Спорт • 25 Сәуір, 2024

Өзбекстанда өнер көрсетеді

38 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

6-11 маусым аралығында Ташкентте өтетін Азия чемпионатында Қазақ елі намысын қорғайтын көркем гимнастшылардың есімі белгілі болды. Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупованың таңдауы Елжана Тәниева мен Айбота Ертайқызына түсті.

Өзбекстанда өнер көрсетеді

– Өзбекстанда жалауы жел­бірейтін жарыста Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынатыны белгілі. Сол себепті де біз іріктеу сынына ең үздік гим­настшыларды апаруға тиіспіз. Соңғы тур­нирлерді қорытындылайтын болсақ, Испаниядағы Гран-приде Елжана Тәниева «доп» жаттығуында дара шықты. Көпсайыста жеңіс тұғырына көтерілу үшін оған санаулы ғана ұпай жетпеді. Тәниева – қазір командамыздың көшбасшысы. Сол себепті оның лицензиялық турнирге қатысатыны анық. Осыдан біраз күн бұрын Гре­кияда дәстүрлі «Афродита кубогі» өтіп, жерлестеріміз ал­ты жүлдеге қол жет­кізді. Осы жарыс қарсаңында мен өз шәкірттеріме «Афинада кім өте жақсы өнер көрсетсе, Ташкентке сол барады» деп алдын ала ескерттім. Бұл бәсекеде Айбота Ер­тайқызының бағы жанды. Сон­дықтан да аталған додаға Ай­ботаның қатысуы заңды, – дейді Ә.Юсупова.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы Азия чемпионаты былтыр Филиппиннің астанасы Манилада ұйымдастырылды. Сол жарыста Қазақстан құра­масы 14 жүлдеге (3 алтын+4 кү­міс+7 қола) қол жеткізіп, жал­пы есепте үшінші орынды ие­ленді. Алдымызда – Өзбекстан (8+7+1) мен Қытай (4+0+2). Сондай-ақ жүлде алған­дардың арасында Жапо­ния (0+1+6), Қырғызстан (0+0+1), Оңтүстік Корея (0+0+1) және Филиппин (0+0+1) құрамалары бар.

Қазақстанның гимнаст­шылары арасында жекелеген сайыста Айым Мейір­жанова («доп») ғана алтыннан алқа тақса, топтық жарыс­та жерлестеріміз бас жүл­денің екеуін олжалады. Ал көпсайыстың қорытындысы бойынша Елжан Тәниева күміс медальді мойнында жар­қыратса, Айбота Ертайқызы бесінші орынға табан тіреді. Жа­рыстың бас жүлдесін өз­бек­стандық Тахмина Икро­мова олжаласа, қытайлық Ван Зилу қолаға қол созды.