Экономика • 04 Маусым, 2024

Қазақстанда 4 баласы бар әрбір отбасыға 12,8 миллион теңге төленеді - Үкімет

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросы кейінгі жылдары Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендегенін мәлімдеді. Осыған орай депутаттар демографиялық өсімді құлдыратпау мақсатында Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдаған еді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда 4 баласы бар әрбір отбасыға 12,8 миллион теңге төленеді - Үкімет

Фото: ms.pngtree.com

Соның ішінде, Ерлан Саировтың 6 наурыз күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында Тамара Дүйсеноваға қарата қойған сауалы да бар. 

«Экономиканы дамытудың басты қайнар көзі - адам. Сол адамды дүниеге әкелетін нәзік жанды әйелдер. Мемлекеттің басты құндылығы - адамды дүниеге әкелетін әйелдерге мемлекеттік деңгейде қамқорлық жасап, олардың жан дүниесін аялап, денсаулығына мән беру – басты міндет! Көрші Ресейде ана капиталының сомасы бірінші балаға – 639 мың рубль немесе шамамен 3 млн 195 мың теңгеге, екінші балаға – 883 мың рубль немесе 7 млн теңгеге тең. Мұны қазақстандық жәрдемақымен салыстыруға келе ме? Әрине, жоқ. Қазақстанға да лайықты, әділетті аналық капиталды жасақтайтын уақыт жетті, бұл кезек күттірмейтін мәселе», деген еді депутат. 

Мәжілісмендер көршілес Ресейдегі «ана капиталы» секілді көмекпен қоса, көпбалалы аналардың тісін емдеуге де қаржы бөлу мәселесін қозғаған болатын. 

«Елімізде ұзақ мерзімді демографияны қамту стратегиясының бас аспектісі - лайықты ана капиталын қалыптастыру. Ана жүкті болған кезде құрсақта баланың қалыптасуына кальцийді көптеп жұмсап, өзінің тісінен айырылатындығы медициналық факт. Қазақстанда стоматологиялық қызмет ақысы күйіп тұрғаны баршамызға белгілі. Сондықтан бірінші кезекте көпбалалы зәру аналарға тісін жөндеу үшін бірреттік қаржылық төлем қалыптастыру маңызды. Бала тапқан келіншектердің денсаулығын күтіп, қалпында ұстап отырудың мемлекеттік стандарттарын әзірлеу керек», деді Ерлан Саиров.

Депутаттар сауалына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары Қазақстандағы әлеуметтік жәрдемақылардың едәуір тиімділігін алға тартты.

«Ресейдің ана капиталы дегені тұрақты тетік емес, уақытша шара болып табылады және халықтың туу көрсеткішін өсіру үшін жүзеге асырылады. Ол төлем сертификат түрінде рәсімделеді және оны ата-анасы бала 3 жасқа толғаннан кейін ғана белгілі бір мақсаттарға – тек тұрғын үй сатып алуға, не баланың білім алуына жұмсай алады. Алайда аналық капиталды пайдалануы үшін төлем қабілеттілігін растауы қажет. Біздің елімізде қарастырылған жәрдемақының Ресейдегі жүйеден айырмашылығы сол, Қазақстанда төлем анаға ай сайын төленеді және оны қолдану бағытында ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, 2024 жылы 4 баласы бар отбасына ай сайын 59 183 теңге төленіп тұрады. Сонда орта есеппен 18 жылда, яғни бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оның анасына бюджеттен жалпы сомасы кем дегенде 12,8 миллион теңге беріледі. Бұл – көрші елдің төлемақысынан бірнеше есеге артық! Әлдеқайда тиімді, әрі жәрдемақы төлемдерінің уақытылы әрі тұрақты төленетініне кепілдік берілген», делінген Тамара Дүйсенованың жауабында.

Сондай-ақ ол көпбалалы аналардың тісін емдеуге бірреттік төлем қарастыру мәселесі де Үкімет тарапынан құпталмайтынын атап өтті.