Футбол • 06 Маусым, 2024

Доп додасының дүбірі естілді

17 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Енді бір ай бойы күллі әлем жанкүйерлерінің назары Германияға ауатыны сөзсіз. Өйткені 14 маусымда футболдан Еуропа чемпионатының шымылдығы түріледі. 14 шілдеге дейін созылатын дүбірлі доп додасы бұл жолы қызыққа да толы болатынына ешкімнің күмәні жоқ.

Доп додасының дүбірі естілді

Қазіргі кезде Герма­нияның ең ірі әрі кө­рікті 10 қаласы фут­бол­шылардың жарысын қа­был­дауға әзір. Бұл бәсекелер Бер­­линдегі «Олимпиаштадион» (74 475 көрерменге есептел­ген), Дорт­мундтағы «Сиг­нал Идуна Парк» (65 851), Дюссель­дорфтағы «Меркур пиль Аре­на» (51 500), Франкфурттағы «Дойче банк парк» (48 000), Гель­зенкирхендегі «Фельтинкс-Арена» (54 750), Гамбургтегі «Фолькспаркштадион» (51 500), Кельндегі «Рейн Энерги» (46 195), Лейпцигтегі «Ред Булл Арена» (42 259), Мюнхендегі «Альянц Арена» (70 000) және Штутгардтағы «МХП-Арена» стадиондарында өте­ді. Топтық турнирде мына командалар өзара шеберлік байқасады:

«А» тобы – Германия, Шот­ландия, Мажарстан, Швейцария.

«В» тобы – Испания, Хорватия, Италия, Албания.

«С» тобы – Словения, Дания, Сербия, Англия.

«D» тобы – Польша, Нидер­ланд, Аустрия, Франция.

«Е» тобы – Бельгия, Словакия, Румыния, Украина.

«F» тобы – Түркия, Грузия, Пор­тугалия, Чехия.

о

Әр топтан үздік шыққан екі ко­манда және үшінші орын ал­ғандар арасында ең көп ұпай жиған төрт ұлттық құ­рама плей-оффта күш сынасу мүм­кіндігіне ие болады. Бұл бәсе­келер 29 маусымда басталады. Ши­рек финалдық сайыстар 5-6 шіл­деде өтсе, жартылай фи­налды 9-10 шілдеде тама­ша­лаймыз. Ал жарыс жеңім­пазы 14 шілдеде Берлиндегі «Олим­пиаш­тадионда» анықталады.

Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Францияда өткен тұсаукесер турнирде КСРО құрамасы топ жарғанын көзі қарақты көрер­мендер ұмыта қойған жоқ. Ол кезде небәрі 4 команда күш сынасқан еді. Жартылай финалда Кеңес одағының Чехословакияны 3:0 есебімен ұтса, Югославия алаң иелерінен басым түсті – 5:4. Жеңіске жеткен қос команда Париждегі «Парк де Пренс» стадионында өткен финалдық сында өзара шеберлік байқасты. Бұл матчтың 43 минутында Милан Галич есеп ашқанымен, екінші кезең басталған бетте Слава Матревели таразы басын теңестірді. Қосымша уақыттың 13 минутында Виктор По­недельник жеңіс добын соқты – 2:1. Қола медальды Чехословакия иеленді. Үшінші орын үшін тартыста олар Францияны ұтты – 2:0.

«Парк де Пренс» пен Мар­сельдегі «Велодромның» жасыл алаңда жасындай жар­қылдаған Лев Яшин, Владимир Дуркович, Ладислав Новак, Йозеф Масопуст, Игорь Нетто, Драгослав Ше­ку­­ларац, Слава Метревели, Ми­лан Галич, Бора Костич, Ва­лен­тин Иванов және Виктор Поне­дельник сынды дүлдүлдер «Еуро-1960» додасының шартты құрамына енді.

Жалпы, Еуропа чемпио­на­тының жалауы 16 мәрте жел­біреді. Сол аралықта Германия құрамасы (ГФР-ды қоса алғанда) ең көп олжаға кенелді. Немістер 3 алтын, 3 күміс және 3 қола ме­дальды олжалады. Сондай-ақ Ис­пания (3+1+1), Италия (2+2+1), Франция (2+1+1), Ресей (КСРО-ның қоса алғанда, 1+3+1), Португалия (1+1+3), Чехия (Чехословакияны қоса алғанда, 1+1+3), Нидерланд (1+0+4), Дания (1+0+2), Грекия (1+0+0), Сербия (Югославияны қоса алғанда, 0+2+0), Англия (0+1+2), Бельгия (0+1+1), Мажарстан (0+0+1), Түркия (0+0+1), Уэльс (0+0+1) және Швецияның (0+0+1) футболшылары да табысқа жетті. Аталған жарыста барлығы 10 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 17 елдің туы көкте желбіреді.

Соңғы Еуропа чемпионаты 2021 жылдың 11-маусым мен 11-шілдесі аралығында қарт құрлықтың 11 мемлекетінде өтті. Олар – Англия, Әзер­бай­жан, Германия, Дания, Ис­пания, Италия, Нидерланд, Ма­жарстан, Ресей, Румыния және Шотландия. Бұл «Еуро» додасының 60 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылған пи­лоттық шара еді. Осы турнир­де алғаш рет VAR жүйесі пай­даланылды. Жарыс жолына шыққан 24 команданың әдет­тегідей 16-сы плей-оффқа жолдама алды. Солардың тең жартысы ширек финалда ойнады. Бұл кездесулердің нәтижелері мы­надай: Швейцария – Испания 1:1 (пенальтиден – 1:3), Бельгия – Италия 1:2, Чехия – Дания 1:2 және Украина – Англия 0:4.

Жартылай финалда Италия мен Испания арасындағы матч­та жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти соғу барысында Апен­нин түбегі түлектерінің асығы алшысынан түсті – 4:2. Англия Данияны қосымша уақытта ұтты – 2:1. Лондондағы әйгілі «Уэмбли» стадионында өткен финалдық сайыста италиялықтар мен ағылшындар бір-бірін ала-алмады. Негізгі және қосымша уақыт 1:1 есебімен аяқталды. «Футбол лотореясында» тағы да «Скуадра Адзурра» бағы жанды – 3:2. Сөйтіп, Италия құрамасы өз тарихында екінші рет Еуропа чемпионы атанды.

«Еуро-2020» додасының қо­рытындысы бойынша чемпион­дар командасының 21 жастағы қақпашысы Джанлуиджи Дон­нарумма ең үздік ойыншыға тие­сілі арнайы сыйлықты иеленді. Мергендер көшін португалиялық Криштиану Роналду мен че­хиялық Патрик Шик бастады. Олар қарсыластар қақпасын 5 реттен дәл көздеді. Жастар буыны өкілдері арасында 17 жастағы испаниялық жартылай қорғаушы Педри ең шебер футболшы деп танылды.

Аталған жарысқа қатысу­шылар мынадай мөлшерде сый­ақы алды: Бас жүлде -10 миллион, күміс жүлдегер – 7 миллион, жартылай финал – 5 миллион, ширек финал – 3,25 миллион, 1/8 финал – 2 миллион, топтық турнирдегі әр жеңісі үшін – 1,5 миллион, тең ойнағаны үшін – 750 мың және әр қатысушы командаға – 9,25 миллион еуродан.