Пікір • 26 Сәуір, 2024

Татулықсыз тірлік жоқ

59 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы көктем еліміз үшін оңайға соқпады. «Татулықсыз тірлік жоқ» деген сөз бар. Өңірлерде су тасқыны басталысымен-ақ Ассамблея мүшелері алдыңғы шепте жүрдік. Гуманитарлық көмек көрсету үшін Республикалық және өңірлік штаб құрылып, тәулік бойы тынымсыз еңбек етіп жатыр.

Татулықсыз тірлік жоқ

Республикалық штабтың жетекшісі ретінде су басқан барлық өңірлерге бірнеше рет барып, тұрғындармен жүзбе-жүз кез­десіп, тілдесіп, қажеттіліктерін нақты­ладық. Штаб өкілдерімен бірге әлі де зардап шеккен азаматтар мен құтқарушыларды ыстық тамақпен, киім-кешекпен, төсек-орындармен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп келеміз. Меценаттарымыздың демеушілі­гімен зардап шеккен өңірлерге 1 500 тонна азық-түлік пен алғашқы қажеттілік заттарын жеткіздік.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бүгінде Ассамблея меценаттары зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарына да кірісіп кетті. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысына 14 вагон цемент жөнелтілді және 5 жаңа үй тұрғызып беру жұмыстары басталғалы тұр. Әрине, мемлекет тарапынан да қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Ең бастысы – өңірлердегі халықтың ұйым­шылдығы мен ауызбіршілігі. Азама­ттардың туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі – олардың апатпен күндіз-түні тынымсыз күресуінде анық байқалады. Бұл – ешқашан сарқылмайтын күш.

2020 жылы Мақтаарал ауданында да су тасқыны болғаны есімізде. Көптеген азаматымыз үй-жайынан айырылды. Дегенмен мемлекет бірде-бір азаматын далада қалдырмады. Барлығына үй салып, жол төсеп, газ бен суын тартып берді. Сол кезде де отандастарымыз ел болып, бір кісідей жұмылып ол апаттан аман-есен шықтық. Халық әлі күнге дейін жедел атқарылған іске дән риза.

Биылғы су тасқыны одан да көлемді, алайда, әр қиындықпен бірге жеңілдік бар демекші, біз бұл сынақты ауызбіршілік пен мейірімділік, қамқорлықтың арқасында бірлесе еңсереміз.

 

Акбаржон ИСМАИЛОВ,

Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы