Қазақстан • 25 Сәуір, 2024

Телефон-алаяқтары жаңа айла ойлап тапты

92 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық Банкі жасанды интеллектті қолданушы алаяқтардың көбейіп келе жатқанын ескертеді. Бұрындары алаяқтар өз құрбанының туысы, жақын адамы немесе танымал медиа-тұлға болып смс-хабарлама арқылы ақша сұраса, қазір сол адамның дауысын салатын болған, деп жазады Egemen.kz

Телефон-алаяқтары жаңа айла ойлап тапты

Адамның шынайы дауысын пайдалану үшін қаскөйлер мессенджерлердегі (WhatsApp, Telegram және т.б.) аккаунттарды бұзып, дауыстап айтылған хабарламаларды көшіріп алып, оларды нейрондық желіге жүктейді, не болмаса дауыс өзгертетін технологияларды қолданады. Кейін смартфон иесінің дауысы ақша жіберуді сұрайтын өтінішке айналып, дауыстық хабарлама түрінде жіберіледі, тіпті сол адамның атынан мәтінмен де келуі мүмкін.

Смартфонға бұзып кіру үшін алаяқтар ұялы байланыс операторының техникалық қолдау қызметінен деп қоңырау шалып, телефонға келген кодты айтуын сұрайды. Зиян тигізетін сілтемелер балалар байқауына дауыс беру немесе әлеуметтік маңызы бар тақырыптарда сауалнамаға қатысуға шақыру түрінде де жіберілуі мүмкін.

Содан кейін айласын асыруға кірісетін қаскөйлер алаяқтыққа көшіп, адамдардан ақша алу үшін туысының, әріптесінің, танысының, қандай да бір медиа-тұлғаның атынан байланысқа шығады.

Жасанды интеллектің әртүрлі құралымен мессенджерлерде «күштік құрылым өкілдерінің» (ҚР ІІМ, Бас прокуратура және т.б.) атынан бейнеқоңырау шалып, азаматтарды Қазақстан Ұлттық Банкімен «бірлесіп жасалатын» төлем операцияларына қатысуға үндейді. Әңгіме барысында резервтелген ұяшықтың немесе брондалған қаражаттың қағаздары деп Ұлттық Банктің атынан жалған құжат ұсынады. Азаматтардың сеніміне кіру үшін жалған құжаттарда мемлекеттік органдардың немесе жеке компаниялардың «уәкілетті адамы» қойған қолы мен оның аты-жөні және басылған мөрі көрсетіледі.

Ұлттық Банк мобильді телефонды бұзып кіруге жол бермес үшін күдікті сілтемелерге өтпеуге, телефонға келген код пен парольді ешкімге айтпауға және жібермеуге шақырады. Сондай-ақ Ұлттық Банктің қызметкерлері мессенджер арқылы аудио/видеоқоңырау шалмайтынын, банк қызметкері болып қоңырау шалған адаммен арадағы әңгімені тез арада үзіп, қандай да бір шараға немесе төлем операцияларын жүргізуге қатысудан бас тарту керектігін ескертеді.

Айта кетейік, өзіңіз немесе танысыңыз алаяқтың құрбаны болса, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге, арыз жазуға болады. Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің Байланыс орталығына қоңырау шалуға да болады.