Таным • 25 Сәуір, 2024

«Құдай сөзінің» құдіреті

150 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Біздің ұлт о баста бір ауыз сөзден көктеп, көркейген секілді болады да тұрады. Ол қандай сөз десеңіз, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында Қарабай мен Сарыбай серт байлап, құда болғандағы сөз. Ол бәлкім қарын құда, әлде екеуін серттестірген достық шығар, әйтеуір осындай көбею мен молаюға, яғни өсіп-өнуге, өріс кеңейтіп, өркендеу жолында жақсылыққа жаралған қасиетті сөз екені даусыз.

«Құдай сөзінің» құдіреті

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ақселеу Сейдімбек жиһанкез­дердің қазақ даласында елдік дең­гейдегі небір үлкен мәселе­лер, ұлыс қамын күйттеген ұлы істер ешқандай кепілсіз-ақ бір ауыз сөзбен, берген уәдемен шешіле беретінін таңғала әрі сүйсіне жазғанын айтады. Сөзде тұру, серттен таймау адамзат баласының ең асыл қасиеті екенін ерте білген қазақ. Адам­ның құны сөзінде тұруымен, уәдесіне сай іс атқаруымен өлшенсе керек, тегінде. Абай­дың «Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» дегені осындайда қылаң береді. Былай қарағанда бір ауыз сөзде тұр­­ған не бар? Бір ауыз сөзде не жоқ? Бұл тура­лы Кәкімбек Салықов жазған өлең де бар:

«Бір ауыз сөз қасіретті тыяды,

Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды.

Бір ауыз сөз әлемге әйгі еткізсе,

Бір ауыз сөз жаманатқа қияды.

Бір ауыз сөз мұхиттарды жалғайды,

Бір ауыз сөз ұран болып самғайды.

Бір ауыз сөз ұшса бақыт құсы боп,

Бір ауыз сөз арсыз жандай алдайды.

Бір ауыз сөз таң Шолпанын әперер,

Бір ауыз сөз анаңдай боп мәпелер.

Бір ауыз сөз ұл туды деп қуантса,

Бір ауыз сөз әке өлімін әкелер.

Бір ауыз сөз жан тетігін табады,

Бір ауыз сөз мың әуреге салады.

Қимас жандар көз жұмарда қоштасып,

Бір-ақ ауыз сөз айтысып қалады».

Әңгімені сонау «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан бастағанымыз тегін емес. Онда оқиға күн баласы мен түн баласы – Сарыбай мен Қарабайдың сөз байласып құда болуынан басталып өрбиді. Аңда жүріп кездескен ізгілік (Сарыбай) пен зұлымдық (Қарабай) иесі серт түйіп, қарын құда болғаны ешбір іспен, қазіргіше құжатпен бекімеген. Сенде ұл, менде қыз туса, құда боламыз деген жалғыз ауыз сөз (серт) ғана. Түптеп келгенде бұл – ел болудың, әулет пен әулет бірігіп, дүниеге жаңа шаңырақты әкелудің, соның арқасында ұрпақ сүйіп көбеюдің негізі. Көбею өз алдына, егер ұл мен қыз туса, арада алтын көпір түзі­ліп, өріс кеңиді. Сол екі арада екі құ­да­ның алдынан шыққан буаз марал жа­ра­тылыстың обал-сауабының бейнесі секіл­ді. Қарабай Сарыбайға атып берші деп жалынады. Сарыбай «Атпаймын, буаз екен, обал болады», деп азарда-безер болады. Қарабай сонда құдасын азғырады. «Достығымыз, құдалығымыз қайда қалды?» деп мінбелейді. Сарыбай «құда болсақ аянарым жоқ» дегендей маралды садақпен тартып салады. Ішінен егіз лақ шығады. Түптеп келгенде Сарыбай буаз марал мен тумаған екі лағының обалына қалады. Сөйтіп, қайтар жолда аттан құлап жан тапсырады. Бұл да әлгіндегі бір ауыз сөздің, құдалықтың арқасы. Әйтпесе, Қарабай қанша азғырса да, Сарыбай маралды атар ма еді, атпас па еді? Өйткені жырдың басында Сарыбай өмір бойы жақсылық жасап, алғыс алған, ештеңенің обалына қалмаған жан еді ғой. Қарабай атпасына қоймай көндірді.

Сарыбай өлген соң Қарабай серттен тайды, «Жетім ұлға қызымды бермей­мін», деп көшіп кетеді. Нақтылағанда сө­зін­де тұрмайды. Бұл жерде Сарыбай мен Қарабайды жекелеген адам деп қарастыруға болмайтынын айттық, күн мен түн баласы, яғни дүниені ұстап тұрған екі ұлы күш. Екеуінің жылқысы жер бетіне сыймайтынының өзі көп жайдан хабар береді. Қысқасы, Қарабай – ант атқан адам. Қазақта уәде – Құдай сөзі. Уәдені орындамағанды ант атқан немесе Тәңір атқан деп атайды (Абай шығармашылығында қолданатын ауыр сөздердің бірі осы). Сөйтсе де, Қарабайдың серттен тайғанына қарамастан екі елдің өкілдері, тіпті Қарабайдың қарсылығына қарамастан оның еліндегілердің өзі Сарыбай мен Қарабай шаңырағында дүниеге келген Қозы мен Баянды қосуға ниетті. Себебі арада екі байдың серттес­кен құдалығы, яғни бір ауыз сөзі бар. Екі елдің жоралғысын, яғни құдандалы болуын ұстап тұрған – жалғыз ауыз сөз. Ежелден қалыптасқан қазақтың түп санасы, соның негізінде түзілген ұлттық ойлау жүйесі Құдай сөзі уәдеге, адалдыққа, соның негізінде құрылатын болашақ отбасының өзіне осылайша алаңдап, аса байыптылықпен қарағанын аңғару қиын емес. Әсіресе әулет ісіне, шаңырақ көтеруіне жасалған алғашқы қадамға асқан ыждағаттылықпен мән беріп, көздің қарашығындай сақтағаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан бастап жыр-дастан, толғау ретінде өрілген барлық ұлттық әдебиет қайнарынан көрінеді. Бір ғана мысал, «Қозы Көрпеш» жырында Қарабай қызымды Қозыға бермеймін деп Сарыбай елінен іргесін аулақ салуға түп көтеріліп көшкенде, оның асырап алған екі қызы Ай мен Таңсықтың елі мен жері, көлі мен белімен қоштасуындағы түйінді сөз:

«Сегіз сай тау біткен-ді, сала аман бол,

Халайық, қалған елдің шалы аман бол.

Қарабай қайын атаң сенен қашты,

Жөргекте Қозы Көрпеш бала аман бол», болып келеді.

Қарабайдың асырап алған қыздары болса да, елдіктің сөзін ту етіп, аманат, ант пен уәдеге қиянат жоғын айтып, тірі болса атастырылған жарын таппай қоймас деген үмітпен аттанып барады. Бұл қыздардың ғана емес, сол кездегі ел тілеуі деуге тұрарлық. Қарабайдың қосағы, бесіктегі Баянның анасы болса да, болмаса да оның анттан аттағанына қарсы. Мұның астарында бір ауыз сертті сөз байлаған адалдық пен ақ махаббат, сол сезімді баянды ететін болашақ отбасының құндылығы жатқан жоқ па? Қазақ отбасы мәселесін, тіпті екі жастың болашағын бесіктен бастап ойлағанын көреміз.

Дүниенің екінші шетіне түп көтеріліп көшкен ел де бесікте қалған нәрестенің амандығын тілеп барады. Қайткен күнде ант пен уәдені, ата салтты бұзбау керек. Ол бұзылған күні ел бұзыларын емеурін етіп тұр. Әлкей Марғұланның жазуынша, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры екі мың жыл бойы қазақ даласын тербетіп келе жатқан көне шығармалардың бірі: «Қазақ әдебиетінде ғасырлар бойы жарқын түрде жырланып келе жатқан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – ең ескі аңыздардың бірі. Ол – көне замандағы түркі, моңғол тайпаларының арасында көп тараған бір ғажайып оқиғаның сюжеті. Бұл аңыз­дың ең ескі дәуірдегі (б.э.ІІІ ғасыр бұ­рын) бейнесі жарқын өрнек, алтын­нан құйылған ескерткіш ретінде сақталған. Онда «Шоқтеректің», оның түбіндегі екі жастың келбеті келтірілген. «Шоқтеректі» суреттеген бұл алтын бейне XVIII ғасыр­дың ішінде, Ертістің күншығыс жағында жатқан байтақ даладан, Алтай тауына таяу жерден табылған. Ол бейне бүгінде Эрмитажда сақтаулы тұр. Ғалымдардың зерттеуі бойынша бұл эпикалы алтын бейне біздің заманымыздан III-IV ғасыр бұрын жасалған. Ол суретті ескі жазуларда «көшпелі елдің демалатын ағаш түбі» деп атаған. Қазақ пен алтай тілдерінде «шоқ (чок) терек» дейді. Әдемі шоқ теректің түбі, онда отырған жігіт пен қыздың суреті алтын ілгектің бетіне түсірілген суреттің негізгі фоны – жапырағы көп шоқ терек. Оның түбінде бір жас әйел мен сақа кісі отыр. Олардың тізелерінің үстінде өліп жатқан алып ердің бейнесі. Оның басы жас әйелдің тізесінде, құшағында болса, аяғы, бөксесі сақа кісінің алдында жатыр», деп жазады Әлкей Марғұлан. Көнеден келе жатқан дастан түркі тілдес халықтардың біразына ортақ, бізде бірнеше нұсқасы сақталған. Жырдан ежелгі қазақтың дүниетанымы, салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі аңғарылады. Қарабайдың қыздары Ай мен Таңсықтың «Жөргекте Қозы Көрпеш бала аман бол», деп тілеуі, Қозының ағасы Айбастың Қарабайдың жұртын іздеп тауып, Баянды кездестіріп, бауыры Қозыға атастырылған қалыңдығы барын құлағдар етуі, қос ғашықтың қосылуына жағдай тудыруы елдің адалдық пен махаббатқа жақтас екенін, болашақта шаңырақ құрмақ екі жастың қосылуын қалайтынын әйгілейді.

Түркі халықтары арасында, оның ішінде әсіресе қазақ топырағында мыңжылдықтар бойы жасап, ұлттың рухани қорегіне айналған дастан екі жастың махаббатын әйгілеп қоймайды. Олардың шаңырақ көтергендерін көксеген елдің пейілі мен ниетіне де қанықтырады. Сарыбай аттан құлап мерт болып, хабарсыз кеткенде сүйегін қауым ел іздеп шығады. Сүйегі табылған соң ел-жұрты қарап қалмайды. Зайыбы Сарыбайды арулап аттандырған соң, елдегі бір ағайынын би сайлап, ас бергізеді. Қарабаймен құдалық туралы келіскен сөзін аяқсыз қалдырмау мақсатымен келіссөзге кісі аттандырады. Қалай да құдалық серт пен уағданы сақтауға тырысқаны байқалады. Жалғыз-ақ Қарабай кергіп, шоршып түседі де отырады. «У ішсең руыңмен» деген қазақ қашанда ел-жұртымен бірге екенін осы шығармадан аңғаруға болады. Сол заманның өзінде екі жастың қосылып, шаңырақ көтеруіне әулет үлкендері, ел ағалары кіріскені көп жайттан хабар береді. Далалық өркениет бірден өсіп-жетіліп, сол күйінде туа салған жоқ қой. Ол – қаншама мыңжылдықта түзіліп шыққан сана мен рухтың жемісінен туған салт-дәстүр қазынасы. Әулет пен шаңырақтың береке-бірлігіне қатысты ұлттық салт-дәстүрден артық институт бар ма?

«Әке тұрғанда ұл сөйлегеннен без, шеше тұрғанда қыз сөйлегеннен без» деп артық кеткен жерін тыйып отырғаны туралы мысал жеткілікті. Отбасы ойрандалып, әулет ішінде алауыздық туса, ел іргесі сөгілерін қазақ ертеден пайымдап, әр келеңсіздіктің алдын алып, тыйым сала білгеніне осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының өзі мысал. «Ағайын араз болған соң, ел екіге жарылды», дейді Дулат Бабатайұлы. «Қара ісіңе дем беріп, қарайтты әдейі ағыңды», деп күйінген зар заман ақындарының қауіп еткендегі сөзі дұрыс қана емес, өте дұрыс екенін аңғарамыз. Ағайынның арасы ашылса, елдің де берекесі қашады. Заман өзгерген жоқ, терістіктің бәрі арам пиғылды отарлаушылардың қолымен қасақана жасалды. Теріс нәрсе дұрысқа саналған соң, мыңжылдық салт-сана мен тәлім-тәрбие іске алғысыз күйі қалды. Соның салқыны мен кері қазір жөнге айналып бара жатқаны шошытады. «Отан отбасынан бас­талады» деген қазақтың отбасы институтын, әулет ынтымағын қайта қарап, жандандырса, нұр үстіне нұр. Қазақ отбасы мен әулетінің заманауи негізгі ұстыны неге насихатталмайды? Бізде аса маңызды шешімдер шығарылғанда тек қана Батыстың ілімімен уланып қалған психолог, социологтердің тұжырымы ғана емес, ұлттық танымның игілігі мен жетістігі ескерілуі керек қой. Отбасы құндылығы – Отан игілігі, оған сөз жоқ. Ендеше, қылдан жіңішке, қылыштан өткір осы ұғымға келгенде, асқан байыптылық пен қырағылық танытқан ел ұтады. Осы­дан екі мың жыл, бәлкім одан бұрын шы­ғып, бүгінге жеткен жырдың негізгі өзегі отбасы мен әулет әңгімесіне тірелгенінің өзі кездейсоқ емес. Демек бұдан мың жыл бұрын да отбасы мен әулет Отан тірегі болған. Қазақтың көне жырларында айтылғандай, ат үстінен жүрдім-бардым қарауға келмейтін өте күрделі мәселе.

Айналып келгенде құндылықтар аяқасты болып, құнымыз неге қашты, қадіріміз неге кеміді? Себебі сөзде бәтуа жоқ. «Айтылған сөз – атылған оқ», ант, уәде ретінде қарастырылғанын көреміз бұрын. Берген уәде сол орнында қалған соң кісіде құн қала ма? Сөз адамның құны, айтып алып істемедің бе, онда құн да, қадір де, бәтуа да жоқ екен. Әуелде айтылған бір ауыз сөздің соңынан Сарыбай мен Қарабай әулеті қалай түп көтеріліп жұмыла кіріссе, қазіргі жауапкершілік одан бәлен есе зор. Сөз жүзеге аспаған соң сенім кетеді, сенім кеткен соң іс бекімейді, сөйте-сөйте отбасылар мен әулеттер арасы сетінейді, ел береке-бірліктен айы­рылады, одан соң жағдай белгілі. Бәрі бір ауыз сөздің шуағы мен кесірінен. «Айтылған сөз атылған оқ» болса, егер ол нысанасына дөп тиіп, жүзеге аспайды екен, қаңғалақтап жүріп біреуге тимей қоймайды. Ақырында Қозы мен Баянның басып жұтып тынғандай ғой мысалы. «Ер жігітке жарасар, қолына алған найзасы. Би жігітке жарасар, халқына тиген пайдасы. Ақсақалға жарасар, тілеуқорлық айласы. Бәйбішеге жарасар, еміздіктеген сабасы. Келіншекке жарасар, емшектегі баласы. Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы... Бұл жалғанда бір жаман – ағайынның аласы», – деп Бұқар жырау ертеде шегелеп тұрып айтып берген жоқ па?

Сөз бен іске сақ болайық!