Қоғам • 24 Мамыр, 2024

Батырлар рухы – тәлім-тәрбие қайнары

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Достық үйінде биыл 100 жылдық мерейтойлары аталып жатқан Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған іс-шара өтті.

Батырлар рухы – тәлім-тәрбие қайнары

Ерлік пен батырлықты дәріп­те­ген іс-шараны «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі мен Қорғаныс министрлігі ұйым­дас­тырды.

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті өкілдері, Қарулы күштер ардагерлері, Ұлттық қорғаныс университеті, әскери кафедралар, оқу орындарының алғашқы әскери даярлық пәні оқытушылары, С.Нұрмағамбетов пен Р.Қошқарбаевтың туыс­тары­ның кездесуі дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылды.

Отырыста елордалық Еура­зия ұлттық университеті, Қазақ технология және бизнес уни­верситеті жанындағы кол­ледж­дердің, Көлік және ком­му­никация жоғары кол­лед­жі­­нің, М.Жұмабаев атын­да­ғы Ха­лық­аралық колледждің және Ғ.Мырзағұлова атындағы «Дана­лық» жоғары медициналық кол­леджінің студенттері баян­да­ма жасады. Олар Кеңес Ода­ғы­ның батырлары – Ысқақ Ыбыраев, Леонид Беда, Сүндетқали Есқа­лиев және Әнуар Әбу­тәлі­пов­тың жауынгерлік жолы мен ерлігі жайлы айтып берді.

– Биыл біз қазақ халқының көрнекті ұлдары – Кеңес Ода­­ғының батыры, тәуелсіз Қазақ­станның бірінші Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Саға­дат Нұр­ма­ғамбетовтің және Халық қаһарманы Рақымжан Қош­қар­баевтың жүз жылдығын атап өтудеміз. Уақыт бізден бей­біт­шілік пен бостандық жолында халық басынан өткерген сұрапыл соғыс жылдарының ауыртпалығынан, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы қиын­дықтардан алшақтатып барады. Аға буынның жасаған ұлы істері тарих еншісінде. Осы тынымсыз уақыт ағымында кешегі мен бүгінгіні байланыстырушы дәне­керді сақтай білу – парызымыз, – деді «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов.

Кездесу барысында дөңгелек үстелдің өзге де қатысушылары сөз сөйледі. Сағадат Нұрма­ғам­бетовтің немересі Лира Тал­ғат­қызы мен Рақымжан Қошқар­баев­тың немересі Дәурен Жанат­ұлы да аталары жайлы есте­ліктерімен бөлісті.

Іс-шара соңында дөңгелек үстел отырысында сөз сөйлеген ко­л­ледж студенттеріне серти­фи­­каттар тапсыру рәсімі өтті. Соны­мен қатар Астана қала­сы­ның колледждері арасында «Батыр баба тарихы» зияткерлік ойы­нының үздік қатысушылары анық­талды. Бірінші орынды М.Жұмабаев атындағы Халық­ара­лық колледждің білгірлері, екінші орынды Сервис және туризм колледжі, үшінші орынды Ғ.Мырзағұлова атындағы «Дана­лық» жоғары медициналық кол­лед­жінің «Алаш» командасы иеленді.