Әлем • 03 Мамыр, 2024

АӨСШК аллеясында ағаш көбейді

42 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі­нің хатшылығы Астана әкім­дігінің қолдауымен биыл да Президент саябағындағы АӨСШК аллеясын абаттандыру бағытындағы дәстүрлі іс-шарасын өткізіп, ағаш көшеттерін екті.

АӨСШК аллеясында ағаш көбейді

Табиғатты аялауды дәріптеген акцияға Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысан­баев, Астана қаласы әкімі­нің орынбасары Ерсін Өтебаев, сондай-ақ АӨСШК-ге мүше мемлекеттер­дің елшілері мен дипломатиялық корпустың өзге де өкілдері қа­тысты.

Аллея 2021 жылдың 1 маусымында АӨСШК-нің 30 жылдығы қарсаңында ашылған. Мұндай бастама ұйымның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі зерттеу­леріне негізделген басты бағыт­тарын іске асырып, Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолын­дағы жұмыстарына ұжым болып атсалысуды көздеп отыр.

Биыл акция қатысушылары 100 түп сакура ағашы, Сиверс алмасы мен қызыл шетен ағаштарынан бөлек 35 түп майда жапырақты қарағаш көшеттерін отырғызды.

– Қолға алынып жатқан бұл бастамалар еліміздің табиғи ресурстарын сақтауға ғана емес, сонымен қатар жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және болашақ ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді, – дейді министр Е.Нысанбаев.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Өтебаев, өз сөзінде қала өмірінде экологиялық тұрақ­тылыққа деген талпыныстың барын атап өтті. Ол сондай-ақ АӨСШК аллеясын жаңа көшет­термен толықтырып, жетілдіру секілді игі бастамалар арқылы мемлекеттер арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынты­мақтастықты дамытудың маңызы зор екенін атап өтті.

Ал Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай қоршаған ортаны қорғау жолындағы акцияға атсалысып, игі бастамаға үлес қосқан азаматтарға алғысын жаудырып, олардың осындай іс-шаралар арқылы ұйымға қолдау білдірген ықыластарына ризашылығын білдірді.

Ол сондай-ақ АӨСШК-нің эко­логиялық зерттеулер аясындағы ынтымақтастығының артып келе жатқанына тоқталып, оның жарқын мысалы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойын­ша АӨСШК-нің Министрлік конфе­ренциясын шақыру жөніндегі бастамасын атап өтті.

Сондай-ақ Қайрат Сарыбай Әзербайжанның төрағалығымен өтетін АӨСШК Министрлер кеңесінің отырысы биыл қараша айында Бакуде БҰҰ-ның Климат­тың өзгеруі жөніндегі конфе­ренция­сының (COP-29) басталуы­мен тұспа-тұс келетінін, бұл экологиялық проблемаларды шешу жолындағы бірлескен жұмыстың өзектілігі мен дер кезінде көтерілген мәселе екенін кезекті мәрте көрсетіп отырғанын атап өтті.