Тұлға • 09 Мамыр, 2024

Ержүрек барлаушы

78 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елорданың оң жағалауында Әлмұқан Сембинов көшесі бар. Даңғыл болмаса да 1640 метрге созылатын әжептәуір ұзын көше. Негізі сонау Целиноград заманынан бері бар. Бүгінде Иманов көшесінен басталып, Жиенқұлова көшесімен тұйықталады. Жергілікті халық осы Сембиновтің кім екенін біле ме?

Ержүрек барлаушы

Осы сұрақты Әлмұқан Сембинов кө­ше­­сімен келе жатқан жаяу жүр­гіншілерге қойып көрдік. Бірі басын изей өтіп кетсе, енді бірі «Әйгілі ұшқыш қой», «Кезінде елге қызмет еткен азамат» деп сараң жауап қатты. Келесі бірі «Атын естуім бар, бірақ кім еке­нін білмедім» деп келте қайыр­ды...

Жақында Астана қаласының мем­ле­кеттік архиві соғыс арда­гері Әлмұқан Сембиновтің 100 жылдығына орай «Ерлігі – ұр­пақ­қа ұран» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

– Ұлттық құрылтайда Прези­дент соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды екенін, мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жал­ғас­тыра беретінін атап өтті. Әлмұқан Сем­биновтің батыл­ды­ғы – болашақ ұрпаққа патриотизмнің үлгісі, ол туралы естелік еліміздің тарихында мәңгілікке жазылған. Жеңістің 80 жылдығына орай, Астана қаласының мемлекеттік архиві батыр туралы жеке кітап шығаруды жоспарлап отыр, – деді Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин.

ав

Жиынға Әлмұқан Сембинов­тің ұрпақ­тары, көзін көрген үзеңгілестері, Астана қаласының Тіл­дерді дамыту және архив ісі басқармасы, қалалық арда­гер­­лер кеңесі мүшелері, та­рих­­шылар, зиялы қауым, архив қызметкерлері, арнайы шақырылған «Жас сарбаз» сы­ны­бының оқушылары қатыс­ты. Дөңгелек үстел қатысу­шыларына елорда мем­ле­­кеттік архивінде сақталған батыр­дың өмірі мен қызметіне қа­тысты түпнұсқа құжат­тар мен отбасының фото­құ­жаттар көрмесі ұсыныл­ды.

Әлмұқан Оспанұлының жауын­герлік жолы – кейінгі ұрпақ үшін шын мәніндегі үлгі-өнеге. 1943 жылдың қақаған қысынан жеңістің жылы самалы соққанға дейін майданның алғы шебінде болды. Ол өзінің сенімді серіктері Данил Лебедкин және Николай Беловпен бірге жау бекінісінен талай рет «тіл» алып келіп, олардың жос­парлары мен құпия істерін ашқан. Батыр өзінің естелік әңгімелерінің бірінде алғаш «тіл» алып келген күнін былай деп жазады: «Прожектор сәулесі қараңғы түнді қақ тіліп, бүкіл төңіректі жарық етіп жіберді. Біз бас­тарымызды төмен тұқырта, жерге жата қалдық. Артынша әлдеқайдан автомат тықылдап қоя берді. Автоматтан атылған оқ пен жарқыл жаудың алдын ала жасаған сақтығы сияқты. Мұндайда сәл оғаш қи­мыл жа­сау, бас көтеру – қауіп. Бұл менің барлауға алғаш шығуым еді. Барлаушы жолдастарым сержант Данил Лебедкин, сержант Николай Белов бұрын талай рет жаумен түнгі айқаста кездесіп, ысылған жігіттер болатын. Таң сібірлей бастаған шақта, біз үшеуміз кенеттен неміс траншея­сына секіріп түстік. Қатты сасып қалған фашист айқайлап жіберді. Бірақ оның қайта бақыруға шамасын келтіргеніміз жоқ, дымын өшіріп, окоптан сүйрей жөнелдік. Сөйтіп, біз жауынгерлік тапсырманы орындап шықтық. Мен ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым», дейді.

Аға сeржант Әлмұқан Сeм­би­нoв бұдан кeйін дe талай eрлік жасайды. Ол 1944 жылы барлаудағы батырлығы үшін «Қызыл Жұлдыз» oрдeнін иеле­неді. Ал І, ІІ дәрeжeлі «Даңқ» oрдeндeрі Жeңіс қарсаңында тиеді. 1944 жылдың 29 тамызында жауынгер бар­лау­шы ретінде Польшаның Ломжа қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан Кулеше елді мекенінің маңын басып алу тобында болып, жаудың шекарасына өтіп, екі солдатын жойып, біреуін тұтқындаған. Оларды ала жүріп, барлаушылардың жолын жасырып, онға жуық гитлерлік авто­мат­шының көзін жойған. Бұл көптен күткен Жеңістің жақындау нышаны еді. Шайқаста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін 1944 жылы 3 қыркүйекте Әлмұқан Сембинов ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Кеңес армиясы Германияға қарай жылжыды. Әлмұқан Оспан­ұлы Беларусь майда­нында 362-атқыштар дивизиясының бар­лау­­шылар взводын басқа­рады. 1945 жылы 17 сәуірде Одер­дегі Франкфурттен оңтүс­тік-батысқа қарай 12 шақырым жерде ор­на­лас­қан Мюльроз қаласына басып кіріп, тоғыз фашисті тұтқынға алады. Жау­мен болған шайқаста Әлмұқан жара­қат­танады, бірақ барлаушыларды басқаруды жал­ғас­тырады. 1945 жылы 22 сәуірде Сембинов өзіне сеніп тапсырылған топпен Мюльроз қаласының батысында орналасқан Бернис Бухолс қала­сының маңында, Одер өзенінің сол жаға­лауында жау әскерін аңдиды. Кенеттен штаб­тық машинаға шабуыл жасап, барлау­шылар екі гитлерлік әскерді ұстап, біреуін тұтқынға алады. Ал 1945 жылы 26 сәуірде Сембиновтің басқаруындағы бөлімше Шеспцинг (Германия) елді мекенінің жанында бұқ­тыр­ма бронетранспортерді қа­ғып, жау­дың үш солдатын  тұт­қындады.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен шайқаста ко­ман­далық тапсырмаларды ерекше орын­да­ғаны үшін Әлмұқан Сембинов «Даңқ» орденінің толық кавалері бола отырып, І дәрежелі «Даңқ» орденімен (№1808) марапатталған.

– Әлмұқан Сембинов қа­тар­дағы барлау­­шыдан барлау взводының командиріне дейінгі жолдан өтті. Соғысты аға лейтенант болып аяқтады. «Даңқ» ордендерінен басқа, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен, сондай-ақ басқа да көп наградамен марапатталды, – дейді Астана қаласы Қорғаныс істері басқармасының өкілі, запастағы полковник Ғани Артықов.

Ерлеріміздің толарсақтан от кешіп, елін, Отанын жау шеңгелінен азат етудегі ерлігі мен ұлы істерін естен шығармаған абзал. Бұл соғыста талай боздаққа жат елдің топырағы бұйырып, мәңгілік сонда қалды. Олардың ішінде сан рет жараланса да, қайта шайқасқа шығып, елге аман-есен оралғаннан кейін халыққа қызмет еткен азаматтарымыз да жетерлік. Дөңгелек үстелде тыл ардагері Евгений Галюк соғыста жеңіске жетуге үлес қосқан әр батырды зерттеп, насихаттап, жас­тар­ды патриотизмге тәрбиелеу ісіне қолдану керек деді.

– Елордалық архив қыз­мет­кер­леріне батырлары­мыз­дың құжаттарын тауып, туыс­­тарын шақырып, естеліктер жина­ғаны үшін алғыс айтамын. Әлмұқан Оспан­ұлы­ның батылдығына тәнті болдым. Мен Әлмұқан Оспанұлының әкеммен бірге 1944 жылдың жазында туған жер­ле­рімізді жаулардан тазарт­қанын мақтан тұтамын, – деді ол.

Отан үшін от кешкен ақмола­лық азамат соғыстан кейін халық шаруа­шылығын қалпына келтіру жұ­мыстарына аралас­ты. 1951 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогика институтын тарих мамандығы бойынша бітірді. Ақмола қаласындағы құрылыс техникумының алғаш­қы директорларының бірі болды. Кейін партиялық жұмысқа ауыс­ты. Алайда соғыс салған ауыртпалық оны өмірден тым ерте 48 жасында алып кеткен.

Басқосуда Әлмұқан Семби­новтің ұрпақ­тары, көзін көрген үзең­гілестері естелік айтты. «Әл­мұқан ағам әлі есімде», дейді Әлмұқан Семби­нов­тің жиені Бақыт Алтаева.

– Анам нағашы ағам туралы жиі айтатын. Құжаттарда жауынгерлік еңбегі жақсы сипатталған, мен ол кісінің жарқын адам болғанын айтқым келеді. Ақмолада өткен кез келген іс-шараға Әлмұқан ағам барса, мысы баса ма, әйтеуір бәрі еріксіз орнынан тұрып, құрмет көрсететін. Өзі де адамдармен әзілдесіп, емен-жарқын ашық сөйлесетін. Мінезінде байыптылық, табандылық бар-тын. Меніңше, мұндай қасиет­терді сұрапыл соғыс сіңірді. Ағаның Римма, Фатима, Ирина есімді үш қызы болды. Нағашымнан бізге көп қасиет дарыды. 2022 жылы оның құрметіне Сембинов пен Кенесары көшелерінің қиы­лысындағы үйдің қабыр­ғасына ескерткіш тақта орнат­тық. Өкі­нішке қарай, қазір қала тұр­ғындарының дені оның кім екенін біле бермейді. Бірақ ол туралы естеліктер әлі де ұзаққа сақталады деп сенемін, – деді Ә.Сембиновтің жиені.

Жиеншары Руслана Клименко атасының со­ғыс­тан кейін ермек еткен қызығу­шы­лығы туралы әңгімелеп берді.

– Әжем Мағира атамның таңертеңгі сағат алтыда, жұ­мысқа бара жатқандай өте ерте оянып алатынын айтатын. Достары өте көп болатын. Олар­мен жазда да, қыста да аң мен балық аулайтын. Мені бір рет өзімен ертіп апарғаны есім­де. Майдангерлер жиі жиналып, жүздесіп, өткенді еске алатын. Атам қаладағы арда­гер­лерге материалдық және моральдық тұрғыдан көмек­тесетін. Содан болар, ақмо­ла­лық­тардың бәрі оны танитын. Айтпақшы, әжемнің айтуынша ол 9 мамырда Мәскеуде өткен бір шеруге қатысқан, – деді Ә.Сембиновтің жиеншары.