Абай • 30 Мамыр, 2024

Абай әлемі –Татарстанда

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті мен Қазан федералды университеті арасындағы келісім аясында аталған оқу орнының Филология және мәдениетаралық коммуникация институтында «Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығы» ашылды.

Абай әлемі –Татарстанда

Екі жүз жиырма жылдық тарихы бар, білім саласында орасан зор тә­жірибесі мен ғылыми ізде­ніс­тер­ге бай Қазан федералды уни­вер­си­те­тін­де қазақтың ұлы ақыны Абай Құ­нан­байұлы­на арналған орталықтың ашы­­луы – еліміз үшін маңызды жаңа­лық­­тың бірі. Бұл абай­танудың жаңа белесінің нәтижелі жұмыс­та­рының, игі істер­дің бастамасы болары да анық.

Салтанатты іс-шараға еліміздің Қазан қаласындағы бас консулы Ерлан Ысқақов, ҚФУ президенті Рияз Мин­зарипов, шаруашылық қыз­меті жөніндегі проректор Алмаз Мин­гулов, ФМКИ директоры Радиф Зама­летдинов, ЕҰУ басқарма мүшесі – ака­демиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, ЕҰУ Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Қоқаев, Татарстан ха­лық­тар достығы үйінің директоры Тимур Кадыров, «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum» фору­мының құрметті қонақтары қатысты.

Іс-шара барысында Абайдың шы­ғар­машылық мұрасы жаңа­ша тұрғы­да зерделенген ғылы­ми-танымдық ең­бектер мен кітап­тарды табыстап, ұлы ақын мұра­сын насихаттау бағытындағы ке­лелі жоспарымызды бір талқылап алдық.

Абай орталығының ашылуы ха­лықтар достығы мен уни­вер­си­тет­тердің адамзаттың рухани құн­дылықтарын сақтау мен көбейтудегі миссиясын жүзеге асырудың көрінісі екені белгілі. Орталық болашақта хакім мұра­сын жан-жақты зерттеу, насихаттау жұ­мыс­тарымен қатар, бірлескен білім бағ­дарламаларын жүзеге асыру, қазақ тілін оқыту және насихаттау, мәдени бай­ланыстарды нығайту, халықтың бай және төл мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрін таныту, сондай-ақ екі уни­­верситет арасындағы заманауи жетіс­тіктерімен және даму жоспарларын іске асыру бағытында ауқымды жұмыстар жасайды деген зор үмітіміз бар.

Абай орталығының Татар елін­де ашылуының маңызы зор. Екі туыс елдің рухани жақындығы­мен қатар Абайдың ұлы ақын болып қалыптасуында татар хал­қының алатын орны ерекше. Абай білім алған, азаматтық көз­қарасы қалыптасқан Семей қаласында татар халқының көп­теп қоныстанғаны тарихтан бел­гілі. Ақынның даналығы терең толғамдарының қалыптасуына ық­пал еткен тұлғалар туралы айт­қанда, татар халқының ұлы пер­зенті Шихабеддин Маржани еске түсері анық. Абай дала дәс­түрі мен халық философия­сын бала жасынан бойына сіңі­ріп, медреседе оқып, таным көк­жиегін кеңейткенде, өзі де жан-жақты іздену барысында да оқы­ған кітаптары мен тәлім алған ұстаздарының тигізген әсе­рі ай­рықша. Маржанидің ағар­ту­шы­­лық бағытын ұстанған Ахмет Риза­ның медресесінде оқу жас Абайға үлкен мектеп болғаны анық. Семей қаласындағы терең рухани бiлiм беруге баса назар аударылған медреседе Абай ислам дiнiнiң қағидаларын, соны­­мен бiрге сопылық iлiмді де мең­ге­ріп, жалпы, түркілік, шығыс­тық әдебиет пен мәдениетке, ғы­лым-білімге сусындап шыққаны ­ақи­қат. Заманында қазақ дала­сына келген Татар молдалары елімізді ислам дініне баулып, мед­ресе­лер ашып, мешіттер салып, діни кітаптар таратып, білімге шақырды.

Абай – жаңашыл тұлға. Ол жаңа жазба әдебиеттің негі­зін қа­лап, қазақ даласында бұ­рын бол­маған әдеби мектеп қалып­тас­тыр­ды. Бұл ретте Маржани мен Абай­дың үн­дестігін аңғар­мау мүмкін емес. Жаңа­шыл бағыттағы «Ахмет Риза» медресесінде Абай Маржани шә­кірт­терінен тәлім алды. Ақын татардың түрлі кітабын алдыртып оқып тұрғаны баршаға аян.

Қазан – архивтік құжаттарға бай, ғылым-білім байлығы жи­нақ­талған қаланың бірі. Осы сапар барысында Еуразия ұлт­тық уни­верситеті бас­шылығы Татар­стан Ғылым академия­сымен ор­тақ өз­ара ынтымақтастық келі­сім­ге оты­руының өзі, болашақта бір­лесіп атқаратын игі ғылыми істер­дің бастамасы болары хақ.

 

Жандос ӘУБӘКІР,

«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры 

Соңғы жаңалықтар