Руханият • 14 Мамыр, 2024

Бес күн, бес түн немесе қаламгердің бір сыры

111 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Шығармашылық адамына ең керегі – еркіндік. Ой еркіндігі. Құдай тағала болмысына байлап берген осы бір қасиетті сөзі мен ісіне, өмірлік ұстанымына әдемі әрімен сіңіре алған қалам иесі даралана біледі. Сондай бағыт ұстап, қуатты қаламымен журналистикаға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан публицист-жазушы, аудармашы, баспагер Талғат Айтбайұлының өмір белесіне үңілгенде қайсар жанның келбетін көреміз.

Бес күн, бес түн немесе қаламгердің бір сыры

Тіршілігін тілшілікпен өрген журналистиканың бүтін бір буыны, қолына қалам ұстаған үлкен-кіші мерейлі белесіне үлкен шығармашылық өрлеумен жеткен Талғат Айтбайұлының қолтаңбасын жазбай таниды. Тамырыңды тарылтатын тәуелділіктен ада,  жалғандықты жаны қаламайтын кейіпкеріміз заман реңі қалай өзгерсе де, ішкі тазалығыңды сақтай білу азаматтық өре екенін айтумен келеді.

«Жазу адамы үнемі ізденісте жүру керек», дейді қаламгер. Ол үшін асқан байқампаздық, тапқыр­лық керек-ақ.  Талғат ағамыз да дәл сондай. Жазу­шы­ның аузынан естіген мына бір оқиға бізді еріксіз тамсандырды. Нағыз журналист осындай болуы керек қой деп ой түйдік.

Кейіпкеріміздің «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі қызметінде жүрген кезі. Ауыл ша­руашылығы академиясында хатшылық қызмет атқаратын техника ғылымдарының кандидаты Базархан Рүстембаев хабарласып, Жуалыда Бауыр­жан Момышұлына арналған музей ашылатынын, елдегі ағайын жерлес журналистің сол іс-шарада бой көрсеткенін қалап отырғанын айтып, бірге барып келуге қолқа салады.  Іні-досының сөзін жық­­паған әрі батыр рухына тағзым етуді парыз санаған Тәкең де туған жерге тартып отырады. Жол­­дың қиындығы ғой, ерте жолға шыққанның өзінде Жуалыға жеткенде іс-шара аяқталып, елдің көбі тарап кетіпті. Кешігіп жеткен екеуі музей­ді кө­ріп шыққан соң кідірместен аудан әкімі Еркінбек Сол­ты­баевтың үйіне барады. Кең дастарқан төрінде Шерхан Мұртаза мен жұбайы Мәрия апамыз, әске­ри ғалым, полковник Ким Серікбаев, Бақытжан Мо­мыш­ұлы мен Зейнеп Ахметова жеңгеміз отырады.

Есіктен сәлем бере енген ізетті інісін Шерағаң қуана қарсы алып: «Бүгін бұл үйге Талғат өз аяғы­мен келіп тұр. Енді бір он жылдан кейін мұны ша­қы­рып келтіре алмайсыңдар», деп арқасынан қа­ғыпты. Сөйтіп, алдына тартылған бастың құлағын ке­сіп алып, арамыздағы кішіміз сенсің ғой деп ізбасар інісіне  ұсынуды да ұмытпапты. Талғат Айт­байұлы сонда Шерағаң берген құлақтың бір шеті­нен кішкене тістеп, қалғанын аппақ қағазға орап, костюмінің оң қалтасына салып алыпты. Емен-жарқын күйдегі отырыста айтылған басқа да әсер­лі әңгіме ағамыздың жадында жақсы жұпталыпты. 

Қызық-думан ертесі күні жалғасып, тағы бір игі іс-шараның бел ортасында жүреді. Сапардың үшінші күні «Большевик» ұжымшарын ұзақ жыл басқарып, зейнет демалысына шыққан Әбілдәбек Қойбақовтың шаңырағында қонақ болады. Ауыл шетінде, тау бөктерлей орналасқан әлгі үйдің аула­сында не өспейді дейсіз? Алма ағашының жиырмадан астам түрі, алмұрт, өрік, алхоры, шие, жү­зім, тіпті доланаға дейін жайқалып тұр. Келген қонақ­тарға әсем бағын мақтаныш сезіммен аралатып жүр­ген үй иесінің еңбекқорлығы ерекше тәнті етіп, өзін бәз бір иран бақтың арасында жүргендей күй кешеді.

Сонымен, не керек, сапардың бесінші күні  Құлан жерінде жалғасады. Көкдөнен ауылының арғы-бергі тарихына қанық Тәкең серіктеріне сол топырақтан шыққан тұғырлы тұлғалар туралы әңгімелеп, киелі жерге табан тірейді. Әсіресе 1971 жылы талантты композитор, осы ауылдың тумасы Мэлс Өзбековті алғаш көрген сәті көңілінде сайрап тұрғанын сездіреді.

Қысқасы, музейдің ашылуына қатыса сап Алматыға қайтамын деген кейіпкеріміз Жамбыл жерінде бес күн аялдайды. Қалтасында Шерағаң берген қара қойдың құлағы... Қасында Базархан Рүстембаев. Көлік сонікі. «Бір күнде барамыз да, қайтамыз деп аттанып едік, туған жер төсін бес күн шарладық», деп күле еске алады сол кезді. Алматыға келгенде аспанда тікұшақтар шеруі салтанат құрып, Жеңіс күні тойланып жатқан сәт екен. Қырқынан шығуға тиіс сәбиі мен жас босанған келіншегін де ұмытып, ағасымен бірге бес күн, бес түн жүрген Базарханға, әрине, келіншегі ренжиді, көзіне жас алып ағасына мұң шағады. Ағасы інісіне араша түсіп,  туған жерді аралауға себепкер болған жайды айтады. Талғат ағамыз да осынау қызыққа толы жолсапардан не түйді дейсіз ғой?

«Большевик»   ұжымшарындағы  25 сотық ауласын ғажап баққа айналдырған табанды жанның  еңбегі  «Халық кеңесі» газетіне жарияланған мақаласы арқылы жалпақ жұртқа тарады. Ара­ға тағы біраз уақыт салып композитор Мэлс Өзбе­ков туралы «Әнімен әлдилеген азамат көз жұмды. Ал көңілде біз оған соңғы құрметімізді көр­сете алмадық-ау деген ой қалды» дейтұғын сыршыл сезімге толы эссесі жазылды. Тағы біраз жылдан соң «Ұлан» газетіне автордың Әбілдәбек Қойбақов жөнінде «Артында ауыл қалдырған» деген бір беттік мақаласы жарияланды.  Мақалада ұжымшардың 60 жылдық тарихындағы басқарған жалғыз қазақ басшының табанды еңбегі, Теріс өзеніне үлкен көпір салып көптің ықыласына бөленгені, жаңа ауылдың қазығын қаққаны, екі қабатты еңселі мектеп тұрғызып, жас ұрпаққа жарқын күндер сыйлағаны, артына қалдырған одан басқа да шарапатты істері, әлгі шаруашылықты қалай миллионер ұжымшарға айналдырғаны, қайраткер азаматтың халықшылдығы мен өнегелі өмір жолы туралы сыр шертілген. Мақала соңында өзі іргетасын қалаған «Жаңа Теріс» ауы­лы Әбілдәбек ауылы деп аталса, қалай жарасар еді деген ой тастайды.

Жамбыл жеріндегі сәулелі сапарды түйіндеген тағы бір мақала  осыдан екі жыл бұрын жарық көрді. Бұл шындықтың шырақшысы болып өткен Шерағаң туралы. Тақырыбы – «Қара қойдың құлағы». Дастарқан басында Шерағаң ұсынған қара қойдың құлағынан бастау алатын әсерлі дүние көңіл көгін тербейді. Бір ғажабы, ағасы ұсынған қара қойдың құлағы дәл осы күні де Талғат ағаның шаңырағындағы кітап сөресінде тас болып кеуіп қалған күйде сақтаулы тұр.

Қарап отырсаңыз, бір сапардың нәтижесінде жазылған төрт бірдей мақала. Төртеуінде төрт түр­лі оқиға, сан алуан сезім өрнегі. Әсте қаламгердің шеберлігі, өз ерекшелігі дегеніміздің бір мысалы осы шығар. Тілшіліктің ауылына ат байлаған жастарға қаратып: «Бұл да – бір артымызда қала­тын із. Өмірде ештеңе елеусіз өтпейді. Жадыңда түйіп жүрсең, жазылатын  дер кезі келеді», деп тол­ғанады қаламгер.

Қаламы арқылы талай тағдырға араша түскен Талғат Айтбайұлы қай кезде де ақиқатты асқақтатып келеді.  Ал жанкештілікпен 24 жылдан бері шығарып келе жатқан «Жыл – он екі ай» журналы – балалар әдебиетіне жасалған айрықша  қамқорлық. Сол секілді Желтоқсан қасіреті туралы материал іздеген жан оның отыз бес жыл бойы үзбей жалғастырып келе жатқан «Алматы. 1986. Желтоқсан» айғақ-кітаптарына жүгінетіні айдан анық. Жазушының шығармашылық еңбек жолында ұлт баспасөзіне сіңірген еңбегі сайрап жатыр.

Орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын туып-өскен Жуалы ауданындағы Абай атындағы орта мектепте интернат тәрбиешілігінен бастаған ол 1975 жылы әскери міндетін өтегеннен кейін осы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді. ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқи жүріп, Қазақ радиосының жастар мен балаларға хабар тарататын редакциясында редактор қызметін атқарды. 1980 жылдың қараша айы­нан бастап республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім  меңгерушісі, жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Аударма» алқасында аға редактор, Алматы облыстық теледидарында саяси шолушы, «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі, жастардың республикалық «Арай-Заря» журналында жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. 1997 жылы «Тоғанай Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, директоры, 2001 жылдан бастап жарық көретін «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы қызметін жемісті жалғастырып келеді.   

Алғашқы әңгімелері оқушы кезінде оқырманға жетті. Белгілі кинорежиссер А.Шәжімбаймен бірігіп «Бәйтерек», «Барбол» деректі фильмдерінің сценарийін жазып, экрандаған. Кинорежиссер О.Сарбасовпен «Жамбыл» деректі фильмін түсір­ген. «Нан мен тер» (1998), «Ән әлемінің Әбиірбегі» (1998) сыр-сұхбат кітаптары, «Мың бір күн, мың бір түн» («Тысяча один день, тысяча одна ночь») романы қазақ, орыс тілінде (аудар­ған Н.Кенжеғұлова) жарық көрді (2000). Т.Айт­байұлы – сонымен бірге «Қазағым деген біз бармыз» романы, «Айтпай қойды-ау демеңіз» пуб­лицистикалық кітабы, «Ел және Мен» эсселер жи­нағы, Жолбарыс би туралы «Аңыз боп жет­кен Абыз» тарихи роман-эссесінің авторы. Оның әдеби жазбашылығымен әйгілі ұжымшар құры­лысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Нүсіп­бек Әшімбаевтың өмірбаяндық «Ғасырға ұлас­қан ғұмырым», академик Рахымжан Елешевтің тағ­дырына қатысты «Сырымды өзім айтамын...» мемуарлық романдары, Жуалы ауданындағы «Большевик» ұжымшарын көркейткен төрағасы Әбілдәбек Қойбақовтың «Ұрпағыма өсиет» кітабы оқырман қолына тиді. Абай атындағы орта мектептің түлектері, ұстаздары туралы «Бір ауылдың түлеп ұшқан жастар едік» кітабын өз қаржысына шығарып, тегін таратқан. Жазушының аударуымен, тікелей қаржыландыруымен публицист-жазушы В.Михайловтың «Хроника великого джута» кітабы «Ұлы жұттың жазбалары» деген атпен оқырманға жол тартты (1992). Е.Үсенбаев, М.Ахметпен бірлесіп жазған «Жері, суы  дуалы – Жуалы» тарихи танымдық кітаптың да авторы. «Жыл – он екі ай» журналы балалар басылымдары арасында Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» белгісін (2007), жыл сайынғы ұлттық қоғамдық сыйлық «Алтын Жүрек» дипломын (2009) иеленді. «Алматы 1986 Желтоқсан» топтама кітаптарының 17 томын құрастырып, елге ұсынған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша осы кітаптардың алғашқы 4 томы «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен жарық көрді. Т.Айтбайұлы «Жел­тоқсан» айғақ-кітаптары үшін Қазақстан Жур­налистер одағының К.Қазыбаев атындағы сый­лығын алған. Ол – Жуалы ауданының Құрметті азаматы. Қаламгердің еңбегі бағаланып жатса, мерей емес пе? Талғат ағамыздың қаламынан алдағы уақытта оқырманын қуантатын талай шығарма жазылатыны анық.

 

АЛМАТЫ