Байқау • 15 Мамыр, 2024

Үздік құрама

38 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай облысының «Tengry» құрама командасы Қытайдың Шанхай қаласында өтетін роботтехника бойынша әлем чемпионатына аттанды. Облыс командасы 18-19 мамырда «Shanghai first challenge» халықаралық чемпионатында бақ сынайды.

Үздік құрама

Команда құрамында мектеп оқу­шылары Осман Қуанышбек, Темір­лан Абылахан, Нұртөре Мақ­сатов, Алан Ермекбаев, Нұркен Төлеубек, Балжан Найманғазина, Досжан Сәбит, Радмир Жеңіс­бек және жетекші, информатика пәнінің мұ­ғалімі Айдос Тұрсынбеков бар. Бұл топ FTC және FLL бағыттары бойынша бірнеше First Kazakstan Championship республикалық және халықаралық чемпионаттарының же­ңім­паз атанған.

– Біз облыс оқушыларының роботтехника бойынша ең мықты халықаралық командалармен бірге бақ сынап, жарысатындығын мақтан тұтамыз. Бұл – оқушылар үшін өз білімдері мен дағдыларын көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар жаңа адамдармен танысу, тәжірибе алмасу және идеялардан шабыт алу мүмкіндігі. Бұған дейін де біздің оқушылар әлемдік және халықаралық чемпионаттарда бірнеше рет ел атынан өнер көрсетіп, әрқашан жеңіспен оралды, – деп атап өтті Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметінде.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысы атынан бірнеше команда Индонезия, Түркия, Сингапур елдерінде әлемдік, халықаралық додаларға қатысқан. FIRST – жастарды болашақ сынақтарға дайындайтын білім беру бағдарламасы мен жарыстарды қамтитын әлемдік қауымдастық. FIRST мүшелері инклюзив командаларға бірігеді, роботтехника және Steam тапсырмаларын шешеді, ин­новациялық жобалар әзірлейді және көрсетеді.