Жәдігер • 25 Сәуір, 2024

Тұрар Рысқұловтың Ташкентте сақталған диктанты

48 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұрар Рысқұлов тұлғасы жылдар өткен сайын елшіл ұрпаққа жақындай түседі. Оның азаматтығы, халқының болашағы үшін батыл да қайсар, қажырлы да қайратты болғандығы – ұлтын сүйгендерге үлгі-өнеге. Бүгін ұлы тұлғаның өмірі мен қызметі туралы білгісі келетін үлкен де кішінің көбеюі осы ойымызды айғақтайды.

Тұрар Рысқұловтың Ташкентте сақталған диктанты

Жамбыл облысының мемле­кеттік архивінде бүгінде «Кеңес өкіметін орнатушылар» қорында Тұрардай тау тұлғаға қатысты бір­шама құжат жинақталған. Яғни ол жерде түпнұсқа құжаттар­мен қатар Ташкент, Шымкент архив­терінде сақталған құжат­тардың көшірмелері де бар. Рыс­құловтың өз қолтаңбасы Әу­лиеата уездік атқару комитеті қорының құжаттарында 1920 жылға дейін жиі кездеседі. Оның ішінде 1919 жылы ашаршылыққа тап болғандарды аман алып қалу мақсатында қоғамдық асханалар құру туралы да тапсырмалық құжаттары бар. Ташкентте түпнұсқасы, біздің өңірде көшірмесі сақталған 1926 жылғы Наурыз мерекесін тойлау туралы құжат, 1915 жылы Ташкент педагогикалық училищесінде емтихан тапсырғанда үздік жазған диктанты – Тұрар Рысқұлов туралы жинақталған көп деректің бірі.

Сол құжаттар арқылы қайрат­кер­дің жастық шағынан-ақ күрескер тұлғасын айғақтайтын естеліктермен, деректермен таныстық. Ең алғаш «Бұқара» қазақ-қырғыз жастарының ревалюциялық одағын құрғанын біліп, жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулетпен архивтік ізденіс жұмыстарын жасаған едік. Бұл тақырып бойынша архивтегі үлкен еңбектің бірі – архив құжаттарына шолу жасалған. Бүгінде ол шолу көпші­лікке таптырмас құралға айналып, өлке­тану бағытында мектеп ұстаздары интер­ак­тивті оқулықтар да дайындаған.

Ал Т.Рысқұловтың елу беттік ғұ­мырнамасы тарихшыларға таптырмас олжа дерсіз. Бүгінде ол құжат жіті зерттелген деуге де толық негіз бар. Өйткені тарихшы ғалым Ордалы Қоңыратбаев 2014 жылы архив құжаттары негізінде Тұрардың күнделігін де жарыққа шығарды. Ал Қазақстан Республикасы Орталық архивінің директоры Сәбит Шілдебай қор сақтауындағы деректерді республикалық басылымдарда жиі жариялап тұрады.

Тұрар Рысқұлов туралы сөз қозғағанда жазушы Шерхан Мұртазаны еске алмай кету мүмкін емес. Өйткені оның биіктігін де алғаш танытқан жазушының ізденісі еді. Алғаш Тұрарды зерттегендердің бірі де Шерхан Мұртаза.

«Қызыл жебе» романында кез­десетін Үсіп Сатыбалдин, Нұршанов, Сары­молдаев, Тоқбаев, Жанұзақов сынды үзеңгілестері туралы деректерді Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің құжаттарынан кезіктіруге болады. Ал Сатыбалдин тіпті Тұрармен бірге оқыған тұсын, «Бұқара» революциялық одағын құру сәттерін екі параққа естелік етіп қалдырған екен. Көтеріліс жасаушыларға уездің біраз өңірінен азаматтар қосылады. Үсіптің жазуынша көтеріліске Меркі орыс-түземдіктер мектебінің түлектері белсене қатысқан. Бұл жөнінде тұпнұсқасы Өзбекстан Республикасының орталық мұрағатында, көшірмесі Жамбыл об­лысының мемлекеттік мұрағаттарында сақтаулы Тұрар Рысқұловтың партия қатарын тазалау науқанына байланыс­ты және Сталинге жазып берген қысқаша өмірбаяндық жазбасында нақты әрі анық жазылған. Осы құжатта мектепті бітіргеннен кейін бір жылдай Меркіде соттың хат тасушысы және көшір болға­нын, одан соң төрт жыл оқып, Піш­пек ауыл шаруашылық учлищесін бітіргенін жазады. Бұдан кейін білімін жетілдірмек ниетпен Самара орта ауыл шарушылық училищесіне құжатын тапсырады. «Бір сөздің жалғауы дұрыс емес деп емтихан тапсырған 250 адамның арасындағы «жалғыз туземдік» екенімді де еске алмастан құлатып жіберді», деп жазыпты. Одан соң Ташкент мұғалімдер иниститутына түскісі келеді. Бұл жерде оның мұсылман баласы екені алға тартылып, оқуға қабылдамай қояды. Ал осы оқу орнына түсу үшін жазған диктантында ол бір ғана тыныс белгісінен қате жіберіп, «-5» деген баға алған. Тұрардың сол жазған диктантының көшірмесі бүгінде мұрағатта сақтаулы. Оқуға қабылданбаған соң Оқу-ағарту министріне арыз жазады. Осы кезде 1916 жылғы дүрбелең басталып кетеді де, Тұрар қайтадан Меркіге келіп, көтерілісшілер арасында түсіндіру, үгіт-насихат жұмысын жүргізеді.

Бұл кезде Тұрардың жасы небәрі 22-де болатын. Ал қызының естеліктеріне сүйенсек, әкесі өз жасын біршама үлкейтіп жаздырған. Ол деректі ескерсек, тіптен 18 жаста болғанын көреміз. Бұл ретте қазақтың «Ақыл – бастан, асыл – тастан» деген мақалы еріксіз еске түседі. Расымен де, өздеріңізге ұсынылған құжаттағы бала Тұрардың қолтаңбасын көріп, сүйсінбеу мүмкін емес. Әрине, ол алдымен оның білімінің бір көрінісі ғана. Өйткені елін аштықтан аман алып қалу үшін Әулиеата жерінде сауатты жеткізген жазбаларымен жасаған игі істері әлі де ел есінде.

Небәрі жарты ғасырға жетер-жетпес ғұмыр сүріп, өз заманында ұлты үшін аянбай тер төккен қазақ қайраткерлерінің бірегейі Тұрар Рысқұлов бейнесі мәңгі ел жадында сақталатыны анық.

 

Назым ҚОЖАМАРОВА,

Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының  бөлім меңгерушісі

 

Жамбыл облысы