Қоғам • 05 Маусым, 2024

Балалар саяхаты салаланбай тұр

49 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Балалардың саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ішкі, сыртқы саяхат түрлері және жазғы сауықтыру орталықтарының жұмысын сауатты ұйымдастыру қазіргі кезде құқықтық тұрғыдан жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты мамандар балалар мен жасөспірімдер саяхатын ұйымдастыруда кешенді бағдарлама қажет деген пікірде.

Балалар саяхаты салаланбай тұр

Бәрінен бұрын кішкентай сая­хатшылардың қауіпсіздігі ма­ңызды. Қазіргі кезде қала ішілік саяхатпен қатар қала маңындағы, шетел­дерге саяхаттау көрсеткіші артып келеді. Осы орайда мамандар балалар мен жасөспірімдер туризмін жазғы демалыс кезіндегі сауықтыру лагерьлерімен ғана шектемеу қажеттігін айтып, бұл бағытта жүйелі жұмыс қажет екенін алға тартып отыр.

Балалар туризмі 7-17 жас аралығында үлкен рөл ойнайды дейтін болсақ, этно­гра­фиялық, геологиялық, эко­ло­гиялық, т­арихи, археологиялық, спорт­­тық ба­ғыттағы іс-шараларды тиімді ұйым­дас­тырудың маңызы зор. Бұл ба­лалардың танымын кеңейтумен қатар, отаншылдық рухты, туған жерге деген сүйіс­пеншілікті, жанашырлықты қалыптастыруға ықпал етеді.

Қазіргі кезде мектеп жанындағы жазғы лагерьлер жұмысын бастады. Бай­қағанымыздай, көптеген ата-ананы жазғы лагерьлер жұмысы қанағат­тандырмайды. Сауалнама барысында көз жеткізгеніміздей, ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Өйткені мектеп жанынан ұйымдастырылатын қала ішілік экскурсиялардың кестесі жүйеленбегендіктен, алаңдаушылық басым. Сондықтан оқу жылының соңына қарай мектептер жанындағы жазғы лагерьлер кестесі, экскурсиялар барысы, билет бағасы, тасымалдаушы компания туралы деректер алдын ала хабарлануға тиіс. Ал қысқамерзімді бір-екі күндік және ұзақмерзімді қала сыртындағы не­месе шетелдік саяхаттарда қаперге алатын мәселелер жеткілікті. Қазір ата-аналардың көпшілігі шатырлы лагерьлерге қарағанда балалардың қала маңындағы жазғы сауықтыру кешендерінде демал­ғанын қалайды. Десек те деректер ата-аналардың 10 пайызы ғана балаларын лагерьлерге жіберуді жоспарлайтынын айғақтайды. Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, ата-аналардың 32,3 пайызы жазғы демалыста балаларының үй маңында бол­ғанын қаласа, ата-әжесімен демалыс­ты – 27,7, үй шаруасымен айналысатынын – 17,3, саяжай, ауылдағы демалысты – 16,9, отбасымен серуенді – 14,1 пайы­зы, үйірмелерге баратынын – 14,1, қо­сымша табыс тапқанын – 12,9, өзін-өзі дамытумен – 12,1, еріктілер тобында, қайырымдылықпен айналысқанын ата-аналардың 2,8 пайызы қалайды екен. Әр отбасын балалардың қауіпсіздігімен қатар лагерьлердің жетіспеушілігі мен зама­науи талаптарға сай еместігі де тол­ған­дырады.

Балалар-жасөспірімдер туризмі қа­уым­­дастығының дерегіне сәйкес, өткен ғасырдың 90-жылдарында елімізде 400-ден астам балаларды сауықтыру ор­та­лығы мен лагері болса, бүгінде олар­дың саны айтарлықтай азайған. Өңірлерде жұмыс істеп тұрған жазғы демалыс орын­дары еліміздегі балалардың бес па­йыздан астамын ғана қамтиды.

Қазіргі кезде балалардың жазғы дема­­лысын ұйымдастыру үкіметтік дең­гейде қарастырылып отыр. Прези­дент тапсырмасына орай 2026 жылдың соңына дейін 50 балалар сауықтыру лагерьлерін салу көзделсе, биыл төрт сауықтыру орталығының құрылысын аяқтау жоспарланып, 210 балалар са­уықтыру орталықтарының тізімі жа­салып, денсаулық сақтау және тө­тенше жағдайлар бойынша аумақтық қадағалаушы органдарға өтінімдер жол­данған. Жақында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, балалардың жазғы демалысы мен оларды еңбекке баулу тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын айтып, есеп беру үшін атүсті жүргі­зілетінін сынға алған болатын. Таным­дық және мазмұнды іс-шаралар аздығы мен сапасының нашарлығын, балалардың бейімін ескермей жасалатынын қаперге алған Үкімет басшы­сы қауіпсіздік және санитарлық тұр­ғыда шешілмеген мәселелер бар екенін де ескерткен болатын. Осыған байланыс­ты балалардың жазғы демалысы мемле­кеттік органдардың бірлескен жоспары шең­берінде ұйымдастырылып, республикалық және өңірлік штабтар құ­рылды. Ұйымдастыруға қажетті нор­мативтік-құқықтық актілер әзірленді.

Биыл Оқу-ағарту министрлігі жаз мезгілінде 1-10 сынып аралығындағы 2,9 млн оқушыны сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамтуды жоспарлап отыр. Жазғы демалысты қауіпсіз және жан-жақты ұйымдастыру үшін тиісті ведомство 8 мемлекеттік органмен бірге 2024-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жос­парын бекіткен болатын. Десек те жазғы демалыс лагерьлерінің жұмысына күмән көп. Өйткені, былтыр жазғы лагерьлердің сауна, фитнес орталықтарында ұйым­дастырылғанына қатысты деректер көп­шіліктің көңілінде күдік ұялатқаны рас. Биыл осындай келеңсіз жайттарға жол бермеуді қадағалау мәселесі Парла­мент­те де көтеріліп, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде балалар лагер­ь­лерінің жетіспеушілігіне назар аударып, Үкіметке сауал жолдады. Мәжіліс депутатының айтуынша, еліміздегі лагерьлер балалардың 10 пайызын ғана қамтиды. Ал тарихы кеңес дәуірінде бас­талатын лагерьлердің жағдайы мүлде сын көтермейді. Сондықтан шығынды аз талап ететін глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерьлерді ұйым­дастырып, стандартын енгізуді ұсынған де­путат жетекші-тәрбиешілерді дайындауды, балалардың саламатты дема­лысына бағытталған шаралардың барлығына қатаң бақылау қажеттігін де қаперге алған болатын. Мұнымен қоса Парла­ментте Kids go free бағдарламасын сынға алған депутаттар бұл бағытта кәмелетке толмаған саяхатшылардың 11 пайызы ғана қамтылғанын атап өткен еді.

Балалардың жазғы демалысына қатысты зерттеулер жүргізіп жүрген ерікті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінің «Мек­тепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» ма­мандығының 1-курс магистранты Анель Шаймырза қосымша білім беру орта­лықтарының жұмысын күшейту қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, елімізде балалардың демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайы­н демеушілік бағыттарды дамытудың алғышарты бар. Ендігі кезекте қосымша білім беру, спорт, саяхат орталықтарын балалардың тұрғылықты жеріне жақын маңда ашу уақыт талабы. Мұнымен қоса мұндай орталықтар әлеуметтік бағдарламаларымен, инфрақұрылымы жетілдірілген, заманауи көркем ғима­раттармен ерекшеленіп тұруға тиіс. Тағы бір ескере кететін жайт, цифрлы жетіс­тіктерді балалардың игілігіне жұмыс істету. Туристік операторлар, әкімдіктер жанынан ұйымдастырылатын барлық мәдени-танымдық іс-шаралардан хабар беретін сервистер қызметін дамыту, арнайы жеңілдігі бар карточкалармен мектеп оқушыларын, студенттерді де тұрақты қамтамасыз ету балаларды мәдени-танымдық құндылықтарға бау­луды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ спорт­тық, мәдени кешендер жайындағы ақ­парат және жедел жәрдем, полиция логотипі, телефондары көрсетілген хабар­ламалардың әрбір аулада көрсетіліп тұ­руы да балалар қауіпсіздігіне қоғамның алаң­даушылығын білдіреді.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар