Шаруашылық • 04 Маусым, 2024

Үнемдегеннің ұпайы түгел

79 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ауа райын болжаушы мамандардың мәлімдеуінше, солтүстік өңірлерде күз және қыс бойы жиналған ылғал қоры жеткілікті, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыста қуаңшылық болуы мүмкін. Бұл – болжам. дегенмен диқан қауымы оны әрдайым ескерері анық. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да айтқан болатын.

Үнемдегеннің ұпайы түгел

«Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатыр. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңір­лерінде суды ең көп жұм­сайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», деді Президент.

Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында бірқатар жұмыс қолға алынған.

Еңбек ардагері, «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС директоры Танабай Шын­тасов «Egemen Qazaqstan»-ның өңірдегі тілшісіне хабарласып, су тапшылығын болдырмауға қатысты көкейдегі ойын жеткізген-ді.

«Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында ескіден келе жатқан тік дре­наждар іске қосылып жатыр. Ке­зінде тік және көлденең дренаждар әр аудан­дағы іріленген ұжымшар, кең­шар құрамында жоспарлы түрде жұ­мыс істеді. Ал бүгінде аудандардағы 25 мыңдай ұсақ шаруашылықтың жағ­дайында жүздеген гектарға қызмет жасап жатқан дренаждар жұмысы қалай үйлестірілуде? Тік дренаждарға кім иелік етеді? Бұл бағытта Су ресурс­тары және ирригация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі қоян-қолтық жұмыс істемесе, судың тиімділігі де, жердің берер табысы да мардымсыз болары анық. Өңірдегі «Қазсушар» РМК филиалының балансындағы түрлі дәрежедегі каналдардың ұзындығы 5 781 шақырымға жуық десек, бүгінде олардың 4 652 шақырымы топырақты жер арналарымен егістік жерлерге су тасымалдайды. Облыстың жылдық суға қа­жеттілік лимиті – 3 198 млн текше метр. Яғни су тасымалдаушы канал­дарымыздың 80 пайызындағы фильтрация көлемі өте жоғары екеніне қарай отырып, 30–40 пайыз су жоғалтқанның өзінде облыста орташа 1 млрд текше метр су жоғалтады екенбіз, яғни алынатын ағын судың үштен бірін. Су тапшылығын болдырмас үшін осындай кемшіліктерге жол бермеуіміз қажет», дейді Танабай Шынтасов.

Ардагер су шығынын есепке алу, ол үшін өлшеу бекеттерін, автоматты жүйелерді енгізу қолға алынбай, үнем жөнінде айту бекер дейді.

«Су тасымалдаушы 8 трансше­ка­ралық канал, ондағы 470-ке жуық гидро­­құрылым, 240-тан астам су өл­шеу бекеті бүгінде тозған, апатты жағ­­дайда жұмыс істеп тұр. Сарыағаш, Келес, Қазығұрт аудандарына су жеткізіп беруші трансшекаралық каналдардың ұзындығы 360 шақырым болса, оның 110 шақырымы көрші Өзбекстанның халқы тығыз орналасқан елді мекендері арқылы өтеді. Осы 8 трансшекаралық каналдың жобалық жалпы су өткізу қабілеті секундына 165 текше метр болса, бүгінде бұл көрсеткіш секундына 110 текше метрге төмендеп, яғни 66 пайыздық су өткізу қабілетімен жұмыс істеп жатыр», дейді маман.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, суды үнемдеу, су саласын дамыту бағытында бірқатар игі іс қолға алынған. Бүгінде облыста жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метр болатын 42 су қоймасы бар. «Боралдай», «Бәйдібек ата» су қойма­ларын салу жобалары әзірленген. Жо­балар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр ағын су жеткізіліп, Түркістан қа­ласы аумағында ағын су мәселесі шешімін табады.

«Бәйдібек ата» су қойма­сын салу жұмыс­тарына былтыр об­лыс­тық бюджеттен 680 млн теңге қаралып, құры­лыс жұмыстары басталды. «Боралдай», «Бөген», «Қос­қорған» су қоймаларының тех­никалық экономикалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттамасы әзір­­­­леніп жатыр. Түркістан об­лысындағы барлық канал­дың жалпы ұзындығы – 12,3 мың шақырым. Ұзын­дығы 59 шақырым болатын «Түр­кіс­тан магистралды каналын күрделі жөн­деу» жобасының 1-кезеңі аяқ­талды. Нәтижесінде, жылына 60 млн текше метр ағын су үнем­делді.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуына қарағанда, каналдың 2-кезе­ңінің жобасы дайын. Жоба аясында 25 дана су өткізу құрылымы автоматтандырылады, 24,9 шақырым каналды бетондау арқылы жылына 29 млн текше метр ағын су үнемделеді. Бүгінде жалпы құны 73,9 млрд теңге болатын 17 жоба дайын. Тиіс­ті қаржы бөлінсе, 236 шақырым канал бетонмен қапталып, 49,8 мың гек­тар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта биыл тәжірибе негізінде жаңа әдіспен мақта дақылы 3 000 гек­тардан астам аймаққа егілді. Бұл тех­нологияның тиімділігі – суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, кемінде гектарынан 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есе жоғары. Мысалы, Жетісай ауданындағы «Керімхан» шаруа қожалығы жаңа әдіспен мақта егіп, жақсы сападағы әрі мол өнім алуды көздеп отыр. Қожалық биыл 100 гектарға мақтаның жергілікті «Мақтаарал 50/27» , 40 гектарға «Сұлтан» сортын және 20 гектар жерге Қытай елінен әкелінген мақта шитін сепкен.

Мақтаарал аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­шысы Биязит Әлімқұлов өңірдегі мақта­лы алқаптардың 70 пайызы Мақта­арал және Жетісай аудандарына тиесілі екенін айтады.

«Көршілес елдерден келетін су көлемі де жыл өткен сайын азайып келеді. Бұл өз кезегінде ағын суды үнемді пайдалануды талап етеді. Мақташыларымыз егістігін ала жаздай бір рет қана суарып алатын жағдай да кездеседі. Бұрынғы су тоқтаусыз келіп жататын кездерде мақтаны екі-үш рет, кейде тіпті төрт рет суаратын. Қазір ондай мол су жоқ. Сондықтан су­дың бәрі мақтаға кетіп жатыр деген ой туындамауы керек. Диқандар жақ­сы біледі, суды мақ­тадан гөрі қауын-қарбыз көп ішеді. Оларды піскенге дейін бірнеше мәрте суаруға тура келеді. Жылдар бойы мақта өсірудің қыр-сы­рын біліп қалғандар одан қол үзгілері келмейді. Осындай жайттарды ескере келе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен егіс құрылымына сәйкес мақта дақылын өткен жылмен салы­стырғанда 4 мың гектарға азайтып, орнына жоңышқа және көкөніс, бақша дақылдарының үлесін арттыру қарастырылды. Ауданда биыл 60,8 мың гектар алқаптың 33,6 мың гектарына мақта, 4,7 мың гектарына дәнді дақыл, 1,6 мың гектарына көкөніс, 17,2 мың гектарына бақша және 3,3 мың гектарына жоңышқа егу жоспарланған. Бүгінде аудан бойынша 3 710 гектар алқапқа мақта дақылы егілді», дейді бөлім басшысы.

 

Түркістан облысы