Қоғам • 03 Мамыр, 2024

Автокөліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топ сотталды

83 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Антикор Астанада автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топты ұстаудың видеосын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Автокөліктерді заңсыз тіркеген қылмыстық топ сотталды

Фото: Видеоскрин. Антикор.

Бұған дейін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты арнайы ХҚКО қызметкерлеріне, полиция қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға қатысты үкім шығарған еді. Олар ұйымдасқан топ құрып, топқа басшылық еткен, мемлекетке мүліктік залал келтірген.

Антикордың хабарламасында: «2022 жылдың қаңтарынан мамырына дейін қылмыстық топ шетелден әкелінген 462 автокөлікті заңсыз тіркеген. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,2 миллиард теңгені құрайды. Сот үкімімен 32 адам сотталды, соның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушылары – Астана қаласының №2 мамандандырылған ХҚКО басшысы Ш.Бөкебаев пен Астана қаласының мамандандырылған ХҚКО мамандары А.Там-Оглы және Х.То-оглы 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Топтың бес мүшесі 6 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі, ал 17 «көмекші» бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жазаға тартылды», делінген.

Сондай-ақ жеті қызметкер 2 жыл 6 айдан 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Олар арнайы атақтарынан және өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.