Білім • 30 Мамыр, 2024

Емтихан мен аттестаттау басталды

63 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі мектептерде емтихандар басталды. Оқушылардың оқу жылы аяқталған соң тапсыратыны – аралық және қорытынды емтихандар. Аталған емтихандар 11 маусымға дейін жалғасады. Ал колледж түлектерін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жүргізіледі.

Емтихан мен аттестаттау басталды

Фото: kaz.tengrinews.kz

Оқу-ағарту министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, 29 мамыр мен 10 мау­сым аралағында 9-сыныпты бітірушілер үшін қорытынды емтихандар өтеді. Ал ­11-сыныпты бітірушілер қорытынды емтихандарды 28 мамыр мен 11 маусым аралығында тапсырады.

Қоғамда қызу талқыланып, елді елең еткізген жаңалықтың бірі биыл алғаш рет 5-8, 10-сыныптарда қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау мақсатында қазақ және басқа да оқыту тілдері бар мектептер үшін қазақ тілі бойынша аралық емтихандар өткізіледі. Бұл жаңа талап оқушылардың қай тілде білім беретін мектепте оқитынына қарамастан, келесі сыныпқа өту үшін қазақ тілінен емтихан тапсыратынын білдіреді. Мемлекеттік тілден 5-8,10-сыныптардың оқушылары тапсыратын емтихан 31 мамырға дейін өтеді. Емтиханның нақты уақытын оқу ордалары өздері белгілейді. Емтихан екі бөліктен тұрады: жазбаша және ауызша. Оқушылар эссе жазады, сондай-ақ мәтінді оқу, әңгімелесу және мәтінді тыңдап түсіну бойынша өз шеберлігін көрсетеді.

 Осыған дейін хабарлағанымыздай, Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес және су тасқынынан төтенше жағдай жария­лануына байланысты Атырау (20 мектеп), Ақтөбе (9 мектеп), Солтүстік Қазақстан (5 мектеп) облыстарының 3 581 оқушысы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады. Қорытынды баға оларға жылдық бағалар ретінде қойылады.

Қорытынды аттестацияны барлығы 340 мыңнан аса 9-сыныпты бітіруші, сондай-ақ биыл 11-сыныпты тәмамдайтын 186 мың оқушы тапсырады. Мектеп түлектеріне аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 12-15 маусым аралығында өтеді. Ал 156 мың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жүргізіледі, оларға диплом тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында болады.