Ұлттық спорт • 30 Мамыр, 2024

«Ұлттық ойын атауы Парламентке тиесілі емес»: Тоғызқұмалақ федерациясы ресми мәлімдеме жасады

91 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

29 мамырда Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында «тоғызқұмалақ» ойынының атауын өзгертуді ұсынған болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ұлттық ойын атауы Парламентке тиесілі емес»: Тоғызқұмалақ федерациясы ресми мәлімдеме жасады

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Аталған ұсыныс кешелі бері ғаламтор кеңістігінде қызу талқыланып жатыр.

Бүгін Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Байменов депутаттың ұсынысын қолдамайтынын жеткізіп, ресми мәлімдеме жасады.

«Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз - тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп үкіметке сауал жолдапты. Ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайды қарау - ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз. Көзіқарақты кез келген адам «бұлар басқаны қойғанда Абайды танымай Әуезовті оқымағандар ма?» деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық. Тоғызқұмалақ - ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны», деді Әлихан Бәйменов.

Федерация басшысы тоғызқұмалақты ЮНЕСКО адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындағанын, тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі екенін атап өтті.  

«Сырттан келген адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа, ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады. Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды», деді федерация президенті.

«Ойынның да, оның атауының да иесі – қазақ халқы. Біздің перзенттік парызымыз – тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю», деген Әлихан Бәйменов қазір әлемнің 50-ден астам елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысып жүргенін, 6 әлем чемпионаты 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен өткенін, әлемге танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында тұрғанын, Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылданатынын атап өтті.

«Мұның бәрі ардагерлер, жаттықтырушылар, ойыншылардың еңбегінің, оларды демеп, қолдап жүрген федерация, тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Спорт және туризм министрлігі мен жергілікті әкімдіктер, маслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуы мақсатында жұмыс істейміз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды. Қазақ барда тоғызқұмалақ дами бермек. Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз. Пікір алуандылығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен  ойнауға болмайтынын мәлімдейміз», деп түйіндеді Әлихан Байменов.