Сұхбат • 31 Мамыр, 2024

Аралбек Берікұлы: Ауыл мектебінің тағдыры бәрімізді алаңдатады

40 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір жастардың көбі шетелде білім алуды қалайды. Сол шетелдік білімі, дипломы арқылы еліміздің ірі қалаларындағы беделді ұйымдарда, тіпті шетелдің атақты компанияларында еңбек етуді көздейді. Осындай ойдағы замандастарының арасында Аралбек Берікұлы секілді басқаша көзқарастағы жандар да бар. Ол – математика пәнінің мұғалімі, Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданындағы Құлынжон ауылдық орта мектебінің директоры, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, 3 кітаптың авторы. Ұлыбританияда білім алған Аралбектің шетел асуына болушы еді, бірақ кейіпкеріміз: «Бәріміз елден кете берсек, мұнда кім қалып қызмет етеді?» деп, сөзін ісімен ұштастырыпты.

Аралбек Берікұлы: Ауыл мектебінің тағдыры бәрімізді алаңдатады

– Аралбек Берікұлы, ше­телдік біліміңіз, үздік тәжіри­беңіз, екінің біріне ұсы­ныла бермейтін қызметіңіз болса да, ауыл мектебінде қызмет ету­ді таңдапсыз. Неге?

– Алғаш рет 2015 жылы математика оқулығын шығарған кезімде кітапты жарнамалау мақ­сатында сәті түсіп Атырау облы­сына барған едім. Сол сапарымда Атырау облысының біраз аулын аралап, ауыл мектептерінің шынайы келбетін, мұғалімдерді көріп, бұрыннан бері ойымда жүрген бейнесабақ түсіру туралы жоспарымды бірден бас­тау керегін түсіндім. Кішкентай планшетіммен бірінші рет 5–11 сыныптардың математика пәнінен тақырыптарды түсіндірген бей­не­сабақтарымды жазып, You tube арнасына жүктеп қойдым. Сабақтар әлі күнге тұр, қалаған адам тегін қолдана алады. Сол уақыттан бері ауыл мектептеріне деген алаңдаушылық басым. Республикалық физика-математика мектептерінде жүргенімде басшылыққа бір ауылдың мектебін таңдап алып, білім сапасы тұрғысынан жетілдіруді ұсынғанмын. Соны іске асырамын деп жүргенде қазір еңбек етіп жатқан ауыл мектебіне шақырту келді. Мұнда «ауыл мектебін дамытуға бағытталған ойларыңды жүзеге асыруға болады» деген соң, келдік.

– Оқу-ағарту министрлігі қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жоюға күш салып жатыр. Бірақ бұл теңсіздіктің жақын арада жойылмайтынын, тіпті жыл өте алшақтай беретінін айтасыз. Бұған не себеп?

– Мұның ең үлкен себебі – адам капиталы. Ауылдан еті тірі, білімді, білікті мамандар жағдайын жақсарту үшін қалаға кетеді. Оған қоса ауылдан шыққан оқушыларың өзі мұғалім мамандығын бітіргенімен, ауылға бармайды. Оның үстіне қалаларда күн өткен сайын түрлі оқу-дамыту орталығы ашылып жатыр. Бұл оқушылардың үлгерімін жақсартуға зор мүм­кін­дік береді. Ал ауылдарда мек­теп пен адамдар тұратын үй­лерден, жол бойындағы бірлі-жарым дәмхана, дүкеннен басқа өзін жетілдіретін, дамытатын ештеңе жоқ. Білім ордасы – мектептің өзі ауылдық жерлерде бір мезгіл ғана жұмыс істейді, қалған уақытта есігінде қара құлып ілулі. Сабағы аяқтала сала үйіне қайтқан ауыл мұғалімін 4-5 ірі қара малы, 20-30 қойы, бір қора тауығы күтіп тұрады. Олар үйіне пеш жағады. Үй шаруасынан шыға алмайтын ауыл мұғалімі өзін жетілдіруге уақыт таппайды. Ауылдық мектептердің ма­териалдық базасы да, интернеті де нашар. Сондықтан ауыл мен қала мектептері арасындағы ал­шақ­тық азаймайды және атал­ған алшақтық жыл өткен са­йын ұлғая береді. Бұған тағы бір мәселе себеп болып отыр. Бұл – бала­лардың сабаққа қатыспауы. Мысалы, әдейі есептеп шықтым, біздегі оқушылар ауа райының қолайсыздығынан, одан қалды аудандар мен облыстарға олим­пиадаларға барамыз деп, ке­мінде 20–25 күн сабаққа қатыс­пай қалады. Еліміздегі 7600 мектептің 5700-і, яғни 70 пайызы қаладан алыс, ауылдық жерлерде орналасқан. Шалғайда оқу ошақтарын көп тексере бермейді, сол себепті мұғалімдер де сабаққа кешігіп, сабақтан шығып кетіп салғырттық танытады. Тоқетері, қазір ауыл мектептеріндегі білім сапасының төмендеп бара жатқа­нын қоғам болып байқамай отырмыз.

– Ауыл мектептеріндегі білім сапасын білікті мамандар көтере алады. Осы ретте «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ла­масы туралы не айтасыз?

– «Дипломмен – ауылға!» бағ­дарламасы айтарлықтай мықты қолдау емес. Аталған бағ­дарламаның мұғалімдерге беретін мүмкіндіктерін олар қаладағы мектептерде жүріп-ақ қосымша сабақтар беру арқылы өзіне жасай алады. Меніңше, аталған бағдарламаны қайта қарау керек. Оңтүстікте мұғалім ма­мандығын алғандар өте көп. Оларды бағдарлама арқылы жұ­мыс­қа шақырса, барады. Бірақ бұған жақсы жағдай жасайтындай келісімшарт керек. Қазіргі нұсқасы – шикі, көп адамды бағ­дар­ламамен жұмысқа баруға ынталандырмайды.

– Бүгінде мектеп директор­лы­ғына көбі барғысы келмейді. Неге?

– Өйткені мектептің қағаз тол­тыру, ғимараттың жөндеу жұ­мысы, өрт сөндіру, санитарлық жағынан, еңбек инспекция­сы, прокуратурадан келетін тексеріс, мемлекеттік тапсырыс секілді барлық шаруашылық, қаржылық жұмысы директордың жауапкершілігінде. Мектеп бас­шысының машақаты көп, жалақысы қарапайым қатардағы мұға­лімдікінен аспайды. Сон­дық­тан да еті үйренген адамдар болмаса, көбі мектеп дирек­тор­лығына барғысы кел­мейді. Өзімнің байқағаным, қазір тіпті директор болып жүргендер де директорлықтан қашады. Се­бебі күнделікті жұмыстан көріп жүргеніміздей, мектепте түске дейінгі уақытты жоспарлау мүмкін емес. Облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімінен түрлі қағаздарды толтыру туралы тапсырмалар түседі. Қағазбастылық, бюрократиялық жұмыс өте көп. Қажетсіз статис­тикадан көз ашпаймыз, мұның ешбірі баланың тәрбиесі мен білімін жақсартуға әсер етіп жатқан жоқ. Сол себепті де шынайы педагог мектеп дирек­тор­лы­ғынан бас тартады.

– Өзінің ізденісін тоқтатқан күні мұғалім мұғалім болудан қалатынын айтыпсыз. Тағы бір сөзіңізде мекте­бі­ңіз­­дегі мұғалімдерді газетке жаз­дырмайтыныңызды жет­кізіпсіз. Осы екі ойыңыз бір-біріне қайшы емес пе? Мұғалім қоғамның алды болуы үшін сараптамалық, салалық газет-журналдарды, кәсіби бағдар беретін кітаптарды оқуы қа­жет секілді. Әлде педагогтің кәсіби дамуына қажетті құнды­лықтың бәрі түгелімен әлеу­мет­тік желілерге ауысып кеткен бе?

– «Harvard Business Review»-ді оқуға болады, ай са­­йын шығатын, мұғалімдерге пайдалы дүниелер алуға болатын басылым. Ал аудандық газетке жазылып керегі не? Аудан төңірегіндегі әңгіменің бәрін мұғалімдер газет шықпай тұрып whatsApp-тағы чаттардан-ақ біліп алады. Адам өзін дамыту үшін үстелінде, сөм­кесінде кемінде бірнеше кітап болуға тиіс. Мұғалімдерге тұл­ғалық тұрғыдан, кәсіби жа­ғынан өзін жетілдіруге кө­мек­тесетін бала тәрбиесіне, бала психология­сына қатысты кітап көп, мұндай кітаптардың қа­зақ­ша аудармалары да бар. Қазіргі мұғалімдерге жазылуға ұсы­ны­ла­тын газет-журналдардың көпшілігі оларды дамытады деу қиын. Ол үшін басылымдардың сапасы жоғары болуға тиіс.

– Сіздіңше нағыз ұстаз қан­дай болуы керек?

– Нағыз ұстаздың жан дүниесі адами құндылықтарға толы болуы қажет. Нағыз ұстаз темекі тарт­пайды, ішімдік ішпейді, бала­ғат сөз айтпайды, тіпті ден­сау­лыққа зиян энергетикалық, газдалған сусындарды да татып алмайды. Нағыз ұстаз дипломына сенбейді, өзін үнемі жетілдіріп жүреді, айлықтан айлыққа жетуді көксемейді, жүрегімен елдің, ұрпақтың жа­йын ойлайды. Ол қағаз жинап, портфолио толтырып, категория қуаламайды, оның ең сүйікті ісі – бала. Сыныпқа бала тәрбиелеуге, оқытуға, үйретуге кіргенде өзін бақытты сезінетін адам. Өйткені қоғамға қызмет ететін барлық мамандық иесі мұғалімнің алдынан өтеді. Мұғалімдер нашар болғандықтан, университеттерге «піспеген, жетілмеген, шикі» талапкерлер даярланады. Соның себебінен қоғам зардап шегеді. Нөмірі бірінші, ең мәртебелі мамандық мұғалім болуы керек. Бұл кәсіпке осындай оймен ғана барған жөн. Нағыз ұстаз – біздің Ыбырай атамыз, қолда не оқулық, не ғимарат, лайықты мұғалім, ештеңе болмаған кезде жоқтан бар жасап білім берген жан. Қазір 20, 100 адам қосылсақ та, сол бір Ыбырай Алтынсариннің істегенін істей алмай жүрміз.

 

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

 «Egemen Qazaqstan»