақытта кітап саудасы да үлкен кәсіпке айналар. Сондықтан қоғамда қазақтілді кітаптардың контен­тін қалыптастыру үшін ең алдымен, негізгі ошақ – баспа өндірісін бір жүйеге келтіру керек-ті.