Құрылыс • 30 Мамыр, 2024

«Болашақта» бой көтеретін баспана

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құлсары қаласында су тасқынынан бүлінген үйлерді бағалау жұмысы әлі жал­ғ­а­сып жатыр. Бұл жұмысты 10 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Болашақта» бой көтеретін баспана

Жылыой аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсі­по­ваның мәліметінше, су тасқынынан зар­дап шеккен тұрғындардан 2 639 өтініш түс­кен. Тұрғындарға бүлінген үйлерді баға­лау және техникалық зерделеуге байланысты 2 583 қорытынды берілген.

«Құлсары қаласының 1 594 тұрғыны өтемақы алу туралы келі­сім­шартқа қол қойды. Жергілікті 1 165 тұр­ғынға өтемақы қаржысы төленді. Оның ішінде 722 тұрғын баспана сатып алу, 443 адам тұрғын үйін жөндеу-қал­пы­на келтіру үшін төлем алды», дейді Ж.Дүсіпова.

Мәселен, Құлсары қаласының тұрғыны Сегіз Бердіқұлов сарапшылардың бүлін­ген мүлікті бағалау қорытындысына келі­сімін беріп отыр. Сол себептен енді Жы­лыой ауданының әкімдігіне жүгініп, өтем­ақыны ақшалай алғысы келеді. Ал 5-учас­кеде тұратын Қожантай Дәуітовке де баға­лау комиссиясының қорытындысы бе­рілг­ен.

«Тасқын судан бүлініп қалған мүлік­терімді әділ бағалады деп ойлаймын. Енді бағалау қорытындысына сәйкес төле­не­тін қаржымен үйімді толық қалпына кел­тіруді ойластырып отырмын», дейді Қ.Дәуітов.

Тұрғындардың арасында үйіне жөндеу жүргізуді қолға алғандар бар. Соның бірі – 74 жастағы ардагер теміржолшы Айт­бай Шайпахов. Ұзақ жылдан бері Құл­сары қаласындағы 4-учаскеде тұратын зей­нет­кердің 2018 жылы салынған үйін су басқан.

«Өтемақыға берілген қаржыға қажетті мате­риалдарды сатып алып, жөндеу жұмы­сын бастаған едік. Үйіміздің ішкі бөлігін 15 күнде толық жөндеуден өткіздік. Бұрынғы есіктерді жаңасымен алмастырып, еденіне линолеум төседік. Енді үйдің сыртқы бөлі­гіне жөндеу жүргіземіз», деп алақанын ысқылап отыр А.Шайпахов.

Онымен бір учаскеде тұратын Нәсіп­бай Сағынбаевтың үйі құлап қалған. Отба­сындағы 5 баласымен киіз үйде тұрғанына екі айға жуықтады.

«Отбасымызбен ескі үйде тұрған едік. Сол үйге 1989 жылы көшіп келгенбіз. Кейінгі 5-6 жылдан бері жинаған қар­жыма құры­лыс материалдарын әкеліп, үйім­нің қасы­нан жаңа баспананың қабыр­ғасын көтеріп қойғанмын. Қазір өтемақының қаржы­сын аяқталмай қалған үйдің құрылысына жұм­­сауды көздедім. Жұмысшылар көмекке келді. Олар үйдің шатырын жабуды бастады. «Қыстың қамын жаз ойла», дегендей осы бас­тан қамданудамыз. Балалар өсіп келеді. Сол себептен құлаған үйім тұрған жер телімін өзіме қалдырдым. Алдағы уақытта балаларым сол жерге үй салуы мүмкін», деп жос­парымен бөлісті Н.Сағынғалиев.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, тасқын судың салдарынан бүлінген әлеуметтік нысандар да бар. Мәселен, Білім-инновация лицейі мен «Салтанат» балабақшасының ғи­мараты апатты деп танылып отыр. Сол се­беп­тен бұл білім ордалары үшін жаңа ғима­рат салынады. Тағы бір мектеп пен бір бала­бақша нысанына күрделі, 3 білім ордасы мен 1 балабақшаның ғимаратына жөндеу жүр­гізіледі.

«Қазір Құлсары қаласындағы «Бола­шақ» шағын ауданында жаңадан салы­натын 100 тұрғын үйдің іргетасын құю жұмысы басталды. Қыркүйек айында пай­далануға берілетін 80 үйді «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорының қаражаты есе­бінен салу жоспарланып отыр. Ал 20 үйдің құ­рылысын жүргізуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді», дейді Ж.Бисембиев.

Облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Ернар Қадырбайдың дерегіне қарағанда, арнайы бөлінген жер телімінде бетон төсеу жұмысымен қатар іргетас, монолит құю атқарылып жатыр. Құрылыс алаңында экскаватор, автотиеуіш, авто­ау­дарғыш, автокран секілді басқа да техни­калар тартылды. Жаңа баспаналардың құ­ры­лысын жүргізуге жергілікті жерден қа­жетті инертті және өзге де материалдар табылып отыр. «Қазақстан халқына» қорының талаптарына сәйкес, құрылысты жүргізетін мердігерлер жергілікті мекемелерден таңдалған.

«Әр тұрғын үйдің жалпы көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Жобаға сәйкес жаңа үйлерде 5 бөлме болады. Оған қоса үйдің ішінде санитарлық торап қарастырылған. Тұрғын үй құрылысына жұмыс күшін тарту бойынша лимит саны көбейтілді. Құрылыс жұмыстарын «Орлан», «Армандастар-Атырау» және «Казкомсервис» ЖШС жүр­гі­зу­ді қолға алды. Бұл компаниялардың әрқайсысына 50-ге жуық жұмысшы тартылып отыр», деді Е.Қадырбай.

 

Атырау облысы