Қоғам • 07 Маусым, 2024

Амангелді ауданында 48 үй салынады

33 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өңірде шұғыл жүріп жатқан су тасқынының зардабын жою іс-шаралары күзге дейін баратын түрі бар. Өйткені кең даланы алып кеткен алапат тасқын шығыны орасан. Қазір облыста су талқандаған жолдарды қалпына келтіру, электр желілерін жаңарту, дүние-мүлік шығынын өтеу және үйсіз қалғандарға баспана сатып алу, үй салып беру жұмыстары қатар жүріп жатыр. Мысалы, Амангелді ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 41 үй сатып алынады.

Амангелді ауданында 48 үй салынады

Су тасқыны кезінде аталған ауданға қарасты 13 елді мекенде 162 үй су астында қалған. Арнайы комиссия жүргізген техникалық бақылау қорытындысы 98 тұрғын үйді қалпына келтіруге болатынын, 44 үйдің апатты жағдайдың 5-ші, 54 үйдің 4-санатына жататынын көрсетті. Қалпына келтіруге болатын 64 үй бар.

«Тұрғын үй иелерінің бәрімен кездесу өткізіп, жергілікті атқарушы билік, мердігерлер, халық болып бірлесе отырып, әр үйге жеке-жеке тоқталып, қалпына келтіру жолдарын анықтадық, қалай етсек дұрыс болады, соның бәрін әбден пісі­ріп, пысықтап алдық. Жалпы, аудан көле­мінде 48 жаңа тұрғын үй салу қажет. Қазір 27 үйдің іргесі қаланды. Құрылыс жұмыс­тары қызу жүріп жатыр. Амандық болса, көп кешікпей Амангелді аулында 18 үй, Ағаш­тыкөлде 3, Қарасу аулында 2, Есірде 2, Бай­ғабылда 1 үй бой көтереді», дейді Аман­гелді ауданының әкімі Талғат Кәрбозов.

Амангелдідегі тұрғын үйлерді Әулиекөл ауданы мен Рудный қаласынан келген бірнеше құрылыс бригадасы тұрғызып жатыр. Құрылыс материалдарын жеткізуді жоғарыда аталған екі ауданның әкімдігі ұйымдастырады. Мысалы, «Сара KZ» құрылыс компаниясы мұнда әрқайсысының көлемі 80 шаршы метр болатын үш бөлмелі 6 үй салуда.

«Мұнда келгелі 3 үйдің іргесін көтеріп қойдық. Қыркүйекке дейін өзімізге жүктелген 6 үйді түгел салып бітіп, тұрғындарға тапсырып беруіміз керек. Құрылыс материалдары уақтылы келіп жатыр. Жатын орнымыз бен тамағымызды жергілікті әкімдік жақсы реттеп беріп отыр. Жұмыс қарқыны жақсы. Белгіленген меже – 1 қыркүйекке дейін жұмысымызды аяқтаймыз деп ойлаймын. Үш бригадаға бөлінген жиырма шақты құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Біз салып жатқан үйлер – типтік үлгідегі өте сапалы үйлер. Дәретханасы, жылы су, ауызсуы ішінде болады. Автономды жылу жүйесі бар», дейді мердігер компанияның басшысы Шернияз Сейітқалиев.

Таяуда Амангелді ауданына облыс әкімі де арнайы жұмыс сапары­мен барып, мұндағы құрылыс жұмыстары­ның барысын көріп, мердігер компания басшыларымен кездескенде, «Ең бастысы, құрылыс сапасына мән беріңіздер. Құрылысты мерзімінде аяқтап, кешіктірмей тұрғындарға өткізіп беріңіздер. Қысқа ертерек қамданып, қора-қопсысын әзірлей берсін» деп тапсырған. Одан кейін әкім тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарға сатып алынған бірнеше үйге кіріп шықты. Үй иелерінің қал-жағдайын сұрап, жаңа баспанасының жайын тексерді.

чс

«Бізге айнала аласапыран болып жатқан қиын сәтте қажетті көмектің бәрі дер кезінде көрсетілді. Ақиқатын айту керек, бәріміз қысылтаяңда қалғанда мемлекет ешқайсымызды ештеңеге мұқтаж қылған жоқ. Керегімізді уақтылы тауып беріп, жағдайымызды жасап беріп, қамқорлығын аямады. Сондықтан бұл елдің басшыларға рахметтен басқа айтары жоқ. Суға кеткен бұрынғы үйіміз ескіріп қалып еді, одан кейін мемлекет сатып алып берген жаңа үйіміз көңілімізден шықты», дейді Амангелді ауылының тұрғыны Ерсін Нұрфайылов.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, Амангелді өңірінің тұрғындары Арқа­лық қаласында салынып жатқан көпқабатты жаңа үйден 16 пәтер, дәл осы қаладан екінші нарықтағы тұрғын үйлерден 14 пәтер сатып алынады. Бұған қоса Амангелді аулынан «Көмек KST» қайырымдылық қоры есебінен 13 тұрғын үй сатып алу жоспарланып отыр. «Бүгінге дейін Амангелді ауданынан 5 үй сатып алынды, қазір Амангелдіден тағы 2, Арқалық қаласынан екінші нарықтағы 4 пәтер, 2 жеке үй сатып алу жөнінде келісімшарт жасасып жатырмыз», дейді аудан әкімінің орынбасары Сүндет Ғаниев.

Жойқын су тасқыны ауданның көлік және инженерлік инфрақұрылымына да едәуір зиян келтіріп, талай ауылды жолсыз аралда қалдырды. Бүгінге дейін бұл елді мекендердің бәріне жол қатынасы бар. Су шайып кеткен Байғабыл, Тасты ауылдарына кіре­берістегі екі жол «Алюминстрой» ЖШС қалпына келтіріп жатыр. Степняк аулына кіреберістегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге техникалық құжаттамалары әзір тұр. Сондай-ақ «KomJolStroy» ЖШС «Үрпек-Қабырға» автокөлік жолын қалпына келтіріп ­жатыр.

«Сонымен қатар «Алюминстрой» серіктестігі таяуда ғана «Амангелді – Үрпек – Рахмет – Әліби» бағытындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолын уақытша қалпына келтіру жұ­мысын аяқтады. Су тасқыны салдарынан Қабырға аулындағы «Бижан» бөгеті де зардап шеккен еді. Жергілікті атқарушы органның төтенше резерві есебінен бұл бөгет те уақытша қалпына келтірілді. Алдағы уақытта толық қалпына келтіру жұмыстарын атқаруға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу жоспарланып отыр», дейді ­аудан әкімі.

Тасқын су жолында кездескен электр бағандарын құлатып, Амангелді ауданына қарасты 20 елді мекен жарықсыз қалған. Бүгінге дейін 16 елді мекенге жарық беріліп, Қабырға, Ақкісі, Қоғалыкөл, Әбу Сыздықов сынды 4 ауылдың электр желісін жөндеу жұмысы жүріп жатыр.

Қысылтаяң сәтте ауданға жан-жақтан гуманитарлық көмек жіберіп, елдік пен бірліктің, бауырмалдық пен шынайы жанашырлықтың үлгісін көрсете білген ағайын жөнінде айтпай кетуге болмас. Талғат Карбозовтың айтуынша, аудан тұрғындары 28 наурыздан бастап гуманитарлық көмек ала бастаған.

«Бірінші болып көмек қолын созған Қостанай облысы ҚХА өкілдері болды. Еліміздің алыс-жақын өңірлерін, ірі қалаларын айтпағанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия сынды елдерден гуманитарлық көмек келді. Мамырдың отызына дейін бас-аяғы 315 тоннадан астам инертті зат, азық-түлік, киім-кешек келді. Су тасқынынан зардап шеккен үйлерге 195 генератор, 56 киіз үй, қайық, жылытқыш пештер, неше түрлі тұрмыстық заттар, дәрі-дәрмектер берілді. Гуманитарлық штаб өзімізден артылғанын көршілес Жангелдин ауданының 7 аулына жіберіп, көмектесіп отырды. Қазірдің өзінде зардап шеккен отбасыларға сатып алынған пәтерлерге қажетті жиһаздар алып беріп жатырмыз», дейді аудан әкімі.

Амангелдідегі арнайы комиссия бүгінде 91 азаматтың мүлік шығынын өтеп беруді жоспарлап отыр. Ауданда табиғи апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары аясында 685 отбасына 100 АЕК көлеміндегі бірреттік жәрдемақы төленген. Шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының мал шығынын өтеу барысы да жоспарға сәйкес ойдағыдай атқарылып жатыр.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар