«Таза Қазақстан» • 08 Маусым, 2024

Мемлекеттік маңызды іс

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтіп жатқаны белгілі. Жұрт болып жұмыла атқарған іс-шара осы күні шын мәнінде елдік сипат алып үлгерді.

Мемлекеттік маңызды іс

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы оған 1 млн-нан аса адам қатысып, 5 мыңнан астам шара ұйымдастырылыпты. Акцияның аты айтып тұрғандай, оның мақсаты – азаматтарды өз қаласы мен ауылын, ауласын таза ұстап, көшет отырғызуға үндеу. 

«Шын мәнінде, елімізді көгал­дандыру, абаттандыру – үлкен мем­лекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе», деген еді Президент.

Расында, тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыс тұмса табиғатты тұн­шықтырып барады. Бұған зауыт-фаб­ри­калардан шығатын улы химиялық қал­дық суларды қосыңыз. Бұрыш-бұ­рышқа, қуыс-қуысқа көзіңіз түссе, жел­мен желпілдеген целлофандар мен қау­дырлай ұшқан пластмасс құтылар құты­ңызды қашырады. Шыны керек, шылым тұқылының да шашылып жатпай­тын жері жоқ. Аспаннан бұршақ жауғандай ала жаңқа болып жатқанын көреміз. Оған да көбіміз қосқан үлесіміздің бары рас. Қаламыз да, даламыз да қоқысқа кенде емес. Қо­қы­с­­ты қайта өңдеп, кәдеге жаратуды қол­­ға ал­ғанымызға біраз жылдың жүзі бол­ды. Бұл да жеткіліксіздеу түскені рас. Осы ретте «Таза Қазақстан» эколо­гия­­­лық акциясы дер шағында қолға алын­­ған бас­тама екенін айта кеткен жөн.

Расында бұл бірреттік науқан емес, мұны – халықтың экологиялық мәдени санасын қалыптастыратын ұлттық идея деп түсінуге болады. Бұған Президенттің өзі зор маңыз беріп отыр­уы да осыдан болса керек. Өйткені сана тазармай, қала да, дала да тазармасы анық.