Қазақстан • 10 Мамыр, 2024

Елімізде ешкімді сөйлейтін тіліне байланысты кемсітуге жол берілмейді - Айбек Дәдебай

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай республикалық телеарнаға берген сұхбатында мемлекеттік тілге қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде ешкімді сөйлейтін тіліне байланысты кемсітуге жол берілмейді - Айбек Дәдебай

Фото: akorda.kz

«Мемлекеттік тілге қатысты Президентіміздің ұстанымы белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы – нағыз тіл жанашыры. Сондықтан Президентіміздің саясаты – мемлекеттік тілдің дамуына нақты іспен қолдау көрсету және бұл салада қандай да бір спекуляция мен арандатуға жол бермеу», деп мәлімдеді ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы А.Дәдебай.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, қазақтың қазақша ғана сөйлемей, орысша, ағылшынша, қажет болса, басқа тілдерді жетік меңгеруі – бұл ұлттымыздың артықшылығы.

«Қадыр ақын айтпақшы, біз өз тілімізді құрметтеуге міндеттіміз, ал өзге тілдің бәрін білуге ұмтылуымыз керек. Қазақтың қазақша ғана сөйлемей, орысша, ағылшынша, қажет болса, басқа тілдерді жетік меңгеруі – біздің ұлттымыздың артықшылығы. Әл-Фараби бабамыз 70 тіл білген деседі, соның арқасында ол телегей теңіз білім жинады, әлемнің «екінші ұстазы» атанды.

Бұған қоса, біздің елімізде ешкімді сөйлейтін тіліне байланысты кемсітуге, қудалауға немесе қандай да бір қысым жасауға жол берілмейді. Бұл – мемлекетіміздің негізгі заңы – Ата заңда жазылған норма. Біз дамыған ел боламыз десек, бүкілхалықтық референдумда қабылданған конституция нормаларын қатаң сақтауымыз керек», деді ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы А. Дәдебай.

Ол зерттеулерге сәйкес, қазір  елдегі мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 81%-дан асқанын атады. Қанша тіл білсең, сонша әлемге есік ашылады дейді.

«Демек, бұл өз тіліңді құрметтеп, өзге тілдің бәрін біл деген ұстаным», деп А.Дәдебай Президент жастардың да бірнеше тілде сөйлейтінін және оларға сенім артып отырғанын айтты.