Инвестиция • 04 Мамыр, 2024

Инвесторлар қызығушылығы артып келеді

83 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Шымкентте қуаттылығы 500 МВт-ға дейінгі аралас циклді газ зауыты салынады. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыз­дықбековтің «Aksa Energy» компаниясы өкілдерімен кезде­суін­­де мәлім болды. Шетелдік делегацияны инвестор Мурад Юс­тел бастап келген. Тараптар шаһарда биылдан бастап өндіріс орнының құрылысын бастауға келісіп, меморандумға қол қойды.

Инвесторлар қызығушылығы артып келеді

Шымкент әкімі жаңа жобаны жүзеге асыру қала­ның экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, бюджетке қосымша кіріс әкелетінін атап өтті. Құны 700 миллион доллар болатын бұл инвестициялық жоба қала тұрғындарын сапалы электр энергиясымен, жылумен, ыстық сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылыс барысында мыңнан астам адам жұмысқа тартылса, зауыт іске қосылған соң екі жүздей азамат тұрақты жұмыспен қамтылады.

Өз кезегінде Ғабит Сыздық­беков түрік компаниясына Шым­кентке инвестиция салу­ғ­а ниет білдіргеніне, шаһардың энергетикалық жүйесін дамытуға атсалысып жатқанына ризашылық білдірді. Сондай-ақ бірлескен маңызды жобаны тез арада іске асыруға әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Қалалық энергетика және инфра­құрылымды дамыту бас­қармасы­ның мә­ліметінше, бү­гінгі таңда мегаполисте электр энергиясын тұтыну көлемі 390-420 МВт/сағ құрайды. 110-170 МВт/сағ тұрғындарға берілсе, 230-250 МВт/сағ электр қуаты өндіріс орны, мекемелерге жұм­салады. Шаһарды электр энер­гия­­сымен жабдықтаушы меке­ме­лер «KEGOC» АҚ (274 МВт/сағ) мен «3-Энегоорталық» АҚ (116 МВт/сағ). Резервте 30 МВт/сағ бар. 2022 жылы шілде айын­да мегаполисте электр энергия­сын тұтынудың ең жоғарғы көрсет­кіші тіркелген: 430 МВт/сағ. Ал был­тыр қаңтарда ең төменгі тұ­тыну көрсеткіші орын алды: 413 МВт/сағ.

па

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мамандары бу-газ қондырғысын салу жобасы іске асса 500 МВт/сағ электр энергиясы өндіріліп, ол бірінші кезекте қаланың дамуына жұмсалып, артығы республиканың энер­­гетика жүйесіне таратылатынын айта­ды. Мамандардың мәлімдеуінше жаңа қондырғының қосылуымен енді ашылған индустриалды аймақтардағы кәсіпорындардың электр энергиясына тапшылық біржола жойылады.

Ал шетелдік инвесторлардың ішін­­де түрік компанияларының үлесі айтар­лықтай қомақты. Мәселен, 1992 жылы түрік инвестициясы ел бойынша 100 млн долларды құраса, 2023 жылы 10 млрд долларға жеткен. Алдағы уақытта инвес­тиция көлемін 15 млрд долларға арттыру жоспарда бар көрінеді. Сонымен бірге республикада түрік капиталы бар 4 300 компания жұмыс істейді.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов «Tukib» басылымына берген сұхбатында мегапо­листе түрік инвесторларының қатысуымен 57,5 млн доллар сомасында 6 жоба іске асырылғанын жеткізді. Атап айтқанда, «Балт текстиль» ЖШС-ның синтетика­лық жіп иіру өндірісі, «Gold Aluminum» ЖШС-ның ПВХ профильдерін, алюми­нийден жасалған мөлдір конструкция­лар, тұрмыстық техника өндірісі, «Бал тоқыма» ЖШС-ның полипропилен жіп­тен кілем бұйымдарының өндірісі, «EKOL» ЖШС-ның шұлық өнімдерінің өндірісі, «DALSAN» ЖШС-ның дымқыл майлықтар шығаратын зауыты сынды жобалар.

Айдын Кәрімовтің пікірінше, қала аумағында 721 млн долларды құрайтын 3 жобаны түрік инвесторлары жүзеге асырып отыр. Олар сауда-логистикалық орталығындағы «СП Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС-ның алкогольсіз сусындар шығаратын зауыты. «Zalal Mowafaq» ЖШС-ның газдалған, газдалмаған су­сындар шығару кәсіпорны. Және «Alarko Holding» компаниясының 2024-2027 жылдары 3 кезеңде салынатын заманауи жылыжай кешені.

«Бүгінгі таңда «Шымкент қаласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын» әзірлеу көзделуде. Сондай-ақ қазіргі уақытта «Шымкент қаласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспары» іске асып отыр. Қаланың даму жоспарында ұлттық жобаның стратегиялық көрсеткіштері мен индикаторлары бекітілген. 2025 жылға қарай шаһар қарқынды өсетін болады. Сонымен бірге келесі жылы қала халқының саны 21% көбейіп, шамамен 1,3 млн адамды құрамақ. Ал мегаполистің болжамды жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн теңгеге жетеді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жұмыс істеп тұрған және жаңа кәсіп­орындардың қуаты артып, 4 500 жаңа жұмыс орындары құрылады», деді қала әкімінің орынбасары.

Шымкентке шетелдік инвестор­лардың қызығушылығы жоғары. Түрік компания­ларымен бірге қытайлық инвесторлар да қаланың экономикасын бір­лесіп да­мытуға үлес қосқысы келеді. Осы орай­да жуырда бірнеше қытай­лық ком­паниялардың делегациясы шымкенттік әріптестерімен бірге арнайы таныстық кездесуін өткізді.   

Инвесторлармен жүздесу Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер пала­тасының баспасөз хатшысы Нұрлан Бектаевтың айтуынша Қытайдан келген делегация өкілдерімен жергілікті тауар өндірушілер В2В форматында кездесті. Сауда және қызмет көрсету сала­лық кеңесінің аясында өткен жиын­да жергілікті және қытайлық компа­ниялардың жетекшілері өзара пікір алмасты.

Қытайлық делегацияның құрамында Шыңжан, Гуандун, Ичун өңірлерінен келген компания өкілдері болды. Олар қаптау-орау, электромобильдер мен электроскутерлер шығару, жел және күн энергиясын өндіру, жол салу секілді жобаларымен таныстырды. UNIT-CO.KZ, «Берен моторс», «Састөбе цемент зауыты», «РК Спектр» ЖШС, «Бум Пром», «April», «Дала Солар» сияқты жергілікті компания жетекшілері өз ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын барысында кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев қонақтарды ұйым­ның жұмысымен қысқаша таныстырып өтті.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Үкімет пен бизнестің арасын жалғау­шы «алтын көпір» деуге болады. Біз кәсіпкерлердің заңды мүддесі мен құқы­ғын қорғаймыз, шағын және орта бизнестің даму бағытында іс ат­қа­­ра­мыз. Әрі  прокуратура, сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы қызмет, эконо­ми­калық тергеп-тексеру депар­таменті сияқ­ты бақылаушы-тергеуші органдармен тығыз байланыс­та жұмыс істейміз. Оған қоса палатада шағын бизнесті қолдау мақсатында арнайы сервис­тер қызмет көрсетеді. Бізде барлық қызмет тегін. Сонымен бірге бастауыш кәсіпкерлер мен әйел кәсіпкерлерге арналған түрлі оқыту бағдарламалары, дамыту орталықтары бар. Салалық кеңестер аясында түрлі мәселелерді талқылап, мемлекеттік органдармен бұл жөнінде үнемі ақылдасып отырамыз», деді Б.Бердалиев.

Өз кезегінде қытайлық делегация тарапынан «Huahe International» компаниясының өкілі бизнес-сапар­ларының мақсаты жөнінде айтып өтті.

«Бізге бола арнайы кездесу ұйым­дас­тырып, риясыз қарсы алып жатқан­дарыңызға өте қуаныштымыз. Іскер топ құрамында түрлі компания өкіл­де­рі келіп отыр. Оларға Орталық Азия елдерінің нарығына шығуға көмек­тескіміз келеді. Және Қытайда сіздердің делегацияларыңызды қарсы алып, өзара әріптестік байланысты арттыру мәсе­лесі мемлекеттік деңгейде  талқыға түспек. Бұл жолы бірнеше компания өкілі Қазақстанға келіп, жалпы эконо­ми­калық нарықтың жағдайымен танысып қайтады. Бізге барлығы да ұнап отыр, сондықтан біздің компаниялар жергілікті нарыққа инвестиция құюға әрқашан да әзір», деді «Huahe International» компаниясы жобасының жетекшісі Соня Ван Синь.

Қалалық кәсіпкерлік және индус­триал­ды инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрма­новтың айтуынша, мегаполистің инвесторларды қызықтыруда бірнеше себебі бар. Атап айтқанда кеңес заманынан қалып қойған өндіріс орын­да­рының базасындағы инженерлік инфра­құрылымдар жүйесі. Екіншіден, жаңадан ашылған индустриалды ай­мақтар мен ондағы кәсіпорындардың ин­женерлік инфрақұрылыммен қам­ты­луы. Үшіншіден, индустриалды аймақ­тардағы салықтық басқа да Үкімет та­ра­пынан ұсынылатын жеңілдіктер. Соны­­мен бірге мегаполистің кадрлық потен­­циалы өте күшті. Яғни кез келген жо­баны іске асыруға жұмыс күші жеткілікті.

Сондай-ақ қалада шағын және ор­та кәсіпкерлікті дамытуға бірнеше мем­лекеттік бағдарлама қарастырылған. Мәселен, 5 жылға 3,5 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бар. Алғашқы 1-3 жыл аралығында 8% үстемеақы қарастырылған. Кейін 4-5 жылдары үстемеақы 10% аралығын құрайды. Одан бөлек «Іскер қала» деп аталатын өңірлік бағдарлама да іске қосылған. Оның аясында бұрынғы тоқтап қалған кәсіпорындар базасынан жергілікті әкімдік өндірістік парктер ашқан. Мұнда өндірістік алаңдарды жалға алған кәсіпкерлерге аренда құнын мемлекет өтеп береді. Бірінші жылы 75%, екінші жылы 50%, үшінші жылы 25% дейінгі жалдау ақысын жергілікті әкімдік өзі өтейді. Маманның айтуынша бұл шағын кәсіпкердің аяққа тұрып, кәсібін дөңгелетіп әкетуіне көмегін тигізбек. Міне осы аталған тетіктер бір жағынан шетелдік инвесторлардың мегаполиске қызығушылығын арттырып отыр.

 

ШЫМКЕНТ