Үкімет • 30 Сәуір, 2024

Өңдеу өнеркәсібін дамытудың өзектілігі

36 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілісте палата төрағасының орынбасары Альберт Раудың төрағалығымен «Жаңа өнеркәсіптік саясат – өңдеу өнеркәсібін дамытудың сапалы жаңа моделі» тақырыбында Үкімет сағаты өтіп, ел экономикасының одан әрі даму мәселелері мен бағыттары талқыланды.

Өңдеу өнеркәсібін дамытудың өзектілігі

Фото: baq.kz

Кіріспе сөз сөйлеген Мәжіліс төр­ағасының орынбасары Альберт Рау мемлекет тарапынан жаңа бағдарламалар іске қосы­лып, үкі­мет пен мемлекеттік орган­дар­дың қабылдап жатқан шара­лары­на қарамастан, елдің жал­пы ішкі өніміндегі өңдеу өнер­кәсібінің үле­сі әлі де өте төмен деңгейде қа­лып отырғанын жеткізді.

– Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағ­дары» атты Қазақстан халқына Жол­дауында қазіргі таңдағы ең бас­ты міндет – еліміздің мық­ты өнер­кәсіптік негізін қалып­тас­тыру және экономикамызды өзімізді толық қамтамасыз ете ала­тын жағдайға жеткізу, сон­дықтан өңдеу саласын жедел дамы­туға баса мән беруіміз қажет екенін атап өтті. Бұл ретте металды те­рең өңдеу, мұнай-газ және кө­мір хи­миясы, ауыр машина жасау, уран­ды конверсиялау және ба­йы­ту, автобөлшектер және ты­ңайт­қыш­тар шығару сияқты бағыт­тарға айрықша тоқталды. Осы­ған орай соңғы жылдары бір­қатар мемлекеттік бағдарлама іске асы­­рылып, 2023 жылдың нау­рыз айын­­да 2023-2029 жылдарға арнал­ған өң­деу өнеркәсібін дамыту тұ­жы­рым­­да­ма­сы қабылданды. Алға жыл­жу бар, көрсеткіштер жақса­рып келе­ді. Алайда өңдеу саласы­ның дең­гейі әлі де біз күткен меже­де емес. Біз бүгін осы толғақты мә­се­л­ені тал­қылайтын боламыз, – деді ол.

Үкімет сағатында негізгі баян­­даманы жасаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шар­лапаев елімізде бәсекеге қабі­летті, өнімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өңдеу өнер­кәсібін құруды мақсат тұт­қан ин­дустрияландыру саясаты кезең-кезеңімен іске асырылып жат­қанын атап өтті. Оның айтуын­ша, өңдеу өнеркәсібін дамытуды заңнамалық қамтамасыз ету мақ­сатында 2021 жылы «Өнер­кәсіптік саясат туралы» заң қабыл­данып, ол аталған саясатты іске асы­рудың құқықтық негізін, сал­аның басымдықтары мен іске асыру құралдарын айқындаған. Осы орайда ел экономикасында тіркеліп жатқан оң нәтижелер­ге тоқталған министр депутат­тар назарына бірқатар нақты санды ұсынды.

– Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің үлесі ағаш өңдеу секторында – 38%-ға; машина жасау саласында – 25,4%-ға; жеңіл өнеркәсіпте – 12,2%-ға және құрылыс индустрия­сында 6,1%-ға артып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылға қарағанда 11,2%-ға көбейіп, 1,7 трлн теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялардың өсуіне өзге көлік құралдарын өндірудегі инвестициялардың 7 есеге (темір­­жол машиналарын жасау: локо­мо­тивтер, вагондар, жарты­лай вагондар, платформа); киім өн­діруде 5,6 есеге; жиһаз өндіруде 4 есеге; автокөліктер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өнді­рісінде 3,5 есеге ұлғаюының ар­қа­сында қол жеткізілді. Өт­кен жыл­дың 12 айындағы көрсет­кіш бо­йынша өңдеу өнеркәсібі тауар­ларының экспорты 25,3 млрд дол­ларды құрады, – деді Қ.Шарлапаев.

Тұтастай алғанда, өнеркәсіптік сая­саттың негізгі мақсаты – ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, даму­дың шикізаттық моделінен бас тарту екенін айтқан ол бұл мақсатқа инвестицияларды тарту, жобаларды іске асыру және жүйелі шараларды іске асыру есебінен жоспарлы түрде қол жеткізілетінін мәлімдеді. Жоғарыда аталған әр сала бойынша жеткен жетістіктерге жекелей тоқталған Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2030 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде өсім деңгейі қандай болатынын айтты. Оның сөзінше, алдағы алты жыл ішінде өндіріс көлемі екі есеге (21,6 трлн тг); өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны 2,8 есеге, яғни 31,5 трлн теңгеге дейін, еңбек өнімділігі 82,1 мың долларға дейін, негізгі капиталға инвестициялар жыл сайын 3,5 трлн теңгеге дейін өсетініне сенім білдірді.

Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму ко­ми­тетінің төрағасы Н.Са­бильянов қосымша баяндама жасап, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңды тиімді іске асыру, бюд­жет қаражатын пайдалану тиім­ділігі мәселелеріне тоқтал­ды. Өкінішке қарай, кәсіп­кер­лер көптен күткен заң қабылдан­ғанымен, оның тиімді іске асыры­луын­да проблемалар барын айтқан депутат: «Жұмыс істеп тұр­ған 13-ке жуық салалық бағыт­тың барына қарамастан, жоға­ры технологиялық салаларды дамыту машина жасау, химия және фармацевтика төңірегінде жүр­гізіліп жатыр. Заңмен мем­лекеттік қолдау шараларын алу рәсімдерін оңайлату үшін «бір терезе» қағидаты енгізілді. Бірақ бұл қағидат толыққанды жүзеге асырылмады. Мәселен «бір терезе» қағидаты бойынша функцияларды негізінен шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтін «Қазақинвест» АҚ ішінара орын­дап жатыр. Бірақ оның бар­лық мемлекеттік қызметтерді ұсы­нуға мүмкіндіктері жоқ. Бұл уә­кілетті органның, яғни Өнер­кәсіп және құрылыс министр­лігінің заңнамалық норма­ларды жүзеге асырудағы үлкен кем­шілігі болып отыр. Сондықтан ол Ұлт­тық ақпараттық жүйе­ні әзірлеуді жедел­детіп, бері­ліп жатқан қыз­мет­тердің, қаржыланд­ырудың, өнеркәсіптік сектордағы жобаларды іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етуі қажет», деді.

Нұртай Сабильянов елімізде 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 587 млрд теңге сомасына 163 жаңа жоба іске асырылғаны ту­­ра­­лы министрлік дерегін кел­ті­­­ріп, алайда олардың әлі толық ша­­м­а­­да жұмыс істемегенін сынға алды.

– Өнеркәсіпті дамыту қоры­нан қаражат алған көптеген ком­пания­лар тек көлік пен техник­аны (780 жоба немесе 49,5%) са­тып алған. Бұл өнеркәсіп сала­­­сының дамуы­мен тікелей бай­ланыс­ты емес. Осыған байланыс­ты жаңа жобалар мен баста­ма­ларға жыл сайын қаражат бөлу­­дің орындылығы туралы мәсе­­ле туындап отыр. Алдымен, бар жо­­баларды іске қосып, нақты нәти­­же­лерін, тиімділігін көрейік. Со­дан кейін ғана жаңа жобаларды қар­­жы­ландыруды жалғастыру керек деп санаймын, – деді Мәжіліс депутаты.