Сенат • 27 Мамыр, 2024

Сенаторлар ғылым және технологиялық саясат туралы заңдарды пысықтайды

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысын өткізді. Отырыста депутаттар 30 мамыр күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Сондай-ақ осы апта ішінде болатын іс-шараларды пысықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар ғылым және технологиялық саясат туралы заңдарды пысықтайды

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Палатаның алдағы отырысында «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заң және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндірісі және айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» алты заң қаралады. Бұл заңдардың ережелері отандық азық-түлік өндірушілерді органикалық өнім өндіруге ынталандыруға және олардың сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар отырыста депутаттар ғылым саласының стратегиялық, кәсіптік және әлеуметтік мәселелерін шешуге, ғылыми кадрлар даярлауға лайықты жағдай жасауға, сондай-ақ, ғылыми қызметкерді әлеуметтік қорғау кепілдіктерін іске асыруға арналған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды пысықтайды.

Айта кетейік, Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты Комитеттерге бөлініп берілді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті