Әдебиет • 30 Мамыр, 2024

Бекжанның бекзат болмысы

121 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1998 жылы Алматы қаласында «Сегіз серінің супер додасы» атты дүбірлі айтыс өтті. Сол кезде Жүрсін Ерманның: «Бекжанның дүйсенбіде айтқан сөзін сәрсенбіде түсінесің», дегені бар. Расымен, Әшірбаев әлеміне әркім бойлай алмайды. Оны ерекшелендіріп тұратын да осы – тереңдік пен қиыннан қиыстырар тапқырлық. Сол себепті ел ішінде «Бекжан айтты» деген сөз көп. Бірі айтыстағы өткір шумағынан мысал келтірсе, енді бірі оның поэзиясындағы пәлсапалық ойларды жатқа айтады. Бүгін біз де интеллектуал ақынның шығармашылығын шамамыз жеткенше шолып көрмекпіз.

Бекжанның бекзат болмысы

Бекжанның лирикалық өлеңдерін оқи отырып оның мазмұнынан өзіміз өмір сүріп жатқан бүгінгі заманның сыры мен сипатын, қоғамның әр алуан  құбылыстарын, адамдардың бойындағы сан қилы мінез бен ерекшеліктерді жаз­бай танимыз. Ақын айналада болып жатқан оқиғалардың бәрін ой еле­гі­нен ғана емес, жүрегінен де өткізіп, әрбір жырын толғатып жазады. Сөй­тіп, оқырманды еріксіз еліктіріп әке­теді. Сондай-ақ ақын ойын барынша астарлап айтуға ұмтылады. Оған «Телефо­ны тыңдалатын адамдай, Әдебиетте сөй­леу керек тұспалмен», деген өз сөзі дә­лел. Бұдан бөлек, Бекжан «Жаңыл мен Жалғасбек», «Қымыз иісін іздеу», «Екінші Желтоқсан», «Суішерім», «Қара шал», «Ностальгия» секілді жырларында ұлт­тық танымды таңбалай отырып, адам мен қоғам шындығын анық аңғартады. Мәселен, оның «Әке-көңіл ауыл жоғын іздеп тұр, Жаңылдан соң, Жалғасбегін күткендей!», деген тармағынан ұлттық ұғымның үздік үйлесімін көреміз.  Ақын ауылдағы ақи­қаттың қайтыс болғанын, бірақ сонда да жақсылықтың таңы атарына әлде де үмітті екенін қазақ ұғымына сай келісті теңеу, жанына жақын балама арқылы сәтті бейнелеген. Әшірбаев өлеңдерінде осындай бүтін бір ұлттың бітім болмысына сіңіп кеткен ұғымдарды бүгінгі шындықпен беттестіріп, өзгеше ой сабақтайды. Жекелеген шумақтар мен  жолдарға ұлттық мінез сәулесін сый­ғызып, астарлы ақиқат, әнтек әзілмен ажарлай біледі. «Бас бәйгені үнемі алу сезімі, Бірдей шығар оны мүлдем алмаумен», «Қазақшалап сөйлегенге таң­ғалдық, Тісі бүтін кемпір көрген секілді», «Жамал қарт әңгімесін бастаушы еді, Алдаған болмайды деп таразыдан», деген тармақтар ақынның ұлттық психология иірімдеріне емін-еркін бойлайтынын байқатады.

Жалпы, Бекжан поэзиясына тән бір ерек­шелік – ол заман талабына сай тілі­мізге еніп жатқан терминдерді өлең­дерінде құлпыртып, сәтті пайдаланады. Бұл да жаңаны іздеуден, соны сүрлеу табуға деген талпыныстан туған дүние. Мәселен, «Жаңалық оқығандай өтеді өмір, Жүгіртпе жолдары боп экран­ның», «Карта ойнағалы казино барсаң, Ол қай­та сені ойнап тынады», «Баянсыз бұл фәниден, Файлдай өшеміз-ау», «Оп-оңай жиналар жоқ бедел, Лүпілге тәуелді сайт-сана», деген сынды бірнеше мысал келтіруге болады.  Мұндай басқа тілден енген немесе халықаралық терминдерді өз шығармаларында ұтымды пайдалану Бекжан поэзиясында жиі көрініс береді әрі бұл бүгінгі поэзия үшін жаңалық екенін де атап өткеніміз жөн. Алайда ақын өлеңдерінде қанша жерден нео­логизмдерді нақышына келтіріп қол­данса да, ұлттық таным-түсініктен алыс­тамайды. Оның туындыларында дәуір шындығын поэтикалық тілмен бейнелей алатын ойнақылық та, ойлылық та бар. Ол сонысымен ерекше.

Айтпақшы, Бекжан Әшірбаев оқыр­мандарына жақсы жаңалық. Жақында ақынның екінші кітабы жарық көреді. Мұны ақынмен сұхбаттасып, Алматы барған сапарымызда білдік.

Жә, осы жерден әңгімеміздің тізгінін тарта тұрайық. Ақынның өз сөзімен айтар болсақ, «Жамбыл да көп сөйлеуді ұнатпаған, Жамбылдың көп сөйлеген жасы ғана»...