Қылмыс • 06 Маусым, 2024

«Жұмыс мерзімі» – 3 ай, жазасы – 15 жыл...

14 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының аумағында есірткі тасымалдау мен тарату оқиғалары жиілеп тұр. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 18 кило түрлі есірткі заттарын тәркілеп, сақтаушылар, таратушылар мен тасымалдаушыларды ұстады. «Қара базарда» есірткінің бағасы жүздеген миллион теңгемен айналады.

«Жұмыс мерзімі» – 3 ай, жазасы – 15 жыл...

Жуырда Петропавл қаласы полиция басқармасының есірткіге қар­сы күрес бөлімінің басшысы, майор Жангелді Әпенов әлеуметтік желі­лердегі тікелей эфирі арқылы жыл басынан бері 18 кило есірткіні заңсыз айналымнан шығарып, кінәлілерді ұстау барысында 104 адамға қатысты қылмысты іс қозғалғанын мәлімдеді. «Анықталған 54 дерек есірткіні тарату, 4-еуі үлкен көлемдегі есірткіні сақтауға қатысты болып отыр. Тәркіленген 18 кило есірткінің 4 килосы синтетикалық болса, 14 килосы марихуана», деді ол.

Полиция қызметкерлерін есірт­кі тасымалдау ісіне кәнігі наша­қор­лардың жасөспірімдерді тартуы алаң­датып отыр. Есірткі таратушылар оң-солын бағамдап үлгермеген жет­кіншектерді «Ұстаса да, кәмелетке тол­маған саған көп жыл бермейді, ал ұстағанға дейін қырғын ақша таба­сың» деп алдап, азғырып, әлеумет­тік желілер, түрлі чаттар арқылы хабарлар таратады. Мұндай жеңіл «жұ­мысқа» қалай тұрып, қыруар ақшаға қарық болу үшін қайда, кімге бару керектігін де өздерінің жасырын ым-жым сөздері арқылы білдіріп, қызықтырады. Сосын жасөспірімнің басына желік кіріп, оңай олжаға тезі­рек қол жеткізуге тырысады. Кө­біне тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жасөспірімдер осындайға алданып, көп ақшаға қызығып, болашақ тағдырына өздері балта шабады. Тіпті ауылды жерлерден есірткі тарату үшін қалаға келетін жеткіншектер де бар көрінеді.

«Жас буынға біз өз тарапымыз­дан есірткі бизнесінің қылмыс еке­нін әшкерелеп, әлеуметтік желі­лер арқылы өтімді хабарлар ұйымдас­тырамыз. Мұндай хабарлама-түсі­нік­темелерді түрлі конкурс, челлендж, спорттық іс-шара арқылы тара­тып, жасөспірімнің санасына әсер­лі етіп жеткізуге тырысамыз. Жыл басын­ан бері осындай бағытта ұйым­дастырылған 337 іс-шараға 15 мың­дай волонтер мен оқушы қатысты. Сонымен қатар есірткі табудың жолын көрсеткен 88 сілтемені бұғаттадық», деді майор Ж.Әпенов.

Интернет-дүкендерден есірткі алып, оларды өздеріне белгілі нүк­те­лерге жасыру арқылы тарату жұмы­сымен айналысып, ақша табуға жас­өспірімдер ғана емес, тіпті кәмелет­ке толған жастар да жалданады. Жуыр­да Ақмола облысынан Петропавлға келіп, есірткі бизнесіне «жұмысқа тұрған» 17 және 20 жастағы екі жігіт ұсталды. Олардың жұмыс ұзақтығы бар болғаны 3-ақ ай болды. Енді есірткі таратқандары үшін екеуін де 15 жыл­ға бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Қазір ересегі қылмыскерді қамау оқшаулағышында, ал жасы үй қамақта отыр. Екеуі де есірткі бизнесіндегілердің өтірігіне алданып қалғанын айтып, шыр-пыр болған. Петропавлдағы жалдаған үй­лерінен 664 грамм мефедрон және 358 грамм α-PvP деп өрнектеле­тін синтетикалық есірткі табылған. Салмағы 1 кг-дан асқандықтан бұл есірткіні үлкен көлемде тарату деп бағаланады. Сөйтіп, Петропавлға келіп, оңай ақшаға қарық боламыз деген екі жас енді 15 жыл бас бостан­дықтарынан айырылуы мүмкін.

Ал облыстың бір ауданынан қала­ға келіп, осындай «жұмысқа» тұр­ған 23 жастағы жігіттің есірткі тара­тумен айналысуы бар болғаны бір-ақ аптаға созылған. Петропавлдың га­раж кооперативтерінің бірінің ара­сын­да жүрген оны полицейлер «Белла» ­деген иттің көмегімен ұстап, тара­туға алып шыққан 25 түйіншекті тәркі­леді. Бұлар салмағы 28 грамм болатын мефедрон атты синтетикалық есірткі екен. «Енді бұл адам есірткіні аса үлкен көлемде таратқаны үшін 10-нан 15 жыл мерзімге дейін бас еркі­нен айырылуы мүмкін», деді облыс­тық ПД есірткіге қарсы күрес басқар­ма­сы­ның басшысы, подполковник Р­услан Сапаров.

Ал былтыр қараша айында осындай қылмыспен ұсталып, соттың ше­шімін күтіп жатқан қаладағы кол­ледждердің бірінде оқитын 17 жасар жет­кіншек жуырда 5 жылға бас еркінен айырылды. Сот оның басқа қылмыстарды ашуға тергеу орындарымен ынтымақтасқанын және жасының әлі 18-ге толмағанын ескеріп, жазаны барынша жеңіл берген. Соның өзінде «жеңіл ақша» табамын деген жігіт бес жыл өмірін қапаста өткізеді. Полиция қызметкерлері есірткіні түйіншекпен жасыруға жалданатындардың «жұмыс уақыты» көп болса үш айға созылатынын айтады. Содан кейін бәрібір қолға түседі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы